Биыл музыканың атасы – Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығы. Осыған орай, «Астана Опера» әлемдік балет премьерасын көрсетеді. «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» атты көрсетілім 14-15 қаңтарда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Қоюшы режиссері – белгілі неміс хореографы Раймондо Ребек. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, дирижері – Абзал Мұхитдин, бас хормейстер – Ержан Даутов.
Раймондо Ребекті өнер әлеміне алып келген Бетховен екен. Себебі ол композитордың өмірі мен шығармашылығына бала кезінен сүйсініп өскен.
Қоюшы режиссердің айтуынша, ол Бетховеннің өмір жолы мен оның тағдыр тауқыметін ашуға тырысқан. Онда да бүкіл өмірбаянын тізбей, қызықты да қызғылықты сәттерін теріп алған. Оның ішінде Бетховеннің балалық шағы, отбасы, кішкентайынан алған білімі бар. Пианист ретінде бастаған ол, кейін композитор ретінде елге танымал болған. Оған қоса, сырқатына қарамастан әуенге деген құштарлығы баяндалады. Соған қарамастан композитор 600-ден астам шығарма жазған. Бетховеннің ақсүйектермен байланысын, сол ортадағы алар орнын бейнелейді.
– Әртіс ретінде өзімді елең еткен нәрсе – оның саңырау бола тұра композитор болуы. Меніңше бұл, көзі көрмейтін хореограф секілді. Соған қарамастан оның бойында шабыт пен махаббат сезімін жоғалтпаған, – дейді ол.
Ал балеттің аяғы композитордың табиғатын ашатын 9 симфониясымен тамамдалады. Фортепиано пернетақтасы секілді сахнада ұстамды қара мен ақ реңнен тұратын болады. Тіпті, актерлердің өздері соған түстес киінеді. Қоюшы режиссер айтқандай, «Осы балетті 10 жылдан кейін көрсе де заманауилығын жоғалтпайды». Себебі композитордың шығармасы жасқа да, уақытқа да бөлінбейді.
– Өзім көрерменнің қиялын одан ары шарықтатып, ойландырғанды ұнатамын. Жұмыс барысында ұстанатын бірінші ережем – эстетика және тарих. Әртістердің қимылдары осы балеттің мәнін түсінуге жағдай туғызуы керек. Олардың міндеті – көрерменге эмоцияны көрсету, сезімін жеткізу. Ал дуэттер бір адам ретінде үндестікпен жұмыс істеуі тиіс, – деді Раймондо Ребек.
Бұл оның «Астана Опера» труппасындағы екінші тәжірибесі. Сондықтан өзара түсінушілік те, қойылған талаптар да толығымен орындалуда. Осы жолғы балеттің артықшылығы, негізінен классикалық балет элементтерімен бірге заманауи хореографияда қолданылады.