Мәжіліс көшедегі қазақ тіліндегі көрнекі ақпаратты ретке келтіретін жаңа заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары бірқатар заң жобасын мақұлдады. Оның ішінде «Кейбір заңнамалық актілерге көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа жоба бар.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заң жобасының негізгі бағыттары келесідей: біріншіден, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу, екіншіден, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу, ал үшіншіден, «мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы» деген ұғымды енгізу. – Көрнекі ақпарат құралы, мысалы, баннер, маңдайша, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері және басқасы – еліміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдың бірі. Деректемелер мен көрнекі ақпарат құралы мәтінін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз, бұрыс жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Тең түпнұсқалы аудармасын сақтай отырып жазу талабы қазақша және орысша берілген мәтіндердің мағына, мазмұн жағынан өзара сәйкес келмеу фактілерін жоюға бағытталып отыр, – деді министр. Әйтпесе, орыстілділер алатын дұрыс ақпарат қазақтілділерге жетпейді. Кәсіпкерлер көрнекі ақпаратты жарнама мақсатында, өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады. Ал қазақша қате жазу арқылы олар тұтынушылардың шынайы ақпарат алу құқығын бұзады. –Көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде тіл туралы заңнама бұзылып жатқанына қатысты азаматтардан меморгандарға көптеп шағым түсіп жатыр. Ал қазақ тілінде көрнекі ақпараттың болмауын азаматтар Конституцияның 14-бабында бекітілген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды. Көрнекі ақпаратқа қатысты заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы 12 900 шағым түскен. Өткен жылы жедел желіге (call center) келіп түскен шағым саны 3 442 болды, – деді Ақтоты Райымқұлова. Ол осы мәселелерді шешу мақсатында бірнеше заң мен кодекске түзету енгізілетініне тоқталды. Аталған проблемаларды шешу мақсатында заң жобасы аясында Қазақстанның 13 заңы мен кодексіне түзетулер енгізу көзделген. Олардың арасында Денсаулық кодексі, «Тіл туралы», «Көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы» «Автомобиль көлігі туралы», «Жарнама туралы», «Сауда қызметін реттеу туралы», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы», «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Пошта туралы» және «Кинематография туралы» заңдарға өзгеріс енгізіледі. «Біз бұдан не күтіп отырмыз? Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуы қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік тілдің қолданылу мәртебесі артады. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіні орфография нормаларына сәйкес жазылады. Мәтіннің екі тілде тең түпнұсқалылығы сақтап жазылады», – деп сендірді Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.Айхан ШӘРІП