Дүниежүзілік банк мәліметінше, әлемде 4 млрд-қа жуық адамның интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ. Ғалымдар бұл проблеманың түйінін тарқату үшін түрлі амал қамдауда. Ал Илон Масктың SpaceX корпорациясы жасанды жерсеріктерді ғарышқа ұшырып, жаһанды кеңжолақты интернетпен қамтымақ.
Америкалық кәсіпкер Илон Масктың компаниясы орбитадағы жерсерік саны бойынша рекорд жасады. SpaceX компаниясы Falcon 9 ракетасы мен 60 жерсерікті орбитаға ұшырды. Былтыр компания 130 жерсерік ұшырған. Ендігіде SpaceX дүниежүзін кеңжолақты интернетпен қамту үшін тағы да жерсерік ұшыруды жоспарлап отыр. Компанияның кей жерсерікпен байланысы үзілген, сондықтан оларды қайтаруды қалап отыр. Ал астрономдар қауымдастығы жерсеріктер аспан денелерін көруге кедергі жасайды деп дабыл қағуда. Сол себепті аталған компания жасанды жерсеріктерді арнайы түске бояған.
Starlink – бұл ғаламшар тұрғындары үшін кеңжолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған келесі буынның жерсерік желісі.
SpaceX ғаламды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ететін болса, әлемдегі интернет байланысы жоқ және қымбат елдердің кәдесіне жарамақ. Мысалы, келешекте Африка елдерінің толығымен интернетке қол жетуі мүмкін. Ол үшін компания 12 мың жерсерікті ғарышқа жіберуі керек. Болжам бойынша 2020 жылдың соңына қарай SpaceX-тің мақсаты орындалады. Әзірге компания Starlink интернет жүйесінің 60 жерсерігінің үшінші партиясын орбитаға шығара алды.
Илон Маск компаниясы өткен жылдың 12 қарашасында Флорида штатында Starlink жобасы аясында 60 жасанды жерсерігі бар Falcon 9 зымыранын ғарышқа ұшырды. Falcon 9 екі бөліктен тұрды. АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан ұшқан зымыран автоматты түрде Атлант мұхитының Оңтүстік Каролина штатына жақын тұсындағы теңіз бетіндегі платформаға өздігінен қонды.
Әдеттегідей Falcon 9 зымыраны жасанды жерсеріктерін 290 километр биіктіктегі Жер орбитасына жеткізді. Инженерлер бәрін бақылауда ұстап, олардың жұмыс істеу жүйесін тексерді. Аталған жоба бойынша бірінші топ 2019 жылдың мамырында, жасанды жерсеріктердің екінші тобы қарашада ғарышқа көтерілді. Үшінші топ биыл 6 қаңтарда Жер орбитасын бетке алды.
Жер шарының әр түкпірін кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етемін деген компания жобасының инвестициясы – 10 миллиард доллар.
Инвестиция құны 10 миллиард долларға бағаланған жоба 2018 жылы ақпан айында жұмысын бастады. Содан бері Falcon 9 көмегімен екі жерсерік орбитаға көтерілді. Барлығы 12 000 жерсерігі орбитаға шығарылады.
Бәрімізге белгілі, SpaceX және NASA компаниясы Crew Dragon ғарыш кемесінің соңғы сынағына дайындалып жатыр. Компания мүшелері кемені іске қосу үшін барынша жағдай жасайды. Cnet порталының хабарлауынша, сынақ Falcon 9 зымыранының жарылысымен аяқталады.
NASA бәрінің жүйелі әрі қалыпты өткенін қалайды. SpaceX компаниясы тосын жайттың бәріне дайын екенін, тіпті зымыран мұхитқа құлаған күнде сынықтарын жинап алуға ниетті екенін білдірді. Неліктен Crew Dragon ғарыш кемесі мұхитқа құлауы мүмкін?
Ғарыш кемесінің толық дайын болуы үшін NASA сынақ күнін ауыстыруға дайын. Өйткені сынақ кезінде Crew Dragon Falcon 9 зымыранынан бөлінеді. Сонда ғарыш кемесінің SuperDraco қозғалтқыштары мұхитқа қауіпсіз қонуы тиіс. Ал сол тұста Falcon 9 ракетасы Атлант мұхитының үстінде жарылуы мүмкін. АҚШ-тың Федералды азаматтық авиация басқармасы сынақтың экологияға тигізер зардабын екшеп отыр. Бақылау сәтті жүрсе, сынақ кезінде Dragon кемесін апаттық эвакуациялау жүйесін түзеді.
Қос алыптың тәжірибесі ғаламға жаңа мүмкіндік бергенімен, қаупі бар. Өйткені ғарыш кемесі зымыраннан бөлінгеннен кейін басқарусыз қалады және жарылады. NASA-да бұл «жоспарланбаған жылдам бөлшектеу» деп аталады. Ғалымдар Falcon 9 аспанда жарылады және отынның қалған бөлігі мұхитты ластамай жанады деп үміттенеді. Ал SpaceX компаниясы зымыран суға құлауы мүмкін екенін болжап отыр. Егер сынақ кезінде зымыран Атлант мұхитында жарылса, SpaceX компаниясы сынықтарды су бетінен жинап алуға ниетті.
Nasa мен SpaceX компаниясы ынтымақтастығы арқасында осыған қызықты тәжірибе жасап, түрлі сынақ өткізді. Олар 2018 жылы АҚШ ғарыш агенттігі SpaceX Falcon 9 зымыран тасығышының көмегімен Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан TESS-ті сәтті іске қосты. Аталған телескоп экзопланет іздеумен айналысады. «Кеплер» NASA-ға үлкен қызмет атқарды. Күн жүйесінен тыс 2 мыңнан астам ғаламшарды тапты. Тәжірибе Falcon 9 зымыранының көмегімен жүзеге асты. Бастапқыда жоспарлағандай, зымыран Атлант мұхитындағы Of Course I Still Love You арнайы платформасына қонды.
Айбике ЖАНАСЫЛ