Оқулық – жыраусыз, олқылық – сұраусыз

Оқулық – жыраусыз, олқылық – сұраусыз

«Бес ғасыр жырлап» келген жыраулар поэзиясы оқулыққа енбей қалғаны рас па? «Мектептегі «Қазақ әдебиеті» оқулығынан XVI-XVIII ғасырдағы жыраулар поэзиясы түсіп қалды» деген мәселе қоғамды алаңдатып тұр.

Белгілі публицист Қайнар Олжай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бұрын естімеп­піз. Масқара екен. Жырауларды әдебиет оқулығынан жоқ ету – ұлттық патриоттық сезімнің қай­нарын бітеу! Әдейі. Қасақана.

Жыраулар поэзиясы – елді сүюдің асқақ үлгісі. Содан кейін қазақ тілі не орыс, не ағыл­шын, не қытай сөзі ластамаған ең таза айдыны. «Батыр болмақ сойдан-дүр» деген жалғыз жолы неге тұрады! Қазіргіден бұған телелес өлең тек Темірхан Медет­бек ағамыздан ғана туды ғой. Немесе «Күңіреніп күн астына жорт­қанмын». Төрт сөзде төрт ғасыр­дың тарихы тұнып тұр емес пе! Мұны басқа қайдан таппақ­пыз, министр азамат!

Ендеше жыраулар поэзиясын шұғыл түрде, осы биыл қайта оқу­лыққа кіргізу керек» деп жазады.

Сөйтсек, мәселенің мәнісі мынада екен. Шымкент қала­сын­дағы №47 мектептің мұғалімі Би­байша Бейсетаева Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағам­бе­товке жыраулар поэзиясының оқу­лыққа дұрыс енгізілмей қал­ға­нын айтып, «Тарихы тек жыр-дас­тандарда сақталған қазақтың ба­ласына тарихты қалай үйре­теміз?» деп мәселені төтесінен қойыпты.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін мұғалімге қоңырау шалдық.

– Жыраулар поэзиясы бұрын бізде 9-сыныптан бастап оқы­тылатын. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, Шалкиіз жыраудың өлеңдері енгізілген еді. Қазақтың бай әдеби тари­­хы – жыраулар поэзиясында сақ­талып қалған. Сол жыраулар поэзиясын бөліп, әр сыныпта жеке-жеке оқытатын бол­ды. 5-сы­нып – Асан қайғы, 6-сы­­нып – Қазтуған, 7-сынып Шал­киіз де­ген сияқты жеке-жеке бөліп тас­тады. Әр сыныпқа бір-бір жыраудың өлең­дерін қосады да, көпшілігі оқу­лыққа енбей қал­ған. Яғни, жы­раулар поэзия­сы толыққанды қам­тыл­маған. Бұл – бір. Екінші­ден, 5-сы­нып оқулығына Асан қай­ғының жер туралы айтқан сын­дары беріл­ген. Асан қайғы жырау ғана емес, ол – философ. Ұлы да­ланың ұлы философы. Ал 5-сыныптың оқушысы әлі ойын баласы емес пе? Асан қайғының филосо­фиясын қалай ұқпақ? Оны бала философияны ұғатын жасқа кел­генде оқытқан жөн. Сол се­бепті Асан қайғы өлеңдері 8-9-сы­нып оқулықтарына енгі­зілгені дұрыс. «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады. Таза мін­сіз асыл тас, су түбінде жатады» немесе «аяғы жоқ, қолы жоқ, жы­­лан қайтіп күн көрер, құй­ры­ғы жоқ, жалы жоқ, құлан қай­тіп күн көрер» деген жырлардың мә­нін түсінуі үшін бала кішкене ой тоқ­татуы керек. Жыраулар поэзия­сын жүйелеп, 8-9-сы­нып­тарда оқытқан абзал болар еді», – деді Бибайша Бейсетаева. Ұстаз әр сыныптың ерекшелігіне сай, жыраулар поэзиясы да күрделеніп беріліп отырса деген ой айтады. Мұғалімнің алаң­дауына себеп жоқ емес. Қазтуған жыраудың:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің Сүйініш,

Күйеу болып барған жұрт.

Анамыз біздің Бозтуған,

Келіншек болып барған жұрт,

Қарғадай мынау

Қазтуған батыр туған жұрт, – деп келетін жыр жолдарын тө­мен­гі сыныптың баласы ұға ала ма?

Төменгі сыныптан жоғары сы­ныпқа дейін жыраулар поэ­зия­сын беру формасы күрделеніп отыруы керек емес пе?

Академик Сейіт Қасқабасов «оқулық мәселесінде бірізділік бол­май тұрғанын» айтады. «Оқу­лық мәселесін арнайы комиссия бекітеді. Құрастырған адамдар­дың пікірі көп ескеріле бермейді. Тізім қалай бекітіледі, солай жа­салады» дейді.

Сонымен, оқулықты кім рет­тейді? «Қазақ әдебиеті» оқу­лы­ғын әдебиетші ғалымдар әзір­лемей ме?

Ғалым, профессор Ай­гүл Ісмақова: «Мұғалімнің ми­нистрге қойған бұл сауалы – өте орынды. Оқулықты әзірлейтін орталықтың өз авторлары бар. Сол авторлар­дың таңдауы бо­йынша жыраулар оқулыққа ен­гізіледі. Мұхтар Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институты жыраулар поэзиясын әлдеқашан зерттеп тастаған. Асан қайғының толғауларын 5-сы­ныпта бергені орынды шығар. Бірақ оның кім екені, толғаудың мән-маңызы туралы мағлұмат қоса берілуі керек еді. Асан қайғы неге Жи­делі Байсынды іздеді? Жер жән­натын неге іздеді? Мұ­ның бәрі оқушыға түсініксіз бо­лып қал­ған. Қосымша мағлұмат бе­ріл­месе, 5-сыныптың оқушы­сы­на түсінік берілмесе, мұғалім оны қайтіп түсіндіреді? Ойын ба­ласы оны ұға ма? Оқулық әзір­ле­ген кезде Білім және ғылым ми­нис­трлігі Әдебиет және өнер инс­ти­тутының ғалымдарымен ақыл­­дасып, бір­лесіп әзірлеуі ке­рек еке­нін үнемі айтып келеміз. Са­­рапшыларға оқулықтар жет­пе­­геннен кейін осындай олқы­лық­тар кездесіп жатыр. Жы­раулар поэзиясын оқулыққа енгізгенде осы мәселе ескеріл­мей отыр. Әйт­песе, балалар кіш­кен­тайынан жыраулардың тол­ғау­ларын оқып, санаға сіңіріп өссе, одан ұтылмас еді. Қазір ке­рі­сін­ше төменгі сы­нып оқушы­лары «Қазақ әдебиеті» оқулы­ғынан гөрі «Гарри Поттер» филь­мін те­рең меңгеріп алған. Сон­дықтан оқушыға терең тү­сін­діретін, мән-маңызын ұқты­ра­тын дү­ние­лер толық­қанды жет­пей жа­­тыр», деген пікірді алға тартады.

Қазір мектеп оқушысы Қаз­туған жырау, Ақтамбердіні, Дос­памбетті, Шалкиізді біле бер­мей­ді. Есесіне, Джоан Роулинг­тің «Гарри Поттерінен» хабардар. Мұның себебі – насихаты кем­шін. Оқулыққа толыққанды ен­беген. Бірлі-жарым толғау­ларын білмесе, оқушыға Асан қайғының не айтқаны маңызды емес. Өйт­кені оқулықта нақты көрсетіліп жазылмаған.

«Қазақтың жаны – жыраулар поэзиясында жатыр. Алаш қай­раткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Дос­мұхамедов жыраулар поэзиясын зерделеп жазып кеткен жоқ па? Бабаларымыз да балаға алты жастан бастап батырлар жы­рын, толғауларды, лиро-эпостық жыр­­ларды тегін жаттатқан жоқ. Біл­сін, зердесіне түйсін деп жаттатты. Жыраулар поэзия­сында халық­тың мол әдеби қа­зынасы жа­тыр», – дейді Айгүл Ісмақова.

Жырау деген кім? Шалкиіз жырау қай ғасырда өмір сүрген? Бұқар жырау не деді? Тәтіқараны ше? Үмбетей жырау оқулыққа енген бе? Қазтуған не деп тол­ғады? Оқушы осындай сауал­дарға оқулықтан мағлұмат алып отыр­ған жоқ. Бес ғасыр жырла­ған жы­рауларымыздың поэзия­сынан бүгінгі қазақ баласы ма­құрым қала ма деген мұғалім шырылын ға­лымдарымыз да орын­ды са­найды. Ол үшін әуелі оқулық тү­зелуі керек. Оқулық түзелмей, мін түзелмесі белгілі.

Министр Асхат Аймағам­бетов: «Оқулық қателігіне жол берілмеуі керек. Бұл – жыл сайын қайта­ла­натын дүние. Демек, оқулықтарды дайындауға үстіртін қарап келе­міз. Сарап­тама ісі нашар. Мұғалім мен сарапшыны шатастырып жүрміз. Алдымен оларды оқытып барып, сарапшының қолына оқу­лықты тексеруге беру керек. Сон­да ғана сапа түзеледі» деген еді.

Мұғалім сынынан кейін ми­нистр «Қазақ әдебиеті» оқулы­ғын­дағы бұл олқылықтарды да түзетуге күш салатын болар. Елді, жерді сүюдің асқақ үлгісін көр­сеткен жыраулар поэзиясы шет­теп қалмаса болғаны?! Біздің қауіп – осы!

Бұл мәселеге Білім және ғы­лым министрлігі жанындағы «Оқу­лық» орталығының басшы­ла­ры не дер екен?..


    Гүлзина БЕКТАС