Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет

Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет

1991 жылдың 16 желтоқсанынан бастап қазақ әдебиеті жаңа бір белеске, жаңа бір биікке көтерілгендей. Өйткені бұл кезеңде әдебиетте «Тәуелсіздік» сөзі қатар жазыла бастады. Тәуелсіздік кезеңі әдебиетке қан­­дай өзгеріс әкелді? «Жыл келгендей жаңалық» демекші, Тәуелсіздіктің 30 жылында әдебиеттану ғылымының даму барысы қандай болды?

Тәуелсіздік жаңа есімдердің қатарын көбейтті. Азат ойдың иелері кімдер? Со­­нымен, Светқали Нұржан, Жанат Әс­­кер­­бекқызы, Айгүл Кемелбаева, Нұр­жан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бауыржан Баба­жанұлы, Әділ Ботпанов, Әмірхан Бал­­­­­қыбек, Думан Рамазан, Маралтай Райым­­­­бекұлы, Бақыт Беделхан, Дидар Аман­тай, Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Берікқажыұлы, Жа­­­нарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай, Бақыт­­жан Алдияр, Бекжан Әшірбаев, Саят Қам­­­­­шыгер, Алмат Исәділ, Есей Жеңісұлы және т.б талантты ақындар мен жазушы­лардың есімін атауға болады. Бұл есімдер – Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында да­­раланып шыққандар. Әрі ол кезең на­рықтың көші енді басталып, ала дорба асынып, «сары бала, қара қазан» қамын ой­лаған, қиын кездер еді. Бұл кезеңде әдебиеттің көшін сүйреу былай тұрсын, жан бағудың өзі тауқымет болып тұрған шақ еді. Сол бір «өлара» кезеңде тұрмыстың ауыртпалығына «желініп» кетпей, нағыз сарбаздар ғана әдебиетке адалдық таны­тып, дараланып шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тари­хи тақырыпқа арналған романдар да көп жарық көрді. Олардың қатарында  Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Қал­мұқан Исаевтың «Серт», «Шоң би», Кәдірбек Сегізбаевтың «Беласқан», Қаб­деш Жұмаділовтің «Дарабоз», Хасен Әдібаевтің «Отырар ойраны», Софы Сма­таевтің «Жарылғап батыр», Жанат Ахмади­дің «Шырғалаң» романдарын атап өтуге болады.  Бұл да болса, әдебиеттің «жабық» тақырыптарға еркін қалам тартуы деп қабылдауға болады.  Өйткені әде­биетіміз бұрын-соңды болмаған тақы­рыптық, идеялық мазмұн байлы­ғымен, жаңа көр­кемдік түрлерімен, жанр­лық ерекшелік­терімен байып отырды. Екінші кезең: 2001-2011 жылдар ара­лығында әдебиет айдынына бір топ жастар үзеңгі қағыстыра келді. Кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар. Ырысбек Дә­бей, Дәулеткерей Кәпұлы, Қанағат Әбіл­­қайыр, Торғын Тұрлыбаева, Өміржан Әбді­­халықұлы, Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Дархан Бейсенбек, Мирас Мұқаш, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік және т.б. жастар лек-легімен келді. Сыншы, әдебиеттанушы Анар Қаб­дул­­­линаның айтуынша, тәуелсіз әде­биеттің басында Тыңыштықбек Әбді­кәкімов, Ра­хымжан Отарбаев, Роза Мұқанова, Әлі­бек Асқаров, Ұлықбек Есдәулет және т.б. тұр. «Одан кейін жаңа леп әкелуге тырысқан таланттар шоғыры қалыптасты: Дидар Амантай, Әмірхан Балқыбек, Дәурен Қуат, Айгүл Кемелбаева, Таласбек Әсемқұлов. Тәуелсіз әдебиет кезеңі екіге жарылды: қазақ тілінде жазатындар және орыс ті­лінде әдебиет жасаушылар. Екі ерекшелік өкілдерінің шығармаларынан да батыс­­­­­шылдық сарын білінді. Тіпті, атамекенге көшіп келген қандас жас таланттардың біразы сол бағытқа бет бұғаны рас. Қазір кітапты жазу ғана емес, сонымен қатар оның насихаты, маркетингін бірге алып жүрген жастар пайда болды. Олар: Әлішер Рахат, Берікбол Батан, Айжарық Сұлтанқожа, т.б.», – дейді. Ал әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай әдебиетке тағы бір толқынның қосылғанын айтады. «Тәуелсізідктің үшінші онжыл­­дығының кіндігін кескендер бар. Олар 2011 жылдан бері әдеби аренаға танылып қалған жас өрендер. Атап айтсақ, Мерген Тоқ­­санбай, Мақпал Сембай, Мақпал Төре­бек, Құндыз Жұбаева, Бекзат Смадияр, Сал­танат Қожа, Шерхан Талап, Ай­­­бол Ис­­лам­ғалиев, Асылан Тілеген, Батырхан Сәр­­­сенхан, Нұртас Тұрған­­бек­ұлы секілді жас қалам иелері. Бұл тізім мұнымен тау­­­сыл­­­­­майды. Әлі де жалғасады. Жалғаса да бермек. «Хияметте басталған, ахиретте нү­­к­­­­­тесі қойы­лады» дегендей, біздің бағзы заманнан бас­талған әде­­­биеті­­міздің өмір­шең боларын осындай жас тол­­­­қындардың жыл сайынғы қаулап келіп жатқан лек­­­терінен бай­қай­мыз», – дейді әдебиеттанушы. Әдебиеттегі орта буын мен жас буынның өзі екі түрлі дәуірді бастан өткеріп жатыр. Былайша айтқанда, бірі – ескінің соңы, екіншісі – жаңа дәуірдің басы. Жас буынның артықшылығы, ұғым-түсінігі бөлек, ойлау жүйесі мүлдем басқа. Өлеңдегі өршіл рухы да шынайы, үні де асқақ. Жаңа әдебиет, яғни тәуелсіз әдебиетте жаңа тақырыптардың тууы заңдылық. Жас ақын Еділбек Дүйсен әдебиетке жаңа та­қырыптар мен соны ізденістерге бар­ғысы келетін, барып жүрген жастар қауымы келгенін айтады. «Меніңше, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақ әдебие­тіне жастар арқылы жаңа тыныс келді. Тәуелсіздік жаңаша жазатын, жаңаша ойлайтын, тақы­рыпқа басқа ракурстан қарай алатын жаңа авторларды әкелді. Жаңа авторлармен, жаңа авторлар арқылы әлем қаламгерлерінің жаңа есімдерімен таныстық. Алайда тек осы есім­дермен ғана шектеліп отырғанымыз да өтірік емес. Өйткені аударма саласының ақсап тұр­ғанын ылғи да айтып жүрміз. Бұған қоса, тәуелсіздік жылдары мына жанр алға шық­ты, мына жанрларға ал­ғашқы қа­дамдар жасалды деп те айту қиын. Өкінішке қарай, қазір жанрлық даму бәсеңдеп тұр. Бұған қоса, Тәуелсіздіктің 30 жылында қаламгерлерге жаңа тақырыптар ашылды, олар жаңа үлгілерге қол жеткізу мүм­­кін­­­дігіне ие болды. Бірақ сол тақырыптар әлі де қоз­ғала, сол сең әлі де бұзыла қойған жоқ. Баяғы бос орын бос күйінде тұр. Тәуелсіздік әде­­биеті осы бос орынды тол­тыруға күш салуы керек. Өйткені ол «орын­­ға» ешкім де барып отырған жоқ. Бірақ әдебиет­­та­нушылар һәм әдебиет­­шілердің қазіргідей жағдайында «бос тұрған орын» бос күйінде қала беретін шы­ғар. Оған отыруға ешкімнің де жүрегі дауала­­майды. Ал олар бос тұр­ғандықтан, қазіргі қазақ әдебиеті қоғам сұранысын, оқырман талабын орындауы тиіс. Тәуел­сіздік әде­­биетінен күтеріміз көп. Оның жауапкершілігі де зор. Бұл не де­генмен – Тәуел­­сіздік жазып жатқан Ұлы Сөз ғой!»  дейді. Тәуелсіздік тұсындағы әдебиет – тәуел­­сіз сөз! Бұл бұғауланған кісеннен босаған, бостандықтың шырайын сезінген, өзі көшбасшы болуға дәрменді ұлттың рухани мұрасы болуы тиіс. Мұның ерекшелігі – цензура жоқ. Ешкім қиып, қидаламайды. Ой еркін, сөз еркін, әдебиет – тәуелсіз! Таптық көзқарастан арылған, еркін тебіре­­ніп, еркін айта алатын жаңа дәуір әдебиеті қалыптасты. Оның көрінісі сөзден, дүниеге келген көркем дүниеден, әсерлі жазбадан, сәулелі сәттерден көрінуі тиіс.

Айым БЕКТҰР