Ұрылар балаларды байлап тастап, үйді тонаған
Ұрылар балаларды байлап тастап, үйді тонаған
181
оқылды
Алматыда полиция қызметкері қылмыс орнынан қашып бара жатқан ұрыларды  ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Наурызбай ауданында екі қаскүнем үйде ересек адамдардың жоғын пайдаланып, кәмелет жасына толмаған балаларды байлап тастап, құнды заттарды ұрлап, қашып кетпек болған. бірақ олардың жоспарын сол маңнан өтіп бара жатқан полиция қызметкері бұзған.
– Таңертең үй иелері мен олардың үлкен қызы жұмысқа кеткен кезде екі қаскүнем бөтен үйге кірген. Үйдің ішінде кішкентай балалар болған. Бейтаныс адамдарды көріп, балалар жылай бастаған, сол кезде “шақырылмаған қонақтар” оларды байлап тастау туралы шешім қабылдаған. Дәл осы уақытта Алматы қаласының ПД қызметкері үйіне қайтып келе жатқан, ол сол көшенің жоғарғы жағында тұрады. Үйден шығып бара жатқан күдіктілерді байқаған полицей көршілерінің үйінен таң атпастан кетіп бара жатқан “қонақтардың” кім екендігін білгісі келген. Домофонға ешкім жауап бермегендіктен, полиция қызметкері тұрғын үйдің ашық тұрған есігінен кіріп, байланған әрі қорқып отырған балаларды көрген. Балаларды  босатқан полиция қызметкері күдіктілердің ізіне түскен. Олар 40-45 жас шамасындағы екі ер адам болған. Полиция қызметкері ұрылар түскен үйдің көршісінің көлігіне отырып, қылмыскерлерді қуған. Бірнеше минут ішінде олар қарақшылар мінген көлікті басып озған. Олардың жолын бөгеген кезде таксидегі екі адам секіріп түсіп, қаша жөнелген. Полицей олардың біреуін ұстап үлгерді, – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Тергеу барысында қаскүнемдердің бірі бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған және оның сыбайласына қатысты ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлігі (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
– Полицей қаскүнемдерді қызметтен тыс уақытта тоқтатты, ол тіпті бұл фактіні байқамай қалуы да мүмкін еді, бірақ ол өзінің қызметтік және азаматтық борышын орындады. Мұндай батылдық  назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ біз полицейлер атынан жәбірленушілердің көршісіне де алғыс айтамыз, ол өз көлігімен полиция қызметкерімен бірге күдіктілердің ізіне түсті. Айтпақшы, екінші күдікті де ұсталды,  – деді ол.