Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанармай бағасының өсуіне байланысты пікір білдірді
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанармай бағасының өсуіне байланысты пікір білдірді
295
оқылды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Отын-энергетика кешені департаментінің басшысы Бақтияр Басқақовтың айтуынша, мемлекет жанармай бағасының өзгерісін бақылай алмайды. Ал агенттік бағаның негізсіз көтерілгені туралы шағым түскенде ғана тиісті шара қолданады екен. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жанармай бағасы жөнінде шағым түспеген. "Мемлекет жанармайдың бағасын бақылай алмайды. Бағаның өсуін немесе түсуін нарық реттейді. Жанармай бағасы да кинотеатр билетінің, жылжымайтын мүліктің бағасы сияқты бақылауға келмейтін, тек нарықтағы жағдайға байланысты реттелетін сала. Агенттікке бүгінге дейін жанармайдың қымбаттағаны туралы шағым түскен жоқ. Сондықтан біз мұндай мәселені қозғай алмаймыз", - дейді Бақтияр Басқақов. Агенттік өкілінің айтуынша, кез келген азамат тауар бағасының негізсіз өскенін немесе бағаға қатысты қандай да бір заңсыздықтарды көрсе, Аумақтық бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шағымдана алады. Содан кейін ғана тиісті шаралар жүргізіледі. Бақтияр Басқақовтың пікірінше, әдетте жанармай бағасы нарықта тапшылық болғанда өседі. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресейде биыл қаңтарда жанармай бағасы өткен аймен салыстырғанда 1%-ға өскен. Сонымен бірге қазір Ресейдің кей аймағында жанармай тапшылығы байқалған. Айта кетейік, Energyprom.kz зерттеуінше, Қазақстандағы жанармайдың орташа бағасы 170 теңге. Ең арзан жанармай рейтингінде Қазақстан 167 елдің ішінде 8- орында тұр.