Жастар қандай университетті таңдауға болатынын түсіну үшін жан-жақты факторларды есепке алып, талқылайды. Елімізде мектепті бітірген шәкірттердің көбі шетелде білім алғысы келеді. 2018 жылы Ресейдің жоғары оқу орындарында 65 мыңнан аса қазақстандық азамат білім алды. Жастардың не себепті Ресейдің білім ордаларына қызығушылығы артқанының бірнеше себебі бар.
Үгіт-насихат – үдере көшуге себеп
Көптеген ресейлік университет Орталық Азия елдерінің дарынды жастарын түрлі жолдармен шақырады. Өз кезегінде олардың белсенділігі еліміз үшін мәселеге айналып отыр. 2018 жылы сәуірде осы тақырып бойынша еуропалық Deutsche Welle порталы қазақстандық БАҚ мәліметтерін жария қылған. Павлодарға қонақ ретінде келген Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің өкілдері жергілікті оқушылармен кездесу ұйымдастырып, ақылай тест өткізгісі келген. Мектеп педагогтері әрекеттің заңсыз екенін айтып, қарсылық білдірген соң тест өтпеді. Шынында да, Қазақстан аумағында мұндай шараларды заңға сәйкес білім басқармалары ғана ұйымдастыру керек. Солтүстік Қазақстан облысы жастарының басым бөлігі Ресейде оқығанды жөн санайды. Осы тұста белгілі болғаны, Қазақстанның жоғары оқу орындары Солтүстік өңірге үгіт-насихат жұмыстарын өткізбейтін сыңайлы. Белгілі болғандай, Ресейдің жоғары оқу орындарында оқытушы болып істейтін Орта Азия елдерінің азаматтары көп. Орта Азия елдеріне үгіт-насихат жүргізетін де – осы оқытушылар. Мысалы, еліміздің солтүстік өңірін жақсы білетін бір оқытушыға 5-7 көмекші даярлап, қосады. Оқытушылар аймаққа келген соң дарынды оқушыларды іріктеу үшін олимпиада немесе ақылай тесттерді өткізеді. Жоғары білім берудегі ресейлік жүйеге қосылудың басы осы болмаса деп тілеріміз анық.
Бұл тақырып турасында Ресейде білім алып жатқан қазақстандық студент жастардың пікірі әртүрлі. Өскемен қаласының тумасы, бүгінде Ресейдегі Томск политехникалық ұлттық зерттеу университетінің студенті Асем Идришеваның пікірін сұраған болатынбыз. Ресейде қалғысы келетін студенттердің көп екенін айтқан ол, ұнамсыз жайттардың да барын жасырмады.
– Қазақстанда мектепті тамамдағаным болмаса, жоғары оқу орындарының білім беру жүйесінен хабарсызбын. Сондықтан салыстыра алмаймын. Шынымды айтсам, маған Ресейде оқу, Орта Азия елдерінде оқудың айырмашылығы жоқ сияқты. Маған бұл елдердің білім жүйесі керексіз ақпаратпен уақытымды құртатын секілді көрінеді. Осы жақта қалуым да, қайта еліме оралуым да мүмкін, – дейді студент.
Білікті кадрлар мәселесі
Ресейде білім алған азаматтардың үштен бірі елге оралмай, сол жақта қызмет бабымен қалады. Тағы бір мәселе – Орта Азия елдерінің азаматтары «Ресейде оқысақ, қызметте тез көтерілеміз» деп ойлайды. Солтүстік өңірден Ресейде оқып, қалып қоятын азаматтардың көпшілігі – этникалық орыс ұлтының өкілдері. Мектепті аяқтағаны жайлы анықтама алып, ресейлік білім ордаларына оқуға тапсырады. Жоғарыда оқытушылар арқылы Ресей жоғары оқу орындарының үгіт-насихат амалы қалайша іске асатынын баяндадық. Аталған жұмыстар үшін қаржы құйылатыны белгілі, бір сөзбен – келешек кадрлардың іргетасын қалау. Ресейде білім алып, маман ретінде қайта елге оралған азаматтардан оқу орны шәкірттерді көптеп тартуға ықпал етуін сұрайды. Алайда Ресей жоғары оқу орындарын бұл тұста кінәлай беруіміз жөнсіз секілді. Қандай білім ордасы болмасын, ақша қамын күйттемесе, ұлтына қарамастан дарынды жастарды оқытуға ниетті. Ал Қазақстанда жоғары оқу орындарының білім сапасы қандай?
Сатылатын диплом – жұмыссыздық бастауы
Ranking.kz сарапшыларының дерегінше, еліміздегі әрбір 10 студенттің жетеуі ақылы оқиды. Жоғары оқу орнын бітірген 2 000-нан астам азамат жұмыссыз жүр. Жұмыссыздар шеруін дизайн, химия, филология, стоматология мамандығын тамамдағандар бастайды. ЖОО-ның түлектерінің көбі жұмыс берушілерге қажет емес. Себебі дәрігерлерге жыл сайын мемлекеттік гранттардың үлкен пайызы бөлінеді. Демек, бюджет ақшасы текке кетуі мүмкін деген сөз. Гранттарды бөлу ережелеріне өзгеріс енгізу қажеттілігі осы тұста байқалады. Шетелдік университеттерде мектептегі жоғары сынып оқушыларын белсенді түрде шақырып отыратын үрдіс қалыптасса, отандық университеттер гранттар мен мемлекеттік тапсырысты күтеді. Қазақстандық жоғары оқу орындары мектептерге барып, кездесулер өткізуіне кім кедергі? «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеу орталығының мәліметінше, елімізде жұмысқа қабылданар алдында ресейлік ЖОО-ның дипломы сұранысқа ие. Жоғары білім беделін көтеру үшін Қазақстан Білім және ғылым министрлігі де еңбектеніп жатыр. Өткен жылдың соңында ведомство кейбір қазақстандық жоғары оқу орындарының лицензияларын қайтарып ала бастады. Бұдан былай гранттарды бөлу жөніндегі комиссия рейтингі төмен ЖОО-дан бас тартуға құқылы болады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарын жүйелеп, тазарту бағытында жұмыстар атқарылатынын айтқан болатын.
– Біз бірінші курсқа 5 студент келіп, 150 студент аяқтап шығатын ЖОО бар екенін көріп отырмыз. Екінші, үшінші курста оқу орындары жосықсыз басқа оқу орнынан шығып қалған студенттерді қабылдай береді. Жоғары оқу орындарына талап күшейтіліп, білім беру саласында тәртіп орнатылатын болады, – деді министр.
Түйін:
Ресейге білім алуға барып, тұрақтап қалатын Қазақстан азаматтардың көбі – этникалық орыс ұлтының өкілдері. Әр адам өзінің тарихи Отанын аңсайтыны белгілі. Дегенмен басты мәселе – еліміз үшін дарынды жастар мен білікті мамандар керек-ақ. Жоғары оқу орындары мемлекеттік тапсырыс пен қаржының көзіне қарамай, білім саласын жетілдіріп, лайықты мамандар даярласа екен деген ниет. Ол үшін мектеп қабырғасында оқып жатқан шәкірттерді еліміздің университеттері лайықты дәрежеде қатарына қоса алуы тиіс.