Футзалдан «Қайрат» әлемде үздік клубтардың бірі саналса, футболдан әйелдер арасында «БИІК-Қазығұрттың» орны бөлек. Бұл да аяқдоптағы жарқын жетістіктеріміздің бірі.
2009 жылы құрылған «Биік-Қазығұрт» – Қазақстанның 16 дүркін чемпионы, Қазақстан кубогын 10 рет жеңген азулы команда. Еуропаның клубтар арасындағы рейтингісінде 14-орынға жайғасқан. Яғни, әлемнің 15 үздік клубының қатарына кіреді. Бұл жетістікке отандық команда жыл сайынғы Чемпиондар лигасындағы сәтті ойындарының арқасында қол жеткізді. Еліміздегі танымал футбол клубы жас футболшыларды тәрбиелеуде де көп жұмыс атқарып келеді. Үздік жаттығу базасымен де ерекшеленіп, спорттық инфрақұрылымы бойынша көпке үлгі болуда. Содан да болар, жыл сайын чемпионатта қарсылас шақ келтірмей, Еуропаның клубтарымен де терезесі тең ойын көрсетіп жүр. Соңғы жылдары еурокубоктық ойындарда жоғары нәтижеге қол жеткізген «БИІК-Қазығұрт» биыл іріктеу кезеңіне қатыспай, Чемпиондар лигасын бірден 1/16 финалдан бастады. Бұл кезеңде украиналық «Жилстрой-2» клубын екі ойын қорытындысы бойынша (1:0, 1:2) жарыс жолынан шығарған шымкенттік команданың қыздарын алда үлкен сынақ күтіп тұр. Жақында әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды. Турнирдің аталған сатысында Шымкенттің «БИІК-Қазығұрт» командасына Германияның «Бавариясы» қарсылас атанды. Неміс футболшылары бұл сынның 1/8 финалында Нидерландтың «Аяксын» екі ойын қорытындысы бойынша 6:1 есебімен сүріндірді. Қарсыластың қаншалықты қарымды екенін осы ойынына қарап-ақ бағамдай беруге болады. Алғашқы кездесу нарыздың 3-4 аралығында Қазақстанда өтеді. Ал қарымта матч 10 немесе 11 наурыз күні Германияда өтетін болды. «Баварияның» осы кезеңде бір жыл бұрын «БИІК-Қазығұртты» екі ойын қорытындысы бойынша ірі есеппен жеңгені бар. Бұл жолы да қыздарымыз намысқа тырысып көреді. Тым болмағанда өз алаңында жеңіске жете алса, оның өзі қазақстандық клуб үшін үлкен жетістік болмақ. Бірақ атағы алысқа кеткен немістің қыздарын жеңу кім-кімге де оңайға түспесі анық. Әйгілі «Барселонаның» өзін алғашқы ойында 3:1 есебімен жеңген жерлестеріміз, қайсарлық танытып қос ойын нәтижесі бойынша «Бавариядан» айласын асырар болса, қазақстандық клуб өз тарихында бірінші рет ширек финалға жолдама алады. Алайда оған сенетіндер қатары аз. Спорт журналисі Мадияр Қазыбек те қарсылас команданың «оңай шағыла қояр жаңғақ емесін» айтып қалды. «Биіктің» сырт алаң тұрмақ, өз алаңында гол соғуының өзі қиын болатынын да жасырмады. – Шабысы бөлек командамыз осы жылы тағы да әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Әрине, бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Қыздарымыздың еуропаның алпауыт командаларымен бірге ойнап жүргені Қазақстанның атын да әлемге әйгілейді. Бірақ осы жылы командамыздың ойынына көңілім толыңқырамады. Мүмкін, карантиннің де әсері болған шығар. 1/16-да Украиналық клубтың өзін үлкен қиындықпен жеңді. Осы жолы немістің «Бавариясы» қарсылас атанды. Олардың жолы өткен жылы да біздің қыздармен түйіскен еді. Нәтижесінде, ірі есеппен жеңді. Әлемдік рейтингте жоғарғы орында тұрған «Бавария» біраз жетістікке жеткен команда. Тарихы да терең клуб. Сондықтан бұл сында командамыздың келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар деп айта алмаймын, – дейді Мадияр Қазыбек. Жалпы, Қазақстан чемпионы аталған турнирдің 1/8 финалында үш рет өнер көрсетіп, ел футболының тарихына енді. Мұның өзі жетістік. Қыздарымыз 2016/17 жылғы кезеңде Францияның ПСЖ командасына, 2017/2018 жылғы кезеңде «Лион» командасына, 2019/20 жылғы кезеңде биылғы қарсыласы «Баварияға» жол берді. Әзірге Колеян Петков жаттықтыратын шымкенттік клуб үшін кәрі құрлықтағы ең беделді турнирлердің бірі Чемпиондар лигасының 1/4 финалы бағынбайтын белес болып тұр. Төртінші ұмтылыста төбемізді көкке жеткізіп жатса, қанеки. Бәлкім, бұл жолы жолымыз болар. Сәттілік жолдас болсын дейміз. Қалай дегенмен де, ел мерейін әлемдік аренада асқақтатып жүрген «Биіктің» шығар биігі алда.Абылайхан ЖҰМАШ