Бизнес-лобби: зейнетақы жинағына талас басталды ма?
Бизнес-лобби: зейнетақы жинағына талас басталды ма?
160
оқылды

Зейнетақы жинағындағы соманың бір бөлігін баспаналы болуға жұмсағандай, автокөлік тізгіндеу үшін алуға да рұқсат етілуі мүмкін. Бұған қатысты әлі Үкімет тарапынан нақты жауап айтылмады. Бірақ осын­­дай ұсыныс жасалып отыр. Енді осы ретте мұның жағымды және жағымсыз жақтарын талқыға са­лып көргенді жөн санадық. Авто­өн­діріс саласындағы кәсіпкерлер­дің бұл ұсынысы бизнестің лоббиі емес пе? Отандық автокөліктерге жасалып жатқан қамқорлықтың жеткіліксіз болғаны ма?

Ұсыныстың мәні неде?

Әңгіменің басы қайдан шық­қанын айтар болсақ, 16 ақпан күні Astana Motors  басшысы Нұрлан Смағұлов журналистермен кездесу барысында әлгі ұсыныстың шетін шығарған еді. «БЖЗҚ жинағын­дағы қаражатқа баспана ғана емес, қазақстандық автокөлік сатып алу­­ға мүмкіндік беру туралы ұсыныс айтылып жатыр. Әрине, пәтер – ең керек дүниенің бірі. Бірақ қазақ­стан­дықтардың көлігін жаңартуға да мүмкіндік туса, жақ­сы. Машина құрастырушылар мен автокомпа­ния­ларға бұл идея өте қызық болып отыр. Қазақстандық автобизнес қауымдастығы аталған ұсынысты Ин­дустрия және ин­фра­құрылым­дық даму министр­лі­гіне жеткізген еді. Олар болса, өз кезегінде Ұлттық экономика ми­нистр­лігіне бұл бас­та­маны қарас­ты­руға жолдады» деген еді кә­сіпкер. Осы ақпарат таралған соң көп­­шілік арасында талқы басталды. Бірі құптап жатса, енді бірі авто­көліктің жыл өткен сайын құнын жоғал­­­татынын айтып, ұсыныстың пай­да­сы аз екенін айтып жатты. Ұсыныс иесі – Қазақстандық ав­то­­­­­бизнес қауым­­дастығы неліктен мұн­дай бас­таманы қолға алғанын түсіндіріп бақты. Қауымдастық өкілдерінің пікіріне сүйенсек, осы қадам арқылы отандық автоөн­­­дірушілерге едәуір қолдау көр­сетуге болады-мыс. Әрі халыққа да оң әсері мол деп отыр. Яғни, зей­­­­нетақы қаржысы бүгінде отан­дық автокөліктерге 4 пайызбен беріліп жатқан несиеге кетсе, екі жаққа да тиімді деседі. Мысалы, 2015-2020 жылдар аралығында мем­лекет жеңілдетілген авто­не­сиеге 82 мил­­­­­­лиард теңге бөлген. Бұл қара­жат бар болғаны 2 мың өтінімді ғана қа­на­ғаттандырады екен. Ал жыл сайын орта есеппен 7 мыңнан астам тап­­сырыс түседі. Қауым­дастық үлкен сұранысты ескере келе, осы ұсы­­нысты алға тартыпты. «Біз ұсынып отырған шарт­­тардың ішінде қаражаттың жаңа әрі отандық түрлерге ғана берілуі бар. Бұл бағытта сұраныс жоғары. Авто­мобиль жетіспейді. Дамыған елдерде мың адамға шаққанда 500 көлік бар. Ал бізде машина әр отбасында бар деп айта алмаймыз. Инвестиция ретінде қарайтын бол­­сақ, соңғы үш жылда көлік құны өзгерген жоқ де­сек болады. Яғни, салым ретінде қа­рауға кедергі жоқ. Жалпы алғанда, автокөлік байлық белгісі емес, жүріс-тұрыс құралы. Халыққа көлік керек», дейді Қа­­­­зақстандық автобизнес қауым­дас­тығының вице-президенті Анар Мақашева.

Лоббидің исі «аңқып» тұр ма?

Бұл ретте қауымдастық ұсыны­­сының бір шикі тұсы сол – нақты зерттеу яки сараптаманың жүргі­­­­зіл­меуі. Яғни, «әр отбасына – авто­көлік» деген ұран бір кө­рін­генде құлаққа жағымды ес­тіл­генімен, оның ар жа­­ғында эко­номикалық есептің жүр­­­­гізіл­мегенін де назарға алған жөн. Эко­номист Расул Рыс­­­­мамбетов бұл ұсынысты тіпті ақы­­­­мақтыққа теңеп отыр. «Жалпы ал­­ғанда, бұл мә­­­­­­селеге қатысты екі түрлі көз­қа­рас бар: клас­сикалық және қара­пайым. Алғаш­­­қысына сәйкес, жинақты шешіп алу­­­­ға бол­майды әрі зейнетақы қара­­жа­тының кез келген салымы ба­ғасы жа­ғынан өсуі керек. Яғни, бұл мем­­лекеттің кейін зей­­­­нетақы берер кезде шы­ғынға батып қалмауы үшін жа­­­са­лады. Әу баста жинақтаушы зей­­­нетақы жүйесіне өтудегі мақсат сол болатын. Осы ретте айтқым ке­­леті­ні – кейін құнын жоғалтатын пәтер, машина не басқа да дүние­­лерді сатып алу қате. Ал енді қа­рапайым тұрғыдан қарас­­тырғанда, көп­­­­ші­­ліктің мемлекетке де, зей­­­нетақы қо­­­рына да сенбейтінін көре аламыз. Өйткені ол әлсіз құнды қағаз – теңге түрінде жи­нақталады. Ұлттық ва­­люта бүгінде құнын жо­ғалтып жа­тыр. Демек, басқа сенім­дірек, қатты валютада ұстау керек. Халық қазір мемлекет жаратып тас­­тамай тұр­ғанда өздері алып алуға талпынып жатқаны да содан. Ав­­­тоөндірушілер болса, мем­­­лекеттің құрылысшыларды қол­­­дағанын байқады да, пайда көріп қалуға тырысып жатыр. Сон­дықтан жи­­­­нақтағы қаражатқа көлік сатып алу тәуекелге толы ин­вестиция ғана емес, таза ақы­мақтық дер едім, – дейді сарапшы. Әріптесінің бұл пікірімен эко­­но­­­мист Асхат Наметша да келісіп отыр. «Зейнетақы жинағының бір бөлігін жарату туралы ұсыныс жа­салған соң дереу іске кірісіп кетті. Бұл ретте маңыздысы – оның эко­но­­микаға әсерін бағалау. Күллі әлемде зейнет­­ақы жинағы инвес­тициялық қаражат саналады. Яғни, ол ақша эко­­номикаға ба­ғытталып жұмыс істеуі керек. Ал бізде тұр­­мыстық жа­ғына мән беріліп кетті. Алғашқы бо­­лып құ­рылыс ком­­­паниялары «ха­­лыққа үй керек» деді, енді авто­өн­­діру­шілер көлік керегін айтып жа­тыр. Кейін ту­­­­ристік компа­ниялар «ел мен жер көрсін» деп шығуы мүм­­­кін. Жә, баспананы инвестиция деп қарас­­­тыруға болады. Бірақ кө­­лікті актив ретінде қарастыру мүмкін емес. Байқағаным, мұнда эко­­но­­­мик­­­а­лықтан гөрі салалық қызы­­­ғу­шы­­­лық басым», – деп пікір білдірді экономист.

Халықтың хал-ахуалы жақсара ма?

Отандық көліктерге сұраныс жо­­­ғары екенін ескерсек, автоөнді­­­рушілердің «май шелпекте» өмір сүріп жатқанын білдірмей ме? Тіп­ті, бизнес үшін қиын-қыстау ке­зең – пандемияға қарамастан, 2020 жылы автомобиль нарығы ша­­рықтау ше­­­гіне шығып жатты. Мы­салы, ресми дилерлер 92 989 жаңа және ком­мерциялық авто­көлік сатқан. Жалпы сомасы – 972 млрд теңге. Бұл 2019 жылмен салыс­тырғанда 24 пайызға артық. Бұдан бөлек, елімізде былтыр бірнеше жаңа зауыт ашылып, авто­­көліктер өндірісі қолға алын­ды. Со­­лардың бірі – қостанайлық «Са­рыарқаАвтоПром» зауытында құ­растырылатын Chevrolet. Аз уа­қыт­тың ішінде ел бойынша ең жоғары өсім көрсетіп те үлгерген. Осы­лай­ша, Қазақстандағы ең та­ны­мал бренд­тердің біріне ай­налды. Одан басқа, Алматыда – Hyundai, Қа­­­­­рағандыда Yutong шығатынын да айта кету ке­­рек. Жыл қоры­­тын­дысы жасалған ма­териалдардың денінде мұндай көр­сеткішке мем­лекет қол­дауы­ның арқасында қол жеткені тура­лы ай­­­­тылады. Соған қарағанда, расында мемлекеттің қамқорлы­ғын ескерусіз қалдыруға болмай­тын сияқты. Есіңізде болса, пандемия ке­­зінде таксистер саны көбейгені туралы «Таксист болған озар…» де­ген тақы­­рыппен жарық көрген материа­­лымызда жазған едік. Әсіресе, Lada Priora, Daewoo Nexia, Hyundai Accent, Kia Rio, Toyota Camry 40 сынды маши­наларды көр­сек, жүргізушісі таксист болар деп топшылаймыз. Пандемия жы­лында көбі жұ­мыс­сыз қалғанда, жаппай авто­­несие рә­сімдеп, көлік тізгіндеп қалған­дар аз емес. Соның арқасында ары-бері адам тасып, одан қала берді жеткізу қызметін де іске қосып алған. Эко­номист Бауыр­жан Ысқақ аталған ұсынысқа онша қарсы емес екенін айтып отыр. «Бұл ретте бірқатар шарт­­тарды нақтылау керек деп есеп­­теймін. Яғни, белгілі бір шек­теулер қойылып, қолға алынса, отан­дық автоконцерндердің да­­­­­муына мүм­кіндік беретін фактор болар еді. Өскеменде, Қостанайда маши­на құрастыратын зауытта­рымыз бар. Соларға қолдау бо­лады. Әрі шек­теу­дің тағы бір түрі – бес жылға дейін сатылмауы тиіс деген. Өйт­кені алып­са­тар­­лықтың алдын алу қажет. Со­­­ны­мен бірге бизнеске бағыт­талған мақсатта болғаны дұ­рыс. Атап айт­қанда, такси қыз­меті, жүк кө­лік­тері сынды кате­­гориялар қажет. Көп­­шіліктің қы­дыруына емес, ақша та­буына мүмкіндік бер­гені жөн. Со­­ның арқасында халық ай сайын зей­­­нетақы жарна­сын салып отыруға дағдыланады, қызы­ғу­шылық туады. Әрі мемлекетке де­ген сенім де артар еді», – дейді Бауыржан Ысқақ. Бұл ұсы­ныстың қабыл алыну-алынбауы әлі бел­гісіз. Өйткені жауапты мемле­кет­тік ор­гандар тарапынан ресми жауап бе­рілмеді. Алдағы уақытта ақ-қарасы ажыратылып, оң-солы та­­­разыланар. Соған сәйкес шешім де шығар. Бәлкім, зейнетақы жи­нағының жеткілікті шегінен ас­қандардың біразы темір тұлпарды бая­ғыда-ақ алып алған болар.

Жадыра АҚҚАЙЫР