Ақтау улы көлден арылады
Ақтау улы көлден арылады
589
оқылды

Ақтау қаласының іргесінде, әуежайға барар тасжолдың бойында ор­наласқан радиоактивті қалдықтар төгілген «Қошқар ата» улы көлі 55 жыл­дан бері өңірдің экологиялық дертіне айналып келеді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары облыста уран өндірісі өркендеген тұста оны өңдеуден қалған шайынды қалдықтарды төгетін ыңғайлы жер іздегендер үшін ең жақын деген ойпат осы болыпты. Бірақ 1965 жылы бұл маңай кейін 400 мың тұрғыны бар үлкен елді мекенге айналады деп ешкім ойламаса керек. Содан тәуелсіздік алған уақытта өндіріс тұралап қалды да, эко­логиялық апат бой көрсетті. Улы көлдің жиегі кеуіп, айналаға ради­онуклейдтер мен ауыр металдар ұша бастады. Экологтердің дабыл қақ­қаны да осы кезең еді. Мемлекет бұл мәселені 2003 жылдан бастап шын­дап қолға алды. Бірақ рекультивация жұмыстары биылға дейін кейінге ысырылып келген болатын.

Сан жылдар күткен сүйінші жаңалық

Маңғыстау өңірі, соның ішінде ақ мар­жан қала – Ақтау мен оған іргелес жатқан Мұнайлы ауданындағы елді мекендердің тұрғындары мен қонақтары үшін «эко­логиялық бомбаға» айналған «Қошқар ата» улы көлін рекультивациялауды был­тыр-ақ бастап кетудің мүмкіндігі болған екен. Бірақ жеңімпаз компанияның бәсе­ке­лестері сотқа бергендіктен, 2020 жылдың 13 наурызында жасалған келісімшарт алғашқы инстансалардың бірінде күшін жойып, тек биыл Жоғарғы Сотта касса­циялық жолмен қалпына келтіріліпті. Сонымен, алдағы наурыз айында рекуль­тивация жұмыстарының бірінші кезеңі басталғалы тұр. «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан экологиялық мәселе еді. Бұл мәселе әкім ретінде ғана емес, осы өңірдің перзенті ретінде де мені қатты толғандыратын. Тұр­ғындардың денсаулығына қауіп төндірген қойманың мәселесін шешу үшін Үкіметке бірнеше рет ұсыныс білдірдім. Арнайы жасақталған жобамыз Үкіметтен қолдау тапты. Биыл наурыз айынан залалсыз­дан­дыру жұмыстары басталады деп жоспарлап отырмыз. Маңғыстаулықтар үшін аса ма­ңызды түйткілді мәселенің түйінін тарқа­туға қолдау білдірген Үкімет басшысына аймақ жұртшылығы атынан алғысымызды жеткізгім келеді», – дейді облыс әкімі Серікбай Трұмов. Алғашқы кезеңде «Қошқар ата» қал­дық­тар қоймасының 4 279 гектар болатын аумағы 30 сантиметрлік топырақ қабаты­мен жабылмақ. Оны орындайтын жеңімпаз мекеме «Павлодар өзен порты» АҚ жер қыртысының беткі қабатын қырып алып, 16 шақырым жердегі карьерден қиыршық тасты топырақ тасып, осынша аумаққа жайып, жаншитын болады. Рекультивация жұмыстары 15,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қаражат респуб­ликалық бюджеттен үшжылдық траншпен аударылатын болады.

Қыста ішуге, жазда түсуге жарамсыз көл

Ең қауіптісі, «Қошқар ата» қалдық қоймасы Каспий теңізінен 7-8 шақырым және Ақтаудан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал оны  «көл» дейтін себебі кезінде үш зауытың шайынды суы төгілген аумақтан зиянды элементтер ұшпасын деп бетін сумен жауып ұстағанында. Ол кәсіпорындар Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатына қарай­тын Химия гидро-металлургия (ХГМЗ), Күкірт қышқылы (СКЗ) және Пластмасса (ЗПМ) зауыты. Осы үш зауыттан 30 жылдың ішінде мұнда 105 млн тоннадан астам қалдық жиналған. Оның ішінде жиынтық белсендігі 11,2 мың Кюри құрай­тын 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивтік қалдықтар бар. Тасжолмен әрлі-берлі өткен адамға үлкен аумақта су айдыны жарқырап көрініп жатады. Көлдің жалпы аумағы 72 шаршы километр, соның ішінде зиянды қалдықтар 66 шаршы километрде орна­ласқан. «Ойпаттың оңтүстік бөлігінде арнаулы жоба жасақталмастан, 1994 жылға дейін Химиялық гидро-металлургиялық зауыт­тың қатты радиоактивті қалдықтары кө­міліп келген. Ал Күкірт қышқылы зауы­тының өндірістік қалдықтары оңтүстік-шығыс бөлігінде, оның санитарлық аймақ шекарасынан тыс жерде жатыр. Қазір қалдық қоймасының ортасындағы және оның айналасындағы экологиялық жағдай нашар. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданы халқының табиғи ортасы «экологиялық қысымда» екені күмәнсіз. Қазір бұл ай­мақта шамамен 372 мың адам тұрады», – дейді Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы бастығының орынбасары Есенқос Әділбаев. Бұл мәселеге мемлекет 2003 жылы назар аударған болатын. Содан бері «Қошқар ата» улы көлінің экологиялық проблемасын көтеріп жүрген бір адам болса, ол Орынбасар Тоғжанов еді. Сол жылы ол жоғарыда аталған басқармада қызмет еткенінде көл айдынының кеуіп бара жатқанын, ал құрғаған жерлерден ұшатын зиянды қалдықтар сол жердегі тұрғындар үшін өте қауіпті екенін айтып, дабыл қақты. Су жіберілмей қалғандықтан, және табиғи буланудың әсерінен қойма­дағы сұйық фазаның көлемі жылдан-жылға азайып, көлдің жағасы жалаңаштана түскен еді. Мәселен, қоймадағы судың көлемі 1992 жылы 72 шаршы шақырымды құраса, 2000 жылы 22 шаршы шақырымға дейін төмендеген. Осы дабылдан соң көлге қаладан шыққан кәріз-тазалау жүйесінің сүзілген суы жіберілетін болды. Одан кейін зерттеу жұмыстары қолға алынған екен. көл «Қошқар ата» қалдық қоймасының радиоактивті және уытты қалдықтарының шаңдану дәрежесін бағалау үшін 2003-2007 жылдар аралығында Ұлттық ядролық орталығының еншілес «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК, 2006 жылы «Экосервис» ЖШС, 2007 жылы «Волко­вгеология» АҚ ұйымдары ғылыми-зерттеу және мониторинг жұмыстарын өткізді. Одан кейін қалдық қоймасын ішінара залалсыздандыру жұмыстары басталды. 2007-2009 жылдары «Уранликвидрудник» РМК мамандандырылған ұйымы респуб­ликалық бюджет есебінен 394,26 млн теңгеге «Қошқар ата» қалдық қоймасының екі радиациялық қауіпті учаскелерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы ауданы 65 гектар болатын радиация деңгейі жоғары бірнеше учаске жойылды, қалдық қойманың оңтүстік жағалауындағы екі траншеядағы радиоактивті қалдықтар оқшауланды және қалдық қойманың өзіндегі ең белсенді үш дақ жабылды. Соның нәтижесінде осы учаскелердегі экспозициялық дозаның қуаты сағатына 18-20 мкР-ге дейін төмендеді, яғни фондық деңгейіне (сағатына 12-14 мкР) жақындады. Бұл радиологиялық жағдайдың қандай да бір дәрежеде жақсаруына ықпал етті», – дейді экологиялық сарапшы Орынбасар Әбдіұлы.

ДНҚ мен хромосомада ауытқушылық анықталды

Ал 2010-2011 жылдары жұмыстарын жалғастырған «Волковгеология» АҚ өз есебінен IV учаскенің ластанған топырақ­тарын алып, оны ішкерірек апарып көмуді ұсынған. Осылайша, «Қошқар ата» қалдық қоймасының оңтүстік құрғаған бөлігі 30-35 см инертті топырақ қабатымен жабылып, сол маңайға жасыл желек отырғызылған. Одан соң улы көлдің жан-жануарлар мен адамдарға әсері тексеріле бастады. «2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары 2 ба­ғытта зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол жа­қын аумақтағы экожүйеге және тұрғын­дардың денсаулығына экологиялық-гене­тикалық әсерін бағалау жөніндегі жұмыстар еді. Зерттеу нәтижелері санитарлық аймақ ішінде өмір сүретін кеміргіштердің дезо­ксирибонуклеиндік қышқылы мен хромо­сомдарында ауытқушылықтар бар екенін анықтады. Сондай-ақ қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне және генетикалық (тұқымдық) ауруларға мино­рлы генотиптерді тасушылар ұшырауы мүмкін екені де айтылды. Бұл экологиялық проблеманың өте өзекті екенін нақтылай түсті», – дейді Орынбасар Тоғжанов. Осылайша, экологиялық нысан рес­пуб­ликалық меншікке берілетін болып шешім қабылданады. Оған дейін Маң­ғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 2012 жылы 22 мамырда «Қошқар ата» радио­активті қалдықтар қоймасының ие­лері әлдеқашан банкрот болып, жойылып кеткендіктен, оны  иесіз қауіпті қалдықтар деп таныған болатын. Енді 2015 жылы 13 ақпанда осы соттың шешімімен ол респуб­ликалық меншікке берілді. Сол кезеңнен бері оған Энергетика министрлігінің «Жасыл даму» АҚ иелік етіп келеді. Осы рес­публикалық меншікке бергеннің арқасында мұндағы залалсыздандыру жұмыстары экологиялық жағынан да, бюджет бөлу жағынан да кең көлемде қарастырыла бастады. Сонда да болса, келесі айда басталатын рекультивация мәселесі 2017 және 2019 жылдары қолға алынатын болып, екі рет кейінге шегерілген болатын.

Жағымсыз иіс, белгісіз әсер

Улы көлдің қоршаған ортаға, соның ішінде адамдардың денсаулығына зияны барын жасырмай айту керек. Бұл мәселе мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін мойындалмай келді. Әйтсе де, «Қошқар атадан» бөлек, бұрынғы ХГМЗ-ның бір кластері әлі де бар. Ол – тыңайтқыш шығаратын «ҚазАзот» мекемесі. Одан мезгіл-мезгіл ауаға жағымсыз иісі бар, белгісіз қалдықтар шығарылатынын жоққа шығаруға болмайды. Улы көл мен осы улы түтінді мекеменің ортасында Басқұдық, Атамекен, Қаламқас, Маңғыстау 4,5 сынды бірнеше елді мекен орналасқан. «Кей күндері жаңбыр басталар кезде, әлде баяу жел ескенде бір жағымсыз иіс қолқаны қауып, адамның басын ауыртады. Белгісіз бір әсерге түсесің. Ол иісті тек біз емес, Ақтау қаласында тұратындар да сезетінін айтады. Онсыз да табиғаты қолайсыз, ыстық жерден мұндай өндірісті алып тастағандары дұрыс болар еді. Оны біз жұтып жатырмыз. Ақтау мен оның маңында ауру боп туылған балалар көбейіп кетті. Екінің бірінің денсаулығында кінәрат бар. Осының бәрі осы экологияның әсері. Сондықтан Ақтау қаласы мен оның іргесіне экологиялық статус беру керек деп санаймын», – Басқұдық қаласының тұр­ғыны Нұрияш Сәрсенғалиқызы. Оның үстіне, кезінде улы көл жақтан жер беріп, адамдар жаппай үй салып алыпты. Олар да уланбай отыр деп айту қиын. Ал ең қатерлісі, «Қошқар атаның» айналасында мал жайып, оның еті мен сүтін сатқандар да болыпты. «Өкінішке қарай, тұрғындар арасында Қошқар ата көлінің зиянын көре тұра малын жайып жүретіндер бар. Алайда ол жердің шөбі тереңнен зиянды элементтерді өзіне сіңіріп алады. Малдың еті мен сүті арқылы біздің дастарқанымызға келе- ді» – дейді эколог Кирилл Осин. Бәрін айт та, бірін айт, еліміз қанша кең-байтақ болса да, әр өңірдің өзіне тән экологиялық проблемасы табылады. Оның көбі – Кеңес кезінен қалған мұра. Соның бірі – «Қошқар ата» улы көлі. Бұл шын­дығын айтқанда, туристік потенциалын паш етпекке қамданып жатқан Маңғыстау облысы үшін, түптеп келгенде еліміз үшін де әлем алдында бетке салық, туризмге кедергі. Ал бәрінен бұрын халыққа обал. Сондықтан да осы екі мәселенің егіз екенін ескеріп, туризм саласын Экология ми­нистр­лігіне берген де дұрыс-ау. Сонда ғана «қонақтан» ұялған шенеуніктер экология мәселесіне мұқият болар ма еді?..

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ