«Ана капиталы» керек пе?
«Ана капиталы» керек пе?
286
оқылды

Ресейдегі «Ана капиталы» бағдарламасы 2026 жылға дейін жалғасады. Сәйкесінше, бала дүниеге келгендегі жәрдемақы өсіп, аз қамтылған отбасы сәби 7 жасқа толған­ша мемлекет тарапынан көмек алады. Владимир Путиннің «бірінші бала туылғаннан-ақ 466 617 рубль береміз» дегені елді елең еткізді. Бұдан бұрын да елімізде ана капиталына қатысты мәселе көтерілген. Алайда билік өкілдері «Алтын алқа», «Күміс алқа» мен түрлі әлеуметтік көмек ана мен баланы қолдауға жұмсалатынын айтқан. Дегенмен елдегі жөргекпұл мен жәрдемақы ана мен бала қажетін ақтай ала ма? Көпбалалы ананың әлеуметтік дамуға ден қойып, тек бала тәрбиесімен айналысуына әлеуеті жете ме? Түптеп келгенде, Қазақстанға ана капиталын енгізу керек пе?


Aigyl.JPG

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА,
әлеуметтанушы:

– Сауалнамалар нәтижесі бойынша, кө­­біне Қазақстан халқының құндылығы – отбасы, бала және денсаулық. Біздің қо­ғам қашанда «бала – бақытымыз» деп са­найды. Менің ойымша, дәл Қазақстан жағ­дайында ана капиталы қажет. Себебі бұл отбасылардың, әсіресе жас отбасылардың тұрмыстық-әлеуметтік мәселесін шешеді. Тіпті, бала туылымына байланысты отбасы­ның баспаналы болуының тетігі жасалуы тиіс. Яғни, кез келген отбасында бала санына байланысты мемле­кеттен алынатын тұрғын үй ипотекасының пайызы азайтылып отырғаны абзал. Бір балаға 10%, екі балаға 20%, үш балаға 30% жеңілдік жасаса деймін.

Бүгінгі таңда елімізде баланың туылуына байланысты ана капиталы немесе тағы басқаларына қатысты үлкен көлемде төлем жоқ. Әр бала туғанда төленетін жәрдемақы бар. Мысалы, 2020 жылы бірінші балаға – 100 738 теңге, төртінші немесе одан да көп ба­лаға 167 мың теңге төленеді. Бұл дегеніміз – бала туылымы елі­міз­де материалдық тұрғыда ешқандай да көтермеленбейді деген сөз.

 

Caparbai.JPG

Сапарбай ЖОБАЕВ,
экономист:

– Қазақстанға ана капиталы керек пе деген сұраққа келсек, бізде жөргекпұл бар. Әзірге осы болады. Оны әр жылы инфля­ция деңгейінде көбейтіп отыру керек. Ал Ресейдегідей ана капиталының қажеті шамалы. Себебі бізде көпбалалы аналарға үй тегін немесе жеңілдікпен беріледі. Ресейде ана капиталын негізінен тұрғын үй алу мен үй құруға ғана пайдалана алады. Қазақстанда бірінші баланың жөргекпұлының 100 мың теңгенің айналасында болуы – экономикаға байланысты. Мәселен, төрт не одан да көп балаға көбірек беріледі. 3 жасқа дейінгі балаға берілетін жәрдемақы бар. Қазіргі таңда көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Осының бәрін қоса есептегенде, біздің елдегі жәрдемақы Ресейдегі жәрдемақыға жетіп қалады. Бюджеттің 30 пайызы әлеуметтік көмек беруге жұмсалады. Егер де денсаулық сақтау мен білім саласын қосатын болсақ, онда бюджеттің 50 пайызы әлеуметтік салаға, яғни білімге, денсаулыққа және әлеуметтік қамсыздандыруға кетіп жатыр. Ал Ресей президентінің бір балаға беретін жөргекпұл ақысын біздің ақшамен есептегенде, 400 мың теңгеге көтергені – Ресейдегі демографиялық күйзелістен шығудың жолы. Ресейдің экономикалық жағдайы жақсы бол­ғанымен, халық саны азайып барады. Сол себепті бала тууын ынта­лан­дыру мақсатында ана капиталын көбейтуге мәжбүр болып тұр.

 

Ramasan.JPG

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтанушы:

– Қазақстанға ана капиталы керек. Бірақ қаражат тек қана баланың 18 жасқа толғаннан кейінгі біліміне немесе көпба­лалы ата-аналардың ана капиталын жинақ­тап үй алуына қатысты болмауы тиіс. Соны­мен қатар ананың өзіне, әлеуметтік дамуына, жұмыс істемей бала тәрбиесімен айналысуына бөлінуі керек.

Жалпы, қоғамда ананың жағдайы – оның статусы мен рөліне байланысты. Елімізде ана рөлін мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан қабылдауы әзірше біркелкі. Қазір ана капиталы қаржылық, әлеуметтік саяси тұрғыдан іске аспаған. Бұл – шетелдік тәжірибе. Бізде мұндай жоқ. Меніңше, ана капиталы ұтымды құрал. Қаражат нақты жұмсалуы керек. Оңды-солды шашуға болмайды. Бала-шағаның болашағы үшін үй ал, білім бер деп нақты шектеп қойған шарт болғаны жөн.

Үкіметтің экономикалық жағдайы келсе, ана капиталы құрылуы тиіс. 3-4 баланы дүниеге әкелген ана кейін бұрынғы жұмысына қайта оралғанымен, бәсекеге қабілеті төмендейді. Ана капиталы енсе, қаржының мына бөлігі балаға, қалғаны анасының өзіне деген тармағы қатар жүрсе игі еді. Ақшаны ананың денсаулығы мен әлеуметтік дамуына жұмсауға шақыратын едім.

Негізі, елімізде ана капиталы туралы әңгіме болмауы тиіс. Егер де экономика жақсы болса, оның көрсеткіштері әйел мен ана капиталына әсер етпейді. Ана капиталы елдің экономикалық осалдығын, кемшілігін көрсетеді. Адам ақшаға тоймайды. Осы жерден мәселе туады. Қоғамда мәжбүрлік синдромы басталады. Сіз кімді мәжбүрлейсіз? Әлеуметтік статусы жоғары ғалымдар, жоғары білімді мамандарды мәжбүрлемейсіз. Олар онсыз да табысы бар. Ана капиталы арқылы кезінде білім алмаған, қазір экономикалық жағдайы төмен, қаржыға мұқтаж болып отырған халықты жанама мәжбүрлейсіз. Салдарынан бала саны көбейеді. Бірақ бала қандай отбасында дүниеге келеді? Әке-шешесі жоғары білім алмаған, екеуінің біреуі жұмыссыз немесе екеуі де жұмыссыз шаңырақта туды. Осылайша, ана капиталы арқылы өзінің күнкөрісін жақсартамын деген адамдарды міндеттейсіз. Бұл дұрыс па? Дұрыс емес. Сондықтан аталған мәселені екіжақты қарастыру қажет.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ