Қазақстанда 202 мыңнан аса адам алимент төлейді. 197 мыңдайы – еркек, қалғаны – әйел. Балаларымен жалғыз қалған мыңнан астам ер мен әйел бұрынғы жұбайынан «өтемақы» өндіруге тырысып жатыр. Оларға Алимент төлеу қоры көмекке келмек.
Заң бойынша өз отбасын тастап кеткен азамат ай сайын бір балаға – табысының төрттен бір бөлігін, екі балаға – үштен бір бөлігін, үш және одан көп балаға – жалақысының жартысын аударып тұруға міндетті. Әйтсе де, көбі не жұмыссыз, не ресми жалақысы жоғын көрсетеді.
Әділет министрі Марат Бекетаев жаңа қор өз шаңырағын күйреткен адамдардың барлығына бірдей тегін ақша таратпайтынын мәлімдеді.
«Қаржы үлестіру деген болмайды. Сондай-ақ қордың құрылуы өз міндеттемесінен қашып жүргендердің борышынан құтылатынын да білдірмейді», – деді ведомство басшысы.
Ол ұқсас қорлардың екі негізгі түрі бар екенін жеткізді.
– Біріншісі – кредиттік, екіншісі – қайырымдылық моделі. Алғашқысы банк несиесі қағидатына сай жұмыс істейді, яғни азамат жалақысы қолға тигенге дейін осы қордан алимент төлеуге қарыз алады. Финляндияда құрылған бұл қор ешкімге де тегін қаржы бермейді. Ұстаным өте қатаң, жұмыссыз қалдың ба, қысқаруға іліктің бе, қарыз ал, міндеттемеңді төле, артынан берешекті қайтар, – деді Марат Бекетаев.
Екінші – қайырымдылық моделіне сәйкес ақша қайтарымсыз негізде беріледі. Бірақ одан барлығы бірдей үміттене алмайды. Әрі бір алғанға келесі жолы беруден бас тартылып та жатады.
Әділет министрі қазіргі кезде Қазақстанның таңдауы осы қайырымдылық үлгісіне түсіп отырғанын айтады.
«Қор ең күрделі жағдайларда, мысалы ауыр дертке шалдықса, әлеуметтік ахуалы нашарласа, төлеуге басқа мүмкіндігі болмаса ғана қаражат ұсынады. Бұл модель комиссия құруды қарастырады. Құрамына беделі жақсы, тәжірибелі мамандар кіреді, кімге қайтарымсыз қаржы берілетіні, ал кімге беруге болмайтыны туралы шешімді де солар қабылдайды. Яғни, осы тұлғалар комиссия жұмысына шақырылып, түскен құжаттарды қарайды, кімге қанша берілуі керегін бағалайды. Мысалға, біреуге 100 мың теңге, ал басқасына тіпті 500 мың теңге ұсынылуы мүмкін», – деді Әділет министрі.
Дегенмен бұл әзірге анық емес, енді әдіс-тәсілдер түзіледі, оған сай, не әр адамға қажеттілігіне қарай әртүрлі төленеді немесе барлығына бірдей сома ұсынылады. «Бұл мәселелерді палата мен комиссия шешеді» деді М.Бекетаев.
Қор жұмыс істеуі үшін мемлекет бюджет қаражатын шығындамайды. Оның қазынасын республикалық палата мүшелері мүшелік жарна және ерікті қайырымдылық қаражаттар есебінен қалыптастырмақ. Жарна көлемі шағын қалалардағы сот орындаушысы үшін 50, ал ірі қалалардағысы үшін 200 АЕК аралығында болады деп жоспарлануда. Оны олар палатаға мүше болып кіргенде бір рет төлеуі керек. Қаржы шектеулі болғандықтан, қор жылына 10-20 адамға ғана көмектесе алатыны мәлім болды.
Елдос СЕНБАЙ