Боранда жол көрсетіп жүгірген полицейге ел алғыс айтты
Боранда жол көрсетіп жүгірген полицейге ел алғыс айтты
243
оқылды

Видео облыстық Полиция департаментінің Instagram-дағы парақшасында жарияланды.

Кадр сыртындағы жүргізушінің айтуынша, тәртіп сақшысы боранға қарамастан, 10 автокөліктен тұратын автотізбек жолынан адаспай қалаға жетуі үшін аянбай еңбек еткен. Полицей жол көрсетем деп шамамен екі шақырымды жүгіріп өткен.

«Көліктің, автотізбектің алдына шығып, қалаға қалай жету керегін көрсетіп жүрген осындай полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Қатты бораннан жол көрінбейді», – дейді ол.

Көпшілік әлеуметтік желіде видеодағы полицейге алғыс айтты. Ауа райына байланысты облыс аумағында жергілікті полиция қызметкерлері облыстағы жолдарды жапты. Елдімекеннен шығуға тыйым салынды. Полицейлер қар құрсауында қалған көлік жүргізушілеріне көмек көрсетті. 18 ақпанда сағат 17:00-де құрамында Қостанай полиция басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты Әмір Шалғымбаев пен полиция лейтенанты Амантай Байжанов Қостанай қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен күні-түні еңбек етті. Қостанай қаласына Федоровка жақтан кіретін Назарбаев көшесі бойындағы автокөліктерге жол нұсқады.

«Полиция лейтенанты Амантай Байжанов патрульдік көліктен шығып, Назарбаев көшесімен «Қостанай плаза» жаққа қарай бет алған автотізбектің алдына шығып, жүгірген. Жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін автотізбектің соңында белгі беріп патрульдік көлік жүрді» – дейді полицейлер.

Амантай Байжанов бұған дейін де ерлігімен ел ықыласына бөленген. Былтыр сәуірде ол әріптесімен бірге 15 адамды өрттен құтқарған. Ол 2014 жылдың қаңтарынан бері полицей болып қызмет етеді.