«Өлетініміз анық» – ғасырдан астам тарихы бар Айдабол зауыты жұмысын тоқтатты
«Өлетініміз анық» – ғасырдан астам тарихы бар Айдабол зауыты жұмысын тоқтатты
240
оқылды

Екі жүзден астам жұмысшы енді екі қолға бір күрек таппай қалған. Ал ауыл асыраушысынан айырылған жетімнің күйін кешкендей жағдайда қалды. Өйткені, күні бүгінге дейін зауыт балабақша, мектеп, дәрігерлік амбулатория, дәріхана және пошта сияқты әлеуметтік маңызды нысандарды жылумен және сумен қамтамасыз етіп келген.

Сонымен қоса ауылдағы ағайынның жем-шөбі мен мал бордақылайтын быламығына дейін кәсіпорынның мойнында болған. Бастапқыда кәсіпорынды «тек қыркүйек айына дейін жабамыз» дегенді айтқан. Алайда, зауыт жұмысшылары мен ауыл халқы оны енді келмеске кетті деп есептейді. Мәселенің мәнісін біз де зерттеп көрмек болдық...   зауыт Зауыт облыс орталығы – Көкшетаудан 80 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда 1057 адам тұрып жатыр. Кәсіпорында жұмыс істейтін екі жүзден астам адамның барлығы да осы ауылдың тұрғыны. Зауыттың моншасында жұмысшылар мен ауыл тұрғындарынан бөлек көршілес Красилов селосының тұрғындары да тегін шомылады. Қыс болса ауылдың жолдарын қардан аршып, жаз бойы ауылды мал азығымен тегін қамтамасыз ететін кәсіпорынның игілігін көрген тұрғындар енді қайтерін білмей дал. Соңғы кездері ауылға жастар да келіп тұрақтай бастаған. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланған бірқатары несие алып, ірі-қара мал сатып алған. Ал, тегін жем-шөппен қамтыған кәсіпорынның тоқтауы олардың да кәсіптерінің тұралауына ықпал етпек. Жарты жыл бойы жұмыссыз қалатынын естіген жұмысшылар жағдайларын жыламсырап тұрып баяндады. - Мен осы зауытта 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Менің ата-бабаларым да осы ауылда өмір бойы қызмет еткен. Әкем, атам тіпті арғы аталарым, жалпы төрт-бес ұрпақ осында өніп-өсті десем қателеспеймін. Кәсіпорын мұндай уақытта осындай ұзақ мерзімге ешқашан тоқтап көрмеген. Халықты алаңдатып отырғаны, ешқандай нақты ақпарат жоқ. Біз жарты жыл бойы қалай өмір сүретінімізді білмейміз. Жалақының 50 пайызын төлеуге уәде берді. Ал жұмысшылардың көпшілігінің жалақысы 50-60 мың теңге ғана. Жартысы күнкөрістің ең төменгі мөлшеріне де жетпейді, – дейді зертхана меңгерушісі Валерий Щукарев. Ауылдағы қарапайым тұрғындар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысы тоқтап қала ма деп қауіптенеді. Тіпті, кәсіпорын жұмыс істемесе ауылдағы зейнет жасындағы қариялардың үйден шықпай ажал құшуы да мүмкіндігін айтып дабыл қақты.

«Бізге ауылымызды осындай ауыр жағдайға жеткізгені түсініксіз. Біз зейнеткерлер зауыт жұмысы тоқтаса өлетініміз анық. Өйткені, кәсіпорын жабылса, ауылдағы аурухана мен мектеп жабылады. Ал қыста жол ашылмаса, біз ешқайда шыға да алмай қаламыз.  Біз үйімізде қынадай қырылуымыз кәдік», – дейді зейнеткер, ауыл тұрғыны Александра Яковец.

Мұнымен қоса ауыл адамдары жұмыссыз қалса, қайда барып күнкөретінін де білмейді. Баспанасыз әрі жұмыссыз қалаға қалай барамыз дейді олар.    width= «Қалаға барсақ қайда жұмыс істейміз? Онда тұру үшін пәтер жалдауымыз керек. Ал қазір жалға алып тұрудың өзі кемінде 60-70 мың теңгені құрайды. Пандемияның салдарынан қалалықтардың өздері жұмыс таба алмай қиналып жүр. Ал оның үстіне біз барсақ не болмақ?» – дейді зауыт жұмысшысы Лариса Васильева. Тұрғындар тіпті жұмысынан айырылса, күнкөріс қиындап, несиелерін қалай төлейтінін білмей дал. Жалақысы 25 мың теңге жұмысшылар оның тіпті несиені төлеуге де жетпейтінін айтады.

«Зауыт күзге дейін тоқтайды дейді. Ал күзге дейін біз қалай күн көреміз? Елу процентін берсе менің тіпті несиемді де жабуға жетпейді. Ал несиемді жаппаса, менің жағдайыма қарап жатқан жоқ қой банкирлер. Олар алады да мені жабады да тастайды.  Үйімді алады. Жалғыз үйім. Мен қайда барамын?», – дейді зауыт жұмысшысы Қымбат Жұмабаева.

Ауыл адамдары зауыт тоқтаса ауылдың мүлде құрып кететінін айтады. Өйткені, барлық маңызды нысандардың жұмысына кәсіпорын тікелей көмегін берген. Зауыт тоқтаса су болмайды, жол тазаланбайды, аурухана жабылады, жылу болмайды, ел мал ұстай алмай қалады дейді олар. Ауылдағы дәрігерлік амбулатория меңгерушісі де зауыттың жабылуынан мекеменің де жабылатыны анық болатынын айтады. «Жылу мен суды біз осы спирт зауытынан алып отырмыз. Біз жылы жерде отырмыз. Зеренді ауданындағы бір де бір амбулаторияда біздегідей жайлы жағдай жоқ.  Бізге келгенде бәрі де таңғалады. «Сендерде қалай жып-жылы, су бар», – дейді. Аурухананың ең негізгі нысанның бірі екенін білесіздер. Жұрт мұнда түрлі процедуралар алып, дәрі егу үшін келеді. Оған қоса біздің жедел жәрдем көлігі де осы зауыттың жылытылатын гаражында тұрады, –дейді Айдабол дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Татьяна Шляйгер. Зауыттың жұмысының тоқтауына аудан әкімдігі де алаңдаушылық білдірді. Өйткені, үлкен әлеуметтік мәселелерге кәсіпорын қашан да қолдау көрсетіп келген. «Зауыт жеті ай бойы консервацияда болмақ. Одан арғы тағдыры да беймәлім болып тұр.  Біз де осы мәселеге қатты алаңдап отырмыз. Біздің мұндағы барлық әлеуметтік нысандарымыз тұралап қалатыны кәдік. Өйткені, барлық әлеуметтік сала – клуб, балабақша, шағын орталық, аурухана барлығы кәсіпорынның арқасында жұмыс істеп тұр. Жылу, су барлығы осы зауыттан. Зауыт орналасқан жерден бес жүзге тарта адам осы суды пайдаланып келеді. Мұнда тегін жұмыс істейтін монша да бар. Онда айдаболдықтар ғана емес, жақын тұратын Красиловка ауылының тұрғындары да келіп шомылады, –дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина. Зауыттың жұмысының тоқтауы жаңадан кәсіп ашқан кәсіпкерлердің де шаруасының шатқаяқтауына әсер етпек. Жақында ауылға келген жастар мал басын көбейтуді қолға алған. Олар мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен алған несиелерін де қайтара алмайтынын айтады. «Қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпшілік көп мөлшерде несиелер алды. Мал басын көбейтті. Олар тек кәсіпорын есебінен ғана малды бағып отыр. Тек Айдаболдың өзінде ғана 570 бас ірі қара мал бар. Ал осындағы шаруашылықтарды қоса алсақ, 4 мыңнан астам мал басы бар. Сонда біз осыншама ет пен сүттен айырылмақпыз. Біздің өңірде барлық шаруа қожалықтарында біздегідей ешқайда сүт бермейді, – дейді «Надежда-2017»  СПК төрайымы Любовь Бугаева. Ал зауыт директоры кәсіпорынның жұмысының тоқтауына бірнеше себеп болғандығын айтады.  Басқарушы «Глобал Девержис» компаниясының ұйғарымымен зауыт жұмысын тоқтатуға шешім қабылданған. «Алғашқыда елімізде 4 спирт зауыты болса, қазір сегіз кәсіпорын жұмыс істейді. Біздің спирт басқаларына қарағанда бағасы қымбат. Сондықтан да бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Біздің зауыт мазут отынымен жұмыс істейді. 1997 жылы біз мазутқа көшкенде оның бағасы тоннасына 3-4 мың теңге болатын. Қазір біз оны АИ-92 жанармайымен бірдей бағада сатып аламыз. Біз қолданатын астық шикізатының бағасы да қымбат. Екі жылдың ішінде 55 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтерілді. Сәйкесінше, шикізат пен отын бағасы қымбаттаған сайын, өндірілген өнімнің де бағасын көтеруге мәжбүр боласың. Зауыт 2019 жылы да тоқтаған. Бізде өнімдерді сатуда өте үлкен мәселелер туындады. «Гранд Приал Ботлерс» зауытын украиналық «Хортица» компаниялар тобы сатып алды. Олармен келіссөздер жүргіздік. Бізге компания басшысы да келді.  Өнімдерге дегустация жасап, дәмін татып көрді. Жұмыс істейміз деп шешім қабылдады. 2020 жылдың 28 қазанында тауарды жеткізуге келісімшарт жасалған. Іске қосып, спиртті сынап көріп, сапасы өте жақсы екенін айтты. Бірақ желтоқсан айында бәрі тоқтап қалды. Мен өзім мән-жайды білу үшін хабарласып, тауарды неге алмай жатқанын сұрадым. Олар тауарды Омбыдан алатындарын, онда бағасының әлдеқайда арзан екенін айтты. Біз тауарымызды сата алмай қалдық, – дейді Айдабол спирт зауытының директоры Петр Ольферт. Зауыт басшысы облыс және Республика басшылығынан кәсіпорынға көмек берілуін өтінеді. «Кәсіпорын облыс аумағында орналасқанына қарамастан спирттік өнімдер көршілес Ресейден тасымалданады. Бізбен неге жұмыс істемейді? Мұның бәрі салық және бюджетке түсетін түсім емес пе? Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты ғой. Сондай-ақ мазут бағасын да тұрақтандыруды сұраймыз. 1997 жылға дейін біз көмірмен жұмыс істедік. Ол қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізетін. Зауыттан өте көп мөлшерде зиянды қалдықтар шығаратын. Қазір оның бірі жоқ. Ал мазуттың бағасы өте қымбат», – дейді зауыт директоры.

Зауыт басшысының айтуынша, қыс аяқталғанға дейін ауылда жылу және су жұмыс істей береді. Барлық жылу қазандықтары мен басқа да құрылғылардың барлығы сақталады. Сонымен қатар зауыт директоры өзіне зауыттың қыркүйек айында мүмкін одан да ертерек қайта жұмыс істейтініне уәде берілгенін жеткізді. Біз алдағы уақытта да жағдайдың қалай өрбитінін бақылауға алмақпыз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы