Рудныйда 330 миллион теңгенің аттракционы бұзылады
Рудныйда 330 миллион теңгенің аттракционы бұзылады
143
оқылды

Рудный қаласында аса қым­­батқа тұрғызылған әрі жан­жалға басы шатылған алып «шолу дөңгелегі» (колесо обозрения) ақыры бұзы­латын болды. Жергілікті дең­гейдегі бұл жаңалық шы­нында, мемлекеттік дәре­жедегі мәселемен астасып жатыр: ол халықтың арыз-шағымына биліктің уақыты­лы құлақ аспауы неге соқтыра­ты­нын, ел Президенті жария­лаған «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырым­да­масының маңызын паш етеді.

2018 жылдың күзінде Рудный қаласының ортасында «дәу шығыршық» пайда болатынын, оған 330 миллион бюджет қар­жысы шығындалатынын естігенде төбе шашы тік тұрған жұрт бұл жобаға қарсы шық­ты. Халықтың айтуынша, небәрі 115 мың адамы бар, қараң қалған шаһарда биіктен қы­зықтайтын ештеңе жоқ. Жұртшылық осынша қара­жатты әлеуметтік мұқтаждыққа, мы­салы, сырқаттарға аса қажет МРТ сатып алуға, бала­лар ойнайтын ау­ла­ларды жөндеуге, жастарды қолдауға жұмсауды өтінді. Алайда жергілікті билік рудныйлықтарды тыңдамады және ойлағанын іске асырды. Бар қаражат Санкт-Петер­бордағы компанияға ауда­рылған.

Содан 2019 жылғы 1 мамыр ме­рекесінде аттракцион салта­натты түрде ашылды. Алай­да 42 метрге дейін биік көтерілген «Шолу дөңгелегінен» бірден кі­нәрат бары анықталды. Әткеншек тепкен балалар кейде қатты тер­беліп, әуелете көтерілуге тыры­сады ғой. Сол сияқты мына аттрак­ционның әр кабинасы ас­панда жел қуып, өз білігінде шыр ай­на­латыны бейнеленген ви­де­оролик интернет арқылы шетелге тарап, қаланың масқара атағы шықты.

Сондықтан 14 мамырда Тұты­нушылар құқығын қорғау орта­лығы Рудный әкімінің аппараты мен құрылыс бөлімін сотқа беріп, «Шолу дөңгелегін» пайдалануға тосқауыл қоюды талап етті. Сот аттракционды пайдалануға қа­уіпті деп таныды. Апелляциялық сот инстанциясының 2019 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен Рудныйдағы осы құрылғыны қолдануға тыйым салынды.

колесо обозрение1.jpeg

Ізінше осы жоба арқылы 230 миллион теңге ел қаржысы қолды болғаны әшкереленді. Себебі шынында оның ең жоғары құны 100 миллион теңгеден аспаған. Былтырғы қараша айында Қос­танай облыстық соты Рудный қаласының құрылыс бөлімінің жауапты тұлғаларының 230 миллион теңге ұрлағаны және пара бергені туралы қылмыстық істі қарауға кірісті.

«Енді міне, мамандан­дырыл­ған ауданаралық экономикалық сот 2020 жылғы 13 қаңтарда Сол­түстік Қазақстандағы ең ірі ат­трак­ционды демонтаждау туралы түпкілікті шешім шығарды. Судья Марияш Жаналиева сарапшы Сорокиннің қорытындысын на­зар­ға алғанын айтты: «Қорытын­дыға сәйкес, кабиналар модулінің іс жүзіндегі салмағы Рудный қаласындағы үшінші жел ауда­нында қауіпсіз эксплуатациялау үшін қажетті құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес кел­мейді», – деді судья.

Сот ақаулы нысанды күресінге жіберу шығынын мемлекеттік сатып алу келісімі бойынша қа­тысушы болған қалалық құрылыс бөліміне және «Алатаугорстрой» ЖШС-не жүктеді. Сондай-ақ судья «Шолу дөңгелегіне» тендер өткізуге және салуға жол берген облыс әкімі мен Қостанай облы­сы­ның прокурорына екі жеке ұйғарым шығарды.