Елордада әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің тұңғыш рет қазақ тіліне аударылған «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер мырза, ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, қарымды қаламгер Баянғали Әлімжанов, балалар ақыны Серікбол Хасан, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деп атап өткен болатын. 2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланғандығы да белгілі. Осы мақсатта «Фолиант» баспасы қазіргі ұрпақтың психологиясына тән, тәлім-тәрбиелік маңызы бар сапалы туындыларды басып шығаруды, әлемдік әдебиетте орны бар келелі шығармаларды аударуды қолға алып отыр.
Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының аудармашысы Мира Сембайқызы шығарманы толық аударуға үш айдай уақыт кеткенін айтты. «Аударып болғаннан кейін де редакциядан өткізіп, тағы да қайта-қайта оқып, әбден тексердік. Балалар оқығанда түсініксіз ұғымдар, қиын сөйлемдер кездесіп қалмасын деп сөйлемдерді барынша жеңіл тілмен беруге тырыстым», – деп атап өтті Мира Сембайқызы.
Мира Сембайқызы балаларға арналған шығарма аударасың дегенде қуанғандығын, балалар әдебиеті жанына жақын екенін де айтады. «Көп балалалы ана болғандықтан өзім де балаларыма арналған қазақша кітаптар іздеп интернет-дүкендерді ақтарып отыратынмын. Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің «Пиппи Ұзыншұлық» шығармасын аудару мен үшін үлкен тәжірибе, қызықты жұмыс болды. Қазақ тіліндегі балалар шығармасына тағы бір кітаптың қосылатыны және оған себепкер болуым мен үшін үлкен жетістік. Өзім де балаларға арнап шығармалар жазып жүргендіктен, әрі Пиппидің оқиғалары жеңіл, ойнақы болғандықтан аударма барысында айтарлықтай қиындықтар болмады. Редактормен «Pippi есімін Пеппи, әлде Пиппи деп аламыз ба?» деп біраз талқыға салып, ақыры дұрыс оқылуына сүйеніп, Пиппи деп алдық. Басқа тілдерге аударылғанда да Pippi деп алған», – деді Мира Сембайқызы.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» туындысының қазақ тіліне аударылуы баспаның балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі болмақ.
Астрид Линдгрен, ЮНЭСКО ұйымының мәліметі бойынша, әлемнің ең көп аударылатын жиырма авторы арасында 18-орында, бұл тізімде Линдгрен Федор Достоевский, ертегі патшасы Ганс Христиан Андерсендермен қатар тұр. Кітаптары әлемнің барлық балаларының балалық шағының айрылмас бір бөлігіне айналған Линдгрен әдебиет алаңында ғана емес, Швецияда қоғамдық пікір көшбасшысы, елінің белсенді журналисі болды.
76 жыл бұрын жарық көрген «Ұзыншұлық Пиппи» соғыстан кейінгі шведтік балалар үшін бостандық, өмірге деген сүйіспеншілік символына айналды. Линдгрен балаларға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтату мен оларға деген құрмет сезімін қалыптастыру қажеттілігін қоғамға жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Барлық кітаптарынан «еркін тәрбиелеу шекараның немесе ата-анаға деген құрметтің жоқтығын білдірмейді, бұл ата-ананың балаға деген құрметін білдіреді», «Балаңызға шың көңілмен мән беріңіз», «Балаңызды қолдаңыз», «Балаңызды тыңдауды үйреніңіз», «Балаңызбен ойнаңыз», «Балаңызбен сөйлесіңіз» және ең бастысы «Балаңызға қол көтермеңіз» деген идеяны байқаймыз.
Линдгрен – балалар әдебиетінде әлемге балалар көзімен қараған алғаш жазушы. Ол балаларды әдебиет субъектісі ретінде қарастырып, жеке тұлға ретінде бағалай білді.
2005 жылы ЮНЕСКО әлемде ең көп аударылатын кітаптар тізімін жариялады. Тізімге сәйкес, Ұзыншұлық Пиппи 5-орында. Сондай-ақ бізде бар ақпаратқа сәйкес, «Ұзыншұлық Пиппи» еңбегі 100-ге жуық тілге аударылып, кітап желісі бойынша бірнеше фильм мен сериалдар түсірілген.