Үшінші мегаполистің білім басқармасына басшы құтаймай-ақ қойды. Басқарма бір жылдан бері бас педагогсіз отыр. Өткен жылдың басынан бері осы мекемеде жылдар бойы еңбек сіңірген Айгүл Текебаева басшының міндетін атқарып келеді. Бірақ оған бас ұстаз болуға сенім білдірілмей келе ме, әлі басшылық лауазым ұсынылмады.
Басқарма басшыға жарымады
Мұнда ұстаздарға да, елге де сүйкімі артқан, салаға едәуір серпіліс алып келген басшы Жанат Тажиева болды. Обалы не керек, біраз жыл басқарды. Бүгінде Тажиевадан кейін болған білім басшыларының есімі ел есінде соншалықты қала қойған жоқ. Себебі бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатқан соң, ес жиып үлгере алмай қалды. Олардың салаға жаңа серпіліс алып келетіндей де уақыты бола қойған жоқ-ау. Тәжиевадан кейін өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қадағалайтын Тәртіптік кеңес хатшылығында басшылық қызметтерде болған Ынтымақ Мадиев білім саласының тізгінін ұстады. Одан соң басқарманы саясаттанушы-заңгер, бірнеше жылдар бойы мәдениет және тілдерді дамыту саласында ысылған Мұрат Базарқұлов қолға алғанына 3 ай өтпестен Ғабидолла Әбдрахымов әкім болып келген соң, бас ұстаздықты «Болашақ» түлегі, шығысқазақстандық Ақерке Абылайханға тапсырды. Ақерке ханым шымкенттіктерді жатсынды ма, ұзақ отыра қоймады. Бір жылға жуық аялдап, енді-енді осы салаға бой үйрете бастағанда белгісіз себептермен еліне қайтып кетті. Ара-арасында осы саланың маңайында жүрген бірқатар азаматшалар мен азаматтар «уақытша міндетін атқарып» жатты.
Сонымен, осылайша тағы да Шымкент бас педагогсіз қалды. Сонда миллион халқы, 701 – білім беру мекемесі, 305 мыңнан аса жеткіншегі және 25 мыңнан аса педагогі бар үшінші мегаполистен бірде-бір білімді, білікті басшының табылмай отырғаны ма?
Жемқорлықтан кенде емес
Басшы тұрақтамаған ұжымда береке болмайтыны баршаға белгілі. Оған дәлел де көп. Есесіне, Шымкент қаласының білім саласы сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша жоғары орындардың бірінде тұр.
Мәселен, былтыр тура осы уақытта білім басқармасы басшысының орынбасары (тіпті бір кездері басшы міндетін уақытша атқарып та отырған) пара алғаны үшін құзырлы органның құрығына ілінді. Оған қалалық мектепте асхананы жалға беру мерзімін ұзартқаны үшін жеке кәсіпкерден шамамен бір жарым миллион теңге алды деп айып тағылды. Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұдан бұрын жемқорлық қылмысын жасады деп күдіктелген Шымкент қалалық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушысы Ж.Б-ға қатысты тергеуді аяқтаған болатын. Ол орта мектептің білім жөніндегі меңгерушісіне мектеп директорының лауазымына тағайындалу үшін тест тапсыруға жәрдем бергені үшін
400 мың теңге иемденді деген күдікке ілінген. Оған Еңбекші аудандық сотының шешімімен мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына құқығынан айыру мен
3 млн теңге айыппұл салынған. Міне, осылайша басшысы жоқ ұжымда балапан басымен, тұрымтай тұсымен әркім өз қалтасының қамын ойлап, жан-жаққа тартып, ырың-жырыңы шығып жату оқиғасы орын алуда.
Сондай-ақ алдыңғы жылы Шымкент қаласы №3 Балалар музыка мектебінің директоры концертмейстер лауазымына жұмысқа қабылдау үшін 420 мың теңге пара алды деген айыппен сотталған болатын. Сот оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 14,7 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Ал Қаратау аудандық соты №131 орта мектеп директорының міндетін атқарушысына үкім шығарды. Ол әлі директор болмаса да ақша табудың жолын меңгеріп үлгерген. Іс жүргізуші болу қызметінің құнын 50 мың теңгеге бағалапты.
Сонымен қатар №49 орта мектептің бұрынғы директоры алаяқтық бойынша істі болды. Ол қала тұрғынына мектепке математика пәні мұғалімі етіп жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, одан 500 мың теңге көлемінде ақша сұраған. Алайда ол іс жүзінде бұл кезде мектеп директоры қызметінен босатылған екен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев жиындарда білім беру мекемелеріне жұмысқа қабылдау тетіктерін қайта қарау қажетін айтып жүр. Бұл оны білім саласындағы осындай шиеленісіп жатқан «кадрлық бизнестен» шошынған соң айтқан шығар. Ол кадрлық мәселелерді шешу кезінде басшылардың әсер етуін азайту тетіктерін қарастыратын шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдауды ұсынады.
Сонымен қатар қосымша сағаттар сату жағдайлары да кездесіп тұрады. Бұған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына келген хабарламалар дәлел болмақ. Сондай-ақ орта мектептерді аттестациялау кезінде де сыбайлас жемқорлық жағдайлары жиі кездеседі. Ол үшін мұғалімдер арасында тексерушілерге заңсыз сыйақыларды жинау шаралары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, бюджет қаражатын игеру және мемлекеттік сатып алуды өткізу кезіндегі заңбұзушылықтар, жалған аттестаттар мен сертификаттар беру оқиғаларын қосыңыз.
Мектепте оқулықтарға, кеңсе заттарына және техника мен басқа да қажетті заттарға деп жыл басында оқушылардан ақша жинау тыйылмай келеді. Бюджеттен қажетті құрал-жабдыққа толығымен ақша бөлінетінін мектеп директорлары әлі күнге дейін ескергісі келмейді. Айта кетейік, қазіргі таңда «біз емес, ата-аналар комитеті өздері шешім шығарып, өздері әкеліп беріп жатыр» деген сылтау шыққан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының қызметкерлері егер ата-аналар мектепке материалдық көмек көрсетуге ниет білдірсе, онда олар демеушілік жарналарды арнайы ашылған шотқа аудара алатынын айтады.
Қамқоршылық кеңестің рөлі қандай?
«Жалпы, мектептерде сыбайлас жемқорлықты азайту үшін әрбір мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңестің жұмысын қайта қарау қажет» дейді мамандар. Шымкент қаласының Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиеваның ақпараты бойынша, қамқоршылық кеңес Шымкент қаласындағы 133 білім беретін мекемеде құрылған. Олардың негізгі міндеті – білім беру мақсаты үшін қосымша қаржыны үйлестірумен айналысады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының қызметкерлері қамқоршылық кеңестің негізін ата-аналар құрауы тиіс, ал олардың басшылары мектеп әкімшілігімен тек қаржылық емес, басқа да көптеген мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі керек деп санайды.
Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жүргізілген тексеру кезінде 44 жалпы орта білім беретін мектепте міндетті мектеп формасы сақталмағаны анықталған. Тіпті, осы бағытта әкімшілік шара көрілген ата-аналар бір жылдың ішінде аталған әкімшілік-құқық бұзушылықты қайталап, нәтиже шығармай жалғастырғаны үшін ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-бөлігімен департамент тарапынан 133 ата-анаға хаттама толтырып, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына әкімшілік шара көру үшін жолданыпты.
Сондай-ақ аталған департамент басшылығы мегаполистегі №79 және №101 жалпы білім беретін мектептің апатты деп танылғанын айтады. Ал 19 білім мекемесі – үшауысымда оқитын мектептердің қатарында. 23-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Шымкентте оқушыларды компьютермен жабдықтау да талапқа сай емес. 11 691 компьютердің 8 237-і ғана жарамды. Әлі
9 000 компьютер керек.
Заңсыздықты айтқаны үшін жазаланды
Одан бөлек, жуырда Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрғазы Бұхарбай әлеуметтік желідегі парақшасына №10 «Достық» бөбекжай бақшасының шаруа меңгерушісі Жадыра Асановадан арыз түскенін жазды. Арызда негізінен балабақшадағы орын алған заңсыздықтар көрсетілген. Арызданушы бөбекжай меңгерушісінің өзіне жала жауып, қызметтік хат толтырып, жұмыстан шығарып жібергенін айтады. Басшы қызметкерінің бақша жұмысындағы заңсыз әрекеттерін құзырлы органдарға айтқаны үшін жазалаған. Арызданушының айтуынша, балалардың тамағының құнары төмендеп кеткен, қысқы жылуға арналған сұйық отынды бақша меңгерушісі қарауылмен келісіп сатады. Бақша суық болған соң балалар қалың киіммен жүруге мәжбүр. Көп ауырады. Бұдан басқа да түрлі деректер бар. Бұл туралы қалалық білім басқармасына шағымданғанымен тұшымды жауап келмепті.
P.S.
Міне, сен салар да мен салардың соңы осындай бей-берекетсіздікке ұласып барады. «Басшысы жоқ ел жетім, балығы жоқ көл жетім» дегендей, басшы болмаған жерде жанашырлық болмайтыны да белгілі. Мұның салдары еліміздің болашағы – жас өскіндерге де тиіп кететіні сөзсіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы