Қараөткелдегі тіл дауы
Қараөткелдегі тіл дауы
170
оқылды

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры емес». Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында орыс сыныптарын ашу туралы мәселе көтерілген. Алғашқыда ауыл ара­сындағы сыбыр сөз­ден басталған тартыс аудан әкімдігінен бастап об­лыстық Білім басқармасына, одан кейін Білім және ғылым министр­лігіне дейін жеткен. Он сегіз мыңнан астам халық тұратын бұл ауылдың негізгі бөлігі – қа­зақтар. Қалған өзге ұлт өкілдерінің саны шамамен 2 пайызға жетпейді. Олар­дың өзі сауатын қазақ тілінде ашып, қазақ мектебін бітірген. Даулы мәселе ауыл халқын жік-жікке бөліп, өзара дау-дамай туғызған. Тіпті, әлеу­меттік желі­лерде де желдей есіп, мәселе төңірегінде түр­лі ойлар айтылған. Орыс сынып­тарын ашу туралы мәселе көтергендер «Ауылда мектеп тұрып, бала­ларымызды неге жібе­реміз? Орыс сыныптарын неге ашпайды?» дегенге сая­ды. Атал­ған мәселе бойынша ауыл тұрғындары редакцияға хабар­ласты. Мән-жайды анықтамақ болып, жағдайды зерттеп көр­дік.

Ауылда екі мектеп бар. Екеуінде де білім мемлекеттік тілде беріледі.  Алғаш рет ауылда орыс сыныптарын ашу туралы мәселе сонау 2013-2014 жылдары көтеріліпті. Дәл осы тұста елордада ауылға жақын тұстан №69 жаңа орта мектеп ашылып, ауылдағы орыстілді балалар осы мектепке жіберілген. Ал жақында бұл мектепте де бала саны көбейіп, мектеп бас­шы­лығы қараөткелдік балаларды өз ауыл­дарын­да оқыту туралы ұсыныс жасаған. Ұрым­тал тұсты мүлт жібермеуге тырысса ке­рек, ауылдағы жергі­лікті қауымдастық өкіл­дері дәл осы тұста орыс тіліндегі сынып­тарды ашу жайын тағы көтерген. Бұл жергі­лікті халықтың нара­зылығын туғызып, тіпті жергілікті сала басшылары мен халық қалау­лыларына дейін қысым көрсетілгенге ұқсай­ды. Даудың тым тереңдеп ушығып кетпесі үшін қазір түсіндіру жұмыстары қолға алына бастаған. «Ауылда орыс сыныптарын ашу туралы мәселені жақында жергілікті қауымдастық­тағы екі-үш әйел тағы көтерді. Олар аталған мәселені қозғап, Білім және ғылым ми­нистр­лігіне дейін барыпты. Заңға сәйкес, өтініштер түссе, мектепте орыс сыныптары ашылуы тиіс. Орыстілді балалар астанада №69 орта мектепте білім алуда. Қазір шамамен екі жүз бала орыс тілінде оқиды. Қараөткелдіктердің сол мектепке беруінің маңызды бірнеше себептері бар. Біріншіден, елордада мектеп-гимназия болғандықтан халықтың ұғымында білім сапасы жоғарырақ болады деген түсінік қалып­тасқан. Екіншіден, мектептің авто­бусы­мен балалар білім ордасына тасымал­данады. Үшіншіден, №69 мектепте қара­өткел­дік балаларға тегін ыстық тамақ ұйым­дас­тырылады. Төртін­шіден, ауылда жалпыға міндетті оқуға 19 мың теңге бөлінсе, қала мектебінде 42 мың теңгеден бөлінеді. Міне, осындай себептерге байланысты ауылдықтар балаларын қалаға оқытып жатыр», – дейді Қараөткел ауылынан Целиноград аудандық мәсли­хатының депутаты Нұрғали Тоқабаев. Ауыл тұрғындарын екіге жарған мәселенің төркінін №2 мектеп дирек­торынан да білмек болдық. Ауыл арасында мектеп директорын да орнынан тайдыру керек деген сыбыс шыққан көрінеді. Мұны директордың өзі де бір-екі адамнан естігенін айтады. «Қараөткел ауылында екі мектеп те таза қазақ тілінде. №1 орта мектепте 812, ал біздің №2 орта мектепте 1 400 бала оқиды. Заңға сәйкес, өтініш түскен жағдайда орыс сыныптарын ашуға тиіспіз. Біздің ауылдан жалпы саны 644 бала елордадағы №69 орта мектепте оқиды. Олардың тек екі жүзі ғана орыс тілінде білім алады. №69 орта мектеп басшылығы мектепте орын санының аза­юына байланысты бізден қараөткелдік бала­ларды өзімізде оқытуға ұсыныс жасады. Біз қазақ тілінде оқытылатын 444 баланы қабыл­дауға дайынбыз. Ауылда аталған мәселе төңірегінде түрлі наразылықтар болып жат­қаны рас. Бәрі заң аясында қарастырылып, шешілгені жөн болады деген ойдамын. Сондықтан халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр» – дейді Қараөткел  ауылдық №2 орта мектебінің директоры Ислам Боянұлы. №69 орта мектеп 1 200 орынға шақ­тап салынған. Ал қазір 3 200 бала білім алып жатыр. Келер жылы бала саны бұдан да ар­тып, үш ауысымда оқу мәселесі туындауы мүмкін. «Қара­өткелден мұнда екі жүз бала орыс сы­нып­тарында оқиды. Дегенмен егер балалар осын­­да оқуын жалғастырғысы келсе, біз еш қар­сылық жасамаймыз. Оларды ешкім қуып жат­қан жоқ. Мектепте мұғалімдер жетеді. Екі авто­бусымыз бар. Қараөткелдік балаларды осы автобустармен тасымал­даймыз. Қара­өткел ауылының №2 мектебіне тек мектепте бала санының өскеніне байланысты ұсыныс жасадық», – дейді №69 орта мектептің дирек­торы Марс Сапарұлы. Халық арасында шу тудырған мәселе жөнінде 17 ақпан  күні аудандық және облыстық білім саласы басшыларының қатысуымен жиын өткізілген. Жиынның қандай мәселелер қарап, нендей шешім қабылдағанын білу мақсатында облыстық Білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповпен тілдестік. «Аталған мәселе осыған дейін де көте­ріл­ген. Ауылға барып, халықпен емен-жарқын сөйлесіп, жағдайды толықтай түсіндірдік. Қазіргі уақытта  №69 орта мектепте оқитын 644 баланың екі жүзі ғана орыс тілінде білім алады. Оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің саны – 38 бала. Қалғаны –өзіміздің қаракөздер. Қараөткел ауылындағы №2 орта мектеп 1 200 орынға шақталған. Қазір 1 385 бала оқып жатыр. Ал екі ауысымда 2 400 оқушы қа­былдай алады. Егер ауылдағы ата-аналар тарапынан орыс тілінде оқытуға өтініштер түссе, онда біз заңға сәйкес әркімнің оларды қабылдап, 1 сынып ашуымыз керек. Қазақ­стан Респуб­ликасының заңына сәйкес әркімнің орта және арнаулы білімді қай тілде алғысы келсе де құқығы бар. Әрине, барлығы заң аясында қарас­тырылып, шешілуі тиіс. Мектепте бар­лық жағдай жасалған. Бала­ларды қабылдауға әзір, – дейді облыстық Бі­лім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов. Бастама көтерген жергілікті қауымдас­тықтың өкілдері облысты қойып, Білім және ғылым министрлігіне хат жазған. Хатқа вице-министр Шолпан Каринова жауап берген. Министрліктің жолдаған ресми хатында заңға сәйкес 2021-2022 жылдары бастауыш сыныптарда орыс тілінде оқытатын сынып­тарды ашу мәселесі қарастырылатынын мәлімдеген. Ауылдағы ағайынның өзара тартысына себеп болған орыс тіліндегі сыныптарды мект­епте ашу мәселесін көтерген қауымдас­тық өкілдерімен де тілдестік. Олар өз мәселе­леріне жауап берілгенін, енді басқа жайларды көтеруге бел буғандарын жеткізді. Ал жергілікті Қараөткел ауылының әкімі бұл жағдайдың қозғалғанын, бірақ ресми ұсы­ныс түспегенін айтады. «Бізге ресми ешқандай хат түскен жоқ. Бәрі тек сөз жүзінде болып жатыр», – дейді Қараөткел ауылдық округінің әкімі Саят Қаханов. Сонымен, білім ордасындағы түйінді мәселе осылай болып тұр. Жауапты органдар егер өтініш берілсе, алғашқы қыркүйектен бастап 1 сыныпты ашатынын жеткізді. Қалай болатынын алдағы уақыт көрсете жатар...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы