Жемқорлықпен күрес әңгіме өзегіне айналды
Жемқорлықпен күрес әңгіме өзегіне айналды
5,156
оқылды

«Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиа­лында сайлауалды бағ­дар­ламаның Жол картасына сай жұмысшы топтың келелі отырысы өтті. 

Кеңесте «Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – жемқорлықпен күрес» төңірегінде жиынға қатысушылар ой-пікірлерін білдірді. «Nur Otan» партия­сы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев жүргізген жиында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды. Азаматтарға электронды цифр­лы қолтаңбаны алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша былтыр 30 іс-шара өтсе, биыл оның санын 42-ге жеткізу жоспарланған. Жыл са­йын бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ электронды форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер алу бо­йынша түсіндіру жұмысының санын биыл 68-ге жеткізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар Атырау қаласы мен аудан әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларында жыл сайын, жалпы саны кем дегенде 50 мәселені қарастыру жайы да назардан тыс қалмады. Жиында тұрғындарды мазалаған өзекті мәселені ескерусіз қал­дырмау үшін әлеуметтік Telegram чатын ашып, өңірде бо­лып жатқан түйткілді түйінді ба­қы­лауға алу тапсырылды. Оның шешу жолын да қарастыру қажеті басқосу барысында айтылды.

Әбілмансұр ЖАСАН