Петропавлда жарылыс болған жатақханаға жасалған сараптама қорытындысы шықты
Петропавлда жарылыс болған жатақханаға жасалған сараптама қорытындысы шықты
5,210
оқылды

Сарапшылардың айтуынша, нысанның негізгі қабырғалары зақымданбаған. Тек бірінші мен екінші қабаттың арасындағы бетон плиталар ғана сыр берген. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Енді мердігерлер оны тез арада жөндеуді жоспарлап отыр. Қызылжарда өртенген жатақхана тұруға жарамды. Сараптама мекемесінің өкілі Игорь Киселев: «Тұрғын үйдің 25-30 пайызы зақымданған. Негізгі тіреуіштері сау. 8 бетон плитасын күшейту керек, я болмаса ауыстыру қажет. Жалпы баспана апатты емес, жөндеу жұмыстарынан кейін тұруға жарамды», – дейді. Жатақхананы жөндеумен алты мердігерлік компания айналыспақ. Құрылысшылар жылу жүйесін қалпына келтіріп, есік-терезені ауыстырып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, баспананың сол жақ қанаты бұзылмаған. Сондықтан атқамінерлер тұрғындардың тең жартысын демалыс күндері қайта қоныстандырмақ.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков: «Сенбі күні жоспар бойынша тұрғындарға кіруге мүмкіндігі бар. Ең бастысы, жылуы бар, есік-терезесін ауыстырдық. Әрине, бірінші қабатта кафе болған жер жөнделеді. Әрі қарай 2-3 қабаттағы тұрғындарды қоныстандыруды нақты қашан бастайтынымызды белгілейміз», – деді.

Петропавлда бес қабатты жатақханада жарылыс болып, екі адам қайтыс болды. Өрт салдарынан екі жүзге жуық адам баспанасыз қалды.