Оңтүстікте күн жылып, мұз ери бастады. Дәл осы кезде Сырдарияда сең қозғалып, таудан ағар қарғын су қатер төндіруі ықтимал. Егер өзен арнасын сең сөге қалса, апатты ауыздықтауға жауапты мамандар тас түйін дайын отыр.
«ҚазСуШар» РМК Қызылорда облыстық филиалы мәліметі бойынша, Сырдарияға секундына 300-ге жуық текше метр су келіп жатыр. Жаңақорған ауданында 7 ақпаннан бері мұз жүру процесі басталса, қазір Шиелі ауданында да сең қозғалысы байқалады. Облыс бойынша Сырдария өзеніндегі мұздың орташа қалыңдығы 20-50 см аралығында. Жауапты мамандар Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша елді мекендерді су басу қаупін болдырмау іс-шаралары бекітілгенін жеткізді. Қауіпті учаскелерге қажетті жабдықтар мен техникалар да жіберілген. Су шаруашылығы нысандарын пайдалану ережесіне сәйкес «Қызылорда», «Қазалы», «Ақлақ» су тораптарының барлық қақпақтары ашық және транзиттік режимге көшкен. Су тораптарында тәулік бойы филиалдың диспетчерлері жұмыс істеп, олар сағат сайын ақпарат жеткізіп отыр. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, дариядағы су жағдайы су қоймаларына байланысты. Оның ішінде бірінші кезекте тікелей әсер ететін ең үлкен су қоймасы – «Тоқтағұл». Жалпы сыйымдылығы 19,5 млрд текше метр болатын қоймада қазір 10,1 млрд текше метр су бар. Өткен жылы 13,1 млрд текше метр болыпты. Ал «Әйтек» су торабындағы жөндеу жұмыстарына сәйкес Қараөзек арнасына 150 текше метрге дейін су жіберілетін көрінеді. Биыл су былтырғыдай жиналған жоқ. Оған жауын-шашынның, қар суының аздығы әсер етуі мүмкін. Әдетінше қырғыз ағайындар жаз айларында «Тоқтағұлға» су жинап, қыс айларында энергия өндіруге пайдаланады. Қазір ол жақтан су көп келіп жатыр. Ертең күн жылып, энергияға сұраныс аз болғаннан кейін олар суды азайтып, қысқы энергетикалық режим үшін су жинауды қайта бастайды. Сондықтан жаз айларында олар су жіберіп тұру үшін біздің Үкімет оларға энергия өндіруге қажетті тауарларды босатуға келісім жүргізіп жатыр. – Біз үшін өткір мәселе – «Қайраққұмнан» «Шардараға» дейінгі аралықта дариядан судың көп алынып жатқаны. Өзбек ағайындар мақталық алқаптарын шайып жатыр. Оның үстіне, осы аумақтарда жауын-шашын және қардың еруімен табиғи түрде қосылатын су жылғалары да азайған. Болжам бойынша осы кезеңде «Шардараға» секундына 900-950 текше метр су түседі деп есептелсе, қазір 450-500 текше метр ғана. Сондықтан келген суды бірінші кезекте «Шардара» мен «Көксарайға» жинап жатырмыз. Сәуірге дейін екі су қоймасында 7-7,2 млрд текше метр көлемінде су жинақтап, биылғы егінге пайдаланамыз деген жоспар бар, – дейді инспекция басшысы. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халық алдындағы есепті кездесуінде биыл «Қараөзек» және «Күмікеткен» су қоймаларының жобалау құжаттамалары аяқталған соң құрылыс басталатынын айтқан еді. Ал «Қызылорда» мен «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту және Жалағаш ауданындағы дренаж-суару жүйесін жетілдіру жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ Сырдария өзені арқылы түсетін судың 70%-ке жуығы қыс айларында келетіні ескеріліп, сол суды тиімді жинау үшін қоймалар салу жоспарланып отыр. Қыста арнасынан тасып жұртты әбігерге салатын Сырдариядағы мол суды нақ керек маусымда, яғни егінге қажет кезде жеткізе алмаймыз. Мәселен, былтыр су тапшылығын сезінген диқандар биыл тағы да күріш егістігінің көлемін 5,1 мың гектарға азайтпақ. Енді олар су мөлшерін аз қажет ететін дәнді дақылдардың басқа түріне басымдық беруге талпынып отыр. Негізі, Сыр өлкесіндегі су тапшылығының байқалғанына үш жылдың көлемі болды. Егін, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болған соң суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқсуды көп қажет ететініміз белгілі. Оның үстіне, экологиялық қажеттіліктер бар. Жауапты мамандардың айтуынша, Қызылорда облысына Сырдария арнасынан жылына 5,4 млрд текше метр су беріледі. Оның ішінде коммуналдық өндіріске 45 млн текше метр, егін шаруашылығына – 4,174 млрд текше метр, суаруға – 4,159, балық шаруашылығына 10 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ экологиялық қажеттіліктерге орай жылына 1,2 млрд текше метр су алынатын көрінеді. Бұл дария табанында және шағын өзендер мен көлдерге құйылып тұратын су көлемі. Осы су лимитінің ішінде егін шаруашылығына қажетті су мөлшері жылдан-жылға азайып бара жатқаны Сыр диқандарын алаңдатып отыр. Өйткені осы су мөлшеріне қарай егістік көлемі алдын ала жоспарланады. Өткен жылы да жан-жақтағы Шардара, Көксарай, Тоқтағұл, Әндіжан су қоймаларындағы жинақталған су көлемі 2019 жылмен салыстырғанда төмен екені айтылды. Су тапшылығына байланысты былтыр облыс бойынша 7 100 гектар егіс алқабы қысқаруы тиіс еді. Алайда бұл талап шаруашылықтар тарапынан дұрыс орындалмады. Жер ананың берген несібесі болса керек, күйген егіс көлемі аса көп емес, егін бітік шықты. Бірақ жаз бойғы су тапшылығы сала мамандарын да, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді де әуреге салғаны рас. Соңғы жылдары қалыптасып жүрген ахуалға байланысты күрішшілер өзара келісім бойынша кезектесіп суару әдісін қолданып келеді. Осылайша, ауызбіршілік пен азаматтықтың арқасында барлық аудан егіс алқаптарын сақтап қалуға тырысты. Дей тұрғанмен, нақ шілденің кезінде дария суы шамадан тыс тартылып, өзен табаны көрініп қалды. Білуімізше, көрші елдерден 2-3 млрд текше метр қосымша су қоры сұратылды, мәселеге министрлік те араласты. Алайда біз күткен су көлемі келмеді. Кей жерлерге сусорғы құрылғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Диқандар жоқтан бар жасап, егінді күнге күйдіріп алмай, ысырапсыз жиып алды. Осы жазда су тапшылығы тағы байқалады деген болжам бар. Сол себепті егіс көлемін азайту секілді бірқатар шектеу талабы енгізіліп, Сыр салысын егуді 5 мың гектар жерге азайту ұсынылды. Негізінде, егіндік жер алқаптары шөл және шөлейт аймақтарда орналасқандықтан, ғалымдар күріш экологиялық дақыл екенін жан-жақты түсіндіруде. Демек, егін егілмей жер құрғап қалса, жер тұзданып, сортаңдану қаупі де жоқ емес. Сондықтан мамандар инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалу үшін су мәселесін реттеу керегін айтып дабыл қағып жатыр. Өйткені Сырдарияның жазда тартылуы егінге ғана емес, елге де зардабы тиюі мүмкін. Судың жайына алаңдаған жұрттың пікірі осыған саяды.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы