Шымкентте тарихи орындар бүлініп жатыр
Шымкентте тарихи орындар бүлініп жатыр
481
оқылды

Шымкент қаласында ипподром­ның орнына салынғалы жатқан көп­қабатты үйлер туралы мәселе кейінгі  екі айда қызу талқыға түсіп, 19 ақ­пан­­да өткен  қоғамдық тыңдау соң­ғы нүктесін қойғандай болды. Бұл дау қоғамдық пікір білдірушілер арасын­да сәл де болса саябырсығанымен, Шымкент қаласында тағы бір мәсе­ленің  ұшқыны көрінді. 2200 жылдық тарихы бар шаһарда археологиялық орындар, тарихи жәдігерлер көп. Алайда аумағы кеңейіп, зәулім ғима­раттар бой көтеріп жат­қан алып ша­һар­да осынау байлықтар жергілікті биліктің назарынан тыс қалып, күн­нен-күнге құрдымға кетіп бара жа­тыр.

Тарихи ескерткіштерді аяқасты етуде

Ә.Марғұлан атындағы Археология инсти­тутының бас директоры, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Бауыр­жан Байтанаев Шымкент қаласындағы тарихи ескерткіштерді сақтау бойынша проблеманың көп екенін айтып, дабыл қағады.  «Шымкент халқы бүгінде 1 мил­лион болды, жері кеңейді. Қазіргі көлемі Алматыдан да үлкен. Бұрын тарихи орындарды құжаттандыру деген болатын. Осыны тез арада қолға алмаса болмайды. Қазір ондағы тарихи ескерткіштердің ахуалын, көне дәуірде қандай қалалар болғанын, олардың орнын Мәдениет басқармасы не әкімдік білмейді. Мәселен, 2200  жылдық тарихы бар Шымкент пен Сайрам (көне Исфиджаб)  арасында көптеген елді мекен болған. Жоба бойынша 5 қаланың  орны бар. Исфиджабтан бөлек Алтынтөбе, Қаратөбе, Ниязбек, Жылан­бұзған, Тақиятөбе және одан басқа да көне елді мекендер бар. Ал осынша халық шоғырланған жерде көптеген мүрденің де болатыны заңды. Мысалы, фосфор зауы­ты­ның маңындағы Қаратөбе қалашығы қазір түбірімен  жойылып кетті. Оған ешкім жауап берген де жоқ.  Одан соң Қайтпас елді мекенінде екі қалашық бола­тын. Екеуі де жойылды.  Жыланбұзғанның, Ниязбектің де ізі қалмады.  Бекжан базары­ның артында зират бар. Ол көне қаланың үстінде түр. Ал қорғау аймағы базардың ішіне кіріп кеткен», – дейді ғалым. Осы сөзіне қарағанда, жергілікті билік қаланың бас жоспарын жасар кезде кез келген құрылыс барысында архе­ологтармен кеңе­суі керек. Республикалық маңызы бар қа­ла­лардың Мәдениет бас­қармасына қа­расты тарихи, мәдени мұраларды қор­ғайтын, бақылайтын арнайы бөлімі болуға тиіс. Ол заңмен бекітілген. Алайда  заң нормаларын бұзу өңірде қалыпты құ­былысқа айналып бара жатқан сыңайлы. Бірқатар келеңсіздікті көзімен көрген ғалым бұл мәселеге да назар аудартып отыр.  «Мәселен, былтыр қала сыртындағы елді мекенге барғанымда төбешіктің жартысын техникамен айдап тастағанын көрдім. Жергілікті билік «Тұран» шағын­ауданын бас жоспарға енгізгенде біздің мамандар қорғау аумағын көрсеткен бола­тын. Алайда қазір ол аумақ­тың да жойылып кету қаупі бар. Шымкентте билік пен археологтардың арасында бай­ланыс жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, арнайы маман болмаса тарихи-мәдени орындар осылай жойылып кете береді», – дейді профессор. Бауыржан Әбішұлының ай­туынша, Шымкент қала­сының тарихи-мәдени орындарына билік тарапынан бұ­рында да, кейін де көңіл бөліну өте нашар деңгейде. Иә, Шымкент қаласының іргесінен бой түзеген «Тұран» шағынауданында көпқабатты бірнеше үй бой көтеріп жатыр. Пайдалануға берілгендері де көп. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағдар­лама­сы аясында салынып жатқан құрылыс­тың маңында көнеден келе жатқан қала­шық бар. Өкініш­ке қарай, сол төбешік болып тұрған қала­шықтың топырағы құрылыс материал­дарына пайдаланылып жатыр. Демек, таяу күндері көнеден жет­кен тағы бір архе­ология­лық ескерткіш­імізден айырылғалы тұрмыз.

Жыртқыштық деп баға берді

Жуырда өңіріміздің тарихи орын­дарына, табиғи байлықтарына  жанашыр­лық танытып жүретін бір топ қоғам белсендісі осынау аумақта болып жатқан жағдайды көріп,  бүтін тұрған ескерткішті бұзып алып жатқандарды вандализмнен де сорақы жыртқыштық әрекет деп баға берді. Олардың бірі Сейдалы Дүйсебайұлы қазіргі қала басшылығының тарихи-мәдени ескерткіштерге деген ұстанымына көңілі толмайтынын жеткізді. «Бұл археологиялық ескерткіш мемлекет қорғауына алынған тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген. Тізімде нысанның атауы жоқ, тек «Елді мекен» (Поселенеие) деп жазылыпты. Маңына құрылыс түспей тұрып айналасы егістік болған. Сонау 2 мың жылдық уақыт сүзгісінен, одан кейінгі ой мен қырды түгел жыртып егіс еккен кеңестік дәуірден аман жетуінің бір себебі де сол – адам мен мал­дың аяғына тұсау салған егістік болар мүм­кін. Мегаполис болғалы егістік алқап Шым­кентке өткесін «мәдениетті» қала­лық­тардың мекеніне айналып, мынау ес­керткіш те талауға түсіп отыр емес пе? Ес­керт­кіштің шығыс және оңтүстік-шы­ғыс жағының топырағы қазылып алынған. Топырақ алынған жағынан ірілі-ұсақты сүйектер мен керамика бұйымдарының сынықтары көзге көрінеді. Табылған құмыра тектес зат сынықтарына қарағанда, ыдыстарға бояу не ою-өрнек пайда­ланылмағаны байқалды. Демек, бұл төбені мекен еткен адамдар деректерде көрсе­тілген ҮІІІ-Х ғасырлардан бұрын өмір сүрген секілді. Яғни, сәулетші Б.Әшір­баевтың І-ІҮ ғасырларға нұсқаған дерегінің жаны бар деп ойлаймыз», – дейді ол. Сей­далы Дүйсебайұлы көне ескерткіштің қазір осындағы зәулім үйлер құрылысына топы­рақ карьері болғанына өкінеді. Шымкент

7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Ал Түркістан облысы Мәдениет басқар­масына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» мекемесінің бөлім меңгерушісі Бақытжан Сабаев дәл бұлай кете берсе, Шымкент тарихи маңызы бар археологиялық ескерткіштерінен тү­гел­дей айырылады деп алаңдайды. «2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғанда қалада бір ғана цита­дельден басқа ешнәрсе салынған жоқ,  цитадель базасында Сайрам және тағы басқа тарихи нысандарды қосып қорық-мұражай құру қажет», – дейді ол. Тұран шағынауданындағы тарихи-мәдени ескерткіш – VIII-X ғасырлардағы атауы жоқ елді мекен. Жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген, орта­ғасыр­лардан сақталып келе жатқан ескерткіш қазір жойылып барады. Ұлы Жібек Жо­лының бойында  Исфиджаб пен Шымкент­тің ортасында орналасқан елді мекен уақытында үлкен сауда орталығы, керуен­дер тоқтап демалатын жай немесе бекініс қызметін атқарған болуы мүмкін. Сәулетші Бақытжан Әшірбаев аталған нысанды I-IV ғасырларға жатқызады.  Аумағы 1 гектар, биіктігі 5-10 метр (кезінде 10-15 метр), қорғанмен қоршалған, айналасында ор іздері, батыс жағында диаметрі 8-10 метр мұнара не қорған орны байқалады. Қазір бұл ескерткіштің жартысы ғана қалған. Тракторлар мен экскаваторлар аяусыз қопарып, қазып, топырағын жаңадан бой көтеріп жатқан үйлердің құрылысына пайдаланып отыр. Қала әкімдігі, құрылыс компаниялары және басқа уәкілетті органдар неге бұған көз жұма қарайды?! Бұған дейін де бірнеше нысандардан айырылдық» деп жанайқайын білдірді Бақытжан Сабаев. Мәдени мұраларды қалпына келтіру маманы бұдан бөлек, мұндай заңсыздыққа жол бергендерді еліміздің заң талаптарына сай қатаң жазалау мүмкін екенін де айтып өтті. Яғни, 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VI Қазақстан заңында республикалық қор­ғауға алынған тарихи-мәдени ескерт­кіштерін сақтауға жергілікті атқарушы органдар жауапты екені көрсетілген. Бұл заң бұзушылық Қылмыстық кодекстің 203-бабы бойынша қылмыстық   әрекет деп танылмақ. Тарих, мәдениет ескерткіштерін, тарихи кешендерді және мемлекет қорғауға алған нысандарды, ерекше ғылыми, көркемдік құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойып  немесе бүлдіргендер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі екен.

Тұрандағы ескерткіш  қоқыс болып көрінген бе?

Өкінішке қарай, Шымкент қаласының билігі мұны заңсыздық деп бағалап отырған жоқ. Тіпті, Тұран шағынауданындағы археологиялық орын туралы әзірге бейхабар,  әуелі нақты деректер керек дейді қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова.  Сонымен бірге, мәдени мұраларды қорғауға бекітілген арнайы бөлімнің де, маманның да жоқ екенін жасырмады. Ал мәдени-тарихи орын­дар­дың тізімі де, күтімі де Шымкент қала­сының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының құзырында екен. Осы тұста бізге жергілікті билік архе­ологиялық қазбаны инфрақұрылымдық қазбамен шатыстырып алған ба деген ой келді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы сіздің мәдени мұра­ңыз­ды,  тарихи ескерткішіңізді, архе­ологиялық қазба байлығыңызды қайтсін?! Атал­ған басқарманың басты жұ­мысы қала­ны тазарту, гүлдендіру, күл-қо­қы­с­ыңыз­ды арылту емес пе? Ендеше, олар үшін Тұрандағы ескерткіш бар болғаны тек  тө­бешік, қоқыс болып көрінеді де... Алайда Ханзада Әзімханқызы тарихи-мәдени орындар бойынша жиындар өткізіп,  сарапшылар шақырып, қала аумағындағы көне орындарды түгендеп жатқанын айтып жұбатқандай болды. «Топографиялық түсірілімдерді нөмір­лерімен түгелдей жинақтап қала әкіміне кірмекпіз. Ол жұмысты Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқармасынан өзімізге алу ойда бар», – деді ол. Десек те, жергілікті биліктің басты назарды индустрия мен экономикаға   аударып, одан да құнды жәдігерлерімізді қасқырға қой бақтырғандай қоқыс тазалайтын мекемеге сілтеп қоя салуына жол болсын. Ата-бабадан қалған аманатқа қиянат дегеніміз осы емес пе?!

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы