Қазақстан әлеуметтік мемлекет пе?
Қазақстан әлеуметтік мемлекет пе?
1,344
оқылды

Бұл сұраққа ойланбастан «Иә» деп жауап беруге болар еді. Өйткені Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Рес­пуб­ликасы өзін демократия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жа­зыл­ған. Ата заңдағы «әлеу­мет­тік» деген анықтама эко­номиканың дамуына тұсау сал­май ма?

Тақырыпты тарқатпас бұрын мәселенің мәнін аша кетейік. Әлеуметтік мемлекет – бар бай­лығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкін­дік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қол­дауға арнайтын мемлекет.

 

ХАЛЫҚТЫ ХАЛЫҚ АСЫРАП ОТЫР

2020 жылғы республикалық бюд­жеттің жартысына жуығы әлеу­меттік салаға жұмсалады. Биыл шамамен бюджеттің 46 па­йызы, яғни 6 трлн теңгеден астам ақша тұрмысы нашар халықты асырауға бөлінеді. Жоспар бо­йынша 2022 жылға таман бұл көрсеткіш 54 пайызға жетпек. Салыстыра қарасақ, социализм бағытын темірқазықтай ұстаным еткен Совет Одағының өзі ең бір дүркіреген шағында әлеуметтік салаға жалпы шығыстарының тек 30 пайызын арнаған екен. Ал енді мына айырмашылыққа назар аударыңыз: ғылымға деп қарас­тырған қаржымыз көзге су тамыз­ғандай ғана, ЖІӨ-нің небәрі 1 пайызын төңіректейді.

 

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕМДЕГІ ӘЛЕГІ

Алайда біз өзімізді келмеске кеткен қызыл империямен емес, социализм моделін сәтті пайда­ланып отырған Еуропа жұртымен салыстыруымыз керек.

Мәселен, Швеция билігі жыл сайын азаматтарын әлеуметтік қорғауға ЖІӨ-нің шамамен 40 па­йызын жұмсайды. Әртүрлі жәр­­демақылар, тегін орта және жоғары білім, тегін медицина, 20 жасқа дейінгі ел тұрғындарына ақысыз стоматологиялық көмек, дәрі-дәрмек шығындарын мем­лекет есебінен өтеу сынды игі­ліктер – шведтер үшін қалыпты жағдай. Бізге олармен деңгейлесу асқаралы арман сияқты. Шве­цияда 6 баласы бар отбасының орташа жалақысы 3 мың евродан аспаса, мемлекет ай сайын 1 мың евродан астам ақша төлейді. Бас­қа да жеңілдіктері тағы бар. Ха­лық 0 пайыз ставкамен несие ала алады. Ал ипотека став­касы – ми­нус 1,25 пайыз. Ең тө­мен­гі зей­нетақы мөлшері – 800 евро, 16 жас­қа толғанға дейінгі бала­лар­ға берілетін ай сайынғы жәр­дема­қы – айына 114 евро, ал көп­ба­лалы адамдарға ай сайын қосым­ша 400 евро төленеді.

Осы арада ұтылатын тұсымыз айқын аңғарылады. Себебі Қа­зақ­станның мемлекеттік бюдже­тінің кірісі Скандинавия елдеріне қа­рағанда 2 есе төмен. Сәйке­сін­ше, мемлекет әлеуметтік сала­ға 4-5 есе, білім беруге 2 есе, ден­саулық сақ­тауға 3,5 есе аз қаражат қарас­ты­рады. Демек, мұндай со­циа­лизм құруға біздің экономика дайын емес.

Сарапшылардың пікірінше, Швеция секілді әлеуметтік жәр­демақылар төлеу үшін еңбекке жарамды халық тура сол шведтер секілді жұмыс істеуге тиіс. Әйт­песе, бәрі бекер. Қазақстандағы еңбек өнімділігі олармен салыс­тырғанда 4-5 есе төмен. Тіпті, қазақтың сиырлары да шведтің сиырынан 4 есе аз сүт береді екен.


Қазақстан әлеуметтік про­гресс рейтингінде 69-орынға жайға­сыпты. 2019 жылы бұл тізімде 90,95 балл көрсет­кішпен Норвегия көш бастаған. Үздік үштікке Дания (90,09 балл) мен Швейцария да (89,89 балл) кі­ріпті. Алғашқы ондыққа Фин­ляндия, Швеция, Исландия, Жа­ңа Зеландия, Гер­мания, Ка­на­да мен Жапония енген.


Әрине, Скандинавия елдерін сыпыра мақтап, ең тиімді нұсқа ретінде ұсынудан аулақпыз. Мақсатымыз – ой салу ғана. Әр мемлекет өз ыңғайына қарай ше­шеді. Дамыған әлемнің тәжіри­бесіне үңілсек, мінсіз әлеуметтік мемлекеттің әмбебап фoрмулacы жoққа тән. Мысалы, AҚШ-тa тұр­мысы нашар азаматтарға жәр­дем­десудің ауыр салмағы мемле­кетпен қaтaр жеке cектoрдың мойнына жүктеледі. Aл Coлтүcтік Еурoпaдa материалдық қoлдaу мемлекет қазынасына түсетін caлық көле­міне тікелей байла­нысты. Былай­ша айтқанда, аз қамтылған отба­cыларды халық­тың өзі аcырайды деген cөз. Бірақ бізде шикізат бар. Мұнайдан құ­йылған табыстың өзі әлеуметтік көмек көрсетуге толық жеткілікті.

 

ҚАЛАЙ ТӨҢКЕРСЕК ТЕ 69-ОРЫН

The Social Progress Imperative ұйымы мен халықаралық Deloitte компаниясының дерегіне сүйен­сек, Қазақстан әлеуметтік про­гресс рейтингінде 69-орынға жай­ға­сыпты. 2019 жылы бұл тізімде 90,95 балл көрсеткішпен Норвегия көш бастаған. Үздік үштікке Дания (90,09 балл) мен Швейцария да (89,89 балл) кі­ріпті. Алғашқы ондыққа Фин­ляндия, Швеция, Исландия, Жа­ңа Зелан­дия, Гер­мания, Ка­на­да мен Жа­пония енген. Қазақ­станның әлеуметтік саладағы ар­тықшылығы – халық­тың та­мақ­тануы, медициналық көмек пен базалық білім алуы, ауызсу мен санитария қызметте­ріне, баспанаға, ақпарат пен ком­му­никацияға қол жеткізу мүм­кіндігі. Ал мүгедек жандарға қо­ғам­ның өзге мүшелерімен тең мүмкіндік беру, жоғары білімнің қолже­тімділігі, қоршаған орта сапасы, жеке құқық, денсаулық пен әл-ауқат сияқты компоненттер бо­йынша ең төмен нәтиже көрсет­кен. Байқасаңыздар, рейтингте жаңағы Скандинавия елдері мен әлеуметтік саланы басым бағытқа айналдырған мемлекеттердің аты озып тұр.

 

ТҮЙІН:

Сонымен, Қазақстан әлеу­меттік мемлекет пе? «Иә» деуге де, «Жоқ» деуге де болады. «Иә» дейтініміз: Ел Үкіметі әлеуметтік салаға жыл сайын триллиондаған теңге ақша бөледі. Бұл жерде «триллион» сөзінің ма­ғынасына ерекше бойлауымыз керек. 1 трил­­лион дегеніміз – миллиардты мыңға көбейткенде шығатын сан. Бұл – шын мәнінде орасан сома. Ал «Жоқ» дейтініміз: Халықты жәрде­мақылармен жарылқап тастадық деуге әлі ерте, біз мы­сал­ға келтірген әлеуметтік мем­лекет моделіне жете қойған жоқпыз.

Дегенмен 28 жылда атқарыл­ған жұмыстардың нәтижесі көңіл көн­шітпесе, оның бір ғана себебі бар, ол – экономикалық әлеует. Бірте-бірте бұл іс те жөнделер. Әй­теуір, бюджеттен бөлінген трил­­­лиондаған қаражат тиісті ми­нис­трліктер мен әкімдіктердің қо­лы­на бүтін тиіп, мекенжайын адас­пай тауып барса деген тілек бар.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ