Биыл «Сарыарқа» және «Достық» метро стансалары іске қосылады
Биыл «Сарыарқа» және «Достық» метро стансалары іске қосылады
328
оқылды

Қолда бар ресурс пен күштің едәуір бөлігі коронавируске қарсы іс-қимылға жұмсалғанына қарамастан 2020 жылы Алматыны дамытудың басым бағыттары бойынша жұмыс тоқтаған жоқ.

Қала шетіндегі инфрақұрылымды жақсарту үшін «Жаңа Алматыны» дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары қабылданды. 200 млрд теңгеге 504 жобаны іске асыру басталды.

«Пандемияның экономикаға тигізген қысымына қарамастан, біз «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамуды жалғастырдық. Өздеріңіз білетіндей, бұл менің түбегейлі таңдауым. Осы бағытта жұмысты жалғастырамын. Әрбір алматылық тұрғылықты жеріне қарамастан тең өмір сүру стандартына ие болуы тиіс», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Биыл «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасады. 40,4 шақырым жаңа жол салынып, 200 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізіп, үш жол айрығының құрылысын жалғастыру және төрт көшені тесу бойынша жобалар жоспарлануда. Сондай-ақ «Сарыарқа» және «Достық» метро стансаларының құрылысын аяқтау және «Қалқаман» стансасының құрылысын жалғастыру көзделуде.   Сарыарқа Инженерлік желілер бойынша бірқатар проблемаларды жүйелі шешу үшін «Ақсай» су жинау стансасы, Наурызбай ауданында коллектор салынады. Бұдан өзге 170 шақырым су құбыры мен 145 шақырым кәріз желілерінің құрылысы жүргізіледі. Дағдарысқа қарсы тиімді шаралардың арқасында инфекцияның кең тарауына, өлім-жітімге тосқауыл қойылып, вакциналаудың басталуына дейін уақытты жеңуге мүмкіндік туды. Алматыда 2021 жылдың ақпанында халықты жаппай вакциналаудың ауқымды науқаны басталды.

«Қала пандемияны лайықты жеңіп келеді. Бүгінгі күні Алматы жасыл аймақта. Бұл біз құрған жүйелер мен қабылдаған шешімдердің тиімділігін көрсетеді», – деді Б. Сағынтаев. Ол COVID-19-ға қарсы басталған вакциналаудың қала өмірін қалпына келтіруге және пандемиядан кейін экономиканы қайта жаңғыртуға оң ықпал ететінін атап өтті.