Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа театрдың ұжымын қабылдап, кездесу өткізеді. Бұл ақпаратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан. Хабарламада: «Түркістанда бой көтерген жаңа театрда Азамат Сатыбалды, Хамит Шаңғалиев, Данияр Базарқұлов, Әсем Шарифуллина, Әйгерім Бозщина сияқты елімізге белгілі өнер жұлдыздары еңбек етеді» делінген.
Бұл ақпаратты Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратты. Ақпаратта жаңа театрдың шығармашылық ұжымын таныстырып отыр. Ал YouTube каналына Райымбек Сейтметовтің төл шәкірттері видео жариялап, онда театрды балалар театрына айналдырмақ екенін айтып, әлеуметтік желіде үндеу жолдаған еді. Олар: «Түркістан қалалық сазды драма театрын Райымбек Сейтметов атында қалдыруларыңызды сұранамыз» деп отыр. Ал облыстық әкімдіктің хабарламасында аты аталған актер, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалдыға қоңырау шалғанымызда, ол өзінің жауабын Instagram парақшасына жазғанын айтты. «Менің оған алып қосарым жоқ. Түркістан облыстық театрына да қатысым жоқ», – деді. Ол Instagram парақшасында: «Мені Түркістан театрына директор болып барады деген өсекке бергісіз сөз желдей есіп жатыр екен. Ниет, көңілдеріңізге рақмет! Қазір тұрып жатқан әсем қалам Алматы мен жұмыс орным қатты ұнайды. Мен Ғ.Мүсірепов театрының басшысымын және М.Әуезов театрының актерімін. Актер үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Тек осы бақыттың баянды болғанын тілеймін. Ал менің атымды жамылып, дауды өршіткісі келетін әріптестеріме айтарым... «Айдаладағы адамның атын қалқан қылып ұстамасаңыздар екен»... Ең болмаса, бір адам телефон шалып, менен сұраған жоқ, менің де аузымнан ол жаққа директор болып барамын деген сөз шыққан жоқ. Құдай куә. Демек, бәрі өтірік! «Жүйелі сөз жүйесін тапса, жүйесіз сөз иесін қабады» дегенді ұмытпасақ екен. Рақмет!» делінген. Осы мәселеге байланысты Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына хабарласқан едік. Басқарма басшылығы бұл мәселеге жауапты қалалық Мәдениет басқармасы екенін айтып, жауабын шолақ қайырды. Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне қоңырау шалғанымызда, олар облыстық театрға облыстық әкімдік жауапты екенін жеткізді. Министр Ақтоты Райымқұлованың кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев Facebook парақшасында: «Көп таланттар астананы армандайды, мүмкіндігі мол мегаполистерді мекендейді, елге танылуға жағдай жасалатын жерлерді төңіректейді. Алайда туған жерге туын тігіп, өз өлкесін өркендетуге барын, жанын салған талантты да, текті тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Түркістан музыкалық драма театрының негізін салған, актер, режиссер, талай шәкірттерді тәрбиелеп шығарған ұстаз Райымбек Сейтметов. Райымбек Ноғайбайұлының Түркістанда театр ашуы сол кездегі жағдаймен қарағанда, «жоқтан бар жасаумен» тең тірлік, әсілі ерлік еді. Оның іргетасынан бастап өзі қалап, көрермені көп өнер ордасына айналдырған Райымбек Сейтметовтің ерен еңбегін ел біледі. Жақында облыс орталығы болған Түркістан шаһарына жаңадан театр салынды. БАҚ өкілдері мен Райымбек Сейтметовтің шәкірттері сол су жаңа ғимаратқа ұстазының атын беріп, оған ескі театрды көшіруді сұрап, әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап жатыр. Иә, көрермендері мен шәкірттері айтқандай, түркі жұртының рухани астанасы болған Түркістанға руханияттың ордасын салып, қалыптастырып, аяққа тұрғызған Райымбек Ноғайбайұлымен ешкім таласпауы керек. Бірақ бұл – облыстық театр. Ал облыстық деңгейдегі театрға басшыны тағайындауды тек сол облыс әкімдігінде, ал бір адамның атын беру мәселесі алдымен сол жергілікті мәслихатта қаралады» деп жазады. Бізді қызықтырғаны – театрдың директорын тағайындау емес, актерлердің құрамы. О бастағы әкімдіктің ақпаратында «еңбек етеді» деп айтылған актерлер аяқастынан неге айнып кетті? Жастар театры актерлері жарыса жазып жатқан «кастинг» мәселесі де неге аяқасты сап тыйылды? Хабарламада: «Театрдың актерлік құрамы әлі толығады. 1 ақпаннан бастап кастинг жарияланып, жаңа театрдың әртістік құрамы жасақталмақ. Түркістан қалалық сазды-драма театры сахна саңлақтарының басын қосқан қара шаңыраққа айналмақ» делінген еді. Жаңа театрдың шығармашылық ұжымы қалыптасқаны дұрыс-ақ делік. Оған Райымбек Сейтметов театрының ұжымын апаруға не кедергі? Райымбек Ноғайбайұлының төл шәкірттерін де, оқырманды да толғандырып отырған сауал – осы. Ал жауапты делінген Түркістан қалалық Мәдениет басқармасына қоңырау шалғанымызбен, жауап ала алмадық.Айым БЕКТҰР