Осы күні мемлекеттік сатып алу порталын бақылап отырып, көптеген заңсыздық, соның ішінде мемлекеттік мекемелердегі жемқорлық пен ақшаны ысырап ету деректерін анықтауға мүмкіндік бар. Тиісті салаға бөлінген қаржының қай кезде де сұрауы болған жөн. Өкінішке қарай, бюджет қаржысына салғырт қарайтындар көп-ақ. Бүгін біз Атырау облысындағы денсаулық сақтау мекемелері қаражатты қалай оңды-солды шашып, көңілге күмән ұялатқанын тізіп өтеміз.
Бір емханың былығы бастан асады
Пандемия кезінде медицина саласы ақсағанына куәміз. Елге дәрі-дәрмек пен медициналық жабдық, құрылғы жетіспей жатқан уақытта Атыраудағы бірқатар медицина мекемесі ақшаны ысырап етіп, әлекке түскен тәрізді. Жуырда мемлекеттік сатып алу порталына шолу жасаған Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы бірнеше заңсыздықтың бетін ашыпты. Былтыр дерт өршіп тұрған кезде Атыраудағы № 5 қалалық емхана әрқайсысына 125 мың теңгеден шығындап, қан құрамының оттегімен қанығуын өлшейтін 30 дана пульсоксиметр сатып алған. Мердігер ретінде Pharmalogica ЖШС көрсетілген. Енді қараңыз, жаңағы пульсоксиметрдің бір данасы нарықта 15-30 мың теңгеден саудаланады. Ал өңірлердегі орташа сатып алу бағасы шамамен 37 мың теңгеден аспайды. Емхана келісімшартта көрсетілген бюджет қаражатына нарықтағы бағамен өлшесек, 30 емес, 125 дана пульсоксиметр құрылғысын сатып алуына болар еді. Әлде емхана сатып алған құрылғылардың қатардағы пульсоксиметрден артықшылығы бар ма? Бұл мәселеге байланысты сұрау салғанымызбен, Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы әзірге тіл қатпай отыр. Ал Маңғыстау облысының Азаматтық альянсының өкілі Гүлден Әубәкірова басқармаға хабарласқанымен, еш реакция болмағанын айтты. – Аталған мәселеге орай Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасына байланысқа шығып үлгердік. Барлық жайтты баяндадық. Мүлдем реакция білдірген жоқ, бейжай қарады, жарытып жауап ала алмадық. Содан кейін осы өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне шықтық. Департамент бұл жағдайды әлі тексермегенін жеткізіп отыр. Жалпы, Атырау облысының денсаулық сақтау мекемелерінен мұндай заңсыздықтар көп анықталып келеді, – дейді ол. Дегенмен №5 қалалық емхана басшылығының түсініксіз әрекеті мұнымен таусылмайды екен. 2020 жылы тамыз емхана басшылығы қызметкерлеріне пәтерді жалға алу қызметін 375 мың теңгеге сатып алмақшы болған екен. Бірақ бір қызығы, сол кезде Атырау қаласы әкімдігінің балансында 110 пәтер пайдаланылмай бос тұрған. Яғни, осы пәтерлердің бос тұрғанына қарамастан, емхана шығын келтірмекші болған. Абырой болғанда, Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент сатып алу процесінің алдын алып, тоқтау салыпты. Бұл жөніндегі департамент хатының мәтіні қолымызда бар. Онда №5 қалалық емхана «сатып алу рәсімінде бағаны негізсіз өсіріп, бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған шараларды орындамаған» деп көрсетілген. Алайда департамент бір заңсыздықтың алдын алғанымен, 2020 жылдың ақпан айындағы №5 қалалық емхананың әрекетіне тұсау сала алмапты. Нақтырақ айтсақ, былтыр 19 ақпанда әкімдік балансында бос тұрған пәтерлер барына қарамастан, емхана басшылығы екі қызметкеріне 1 млн 200 мың теңгеге пәтерді жалға алу қызметін сатып алған. Бұл заңсыздық жөнінде аймақтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті хабардар. Бірақ қандай шара қолданғаны әлі белгісіз. Әлде «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды ма? Демек, бір емхананың кішігірім болса да заңсыз әрекеттері басынан асып тұрған сыңайлы. Ал өңірдің Денсаулық сақтау басқармасы мәселеге неліктен немқұрайды қарап отырғанын түсіну қиын.4 есе шығын келтірген
Мұндай жағдайлар өңірдегі бір ауруханада ғана тіркеліп отырған жоқ. Дәл осы Атыраудағы облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (ЖИТС) қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталық» бір рет қана пайдаланатын медициналық комбинезонның бір данасын 11 900 теңгеден сатып алыпты. Ал нарықта комбинезонның бір данасы 3 мың теңге тұрады. Осылай 100 данасына 300 мың теңге шығындаудың орнына орталық 1 млн 190 мың теңге жаратып жіберген екен. Демек, нарықтағыдан 4 есе қымбат баға. Осы проблемаға қатысты ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының басшыларына хабарласпақ болдық. – Бұл мәселе бойынша басшылық пен мемлекеттік сатып алу бөлімі хабар алды. Жауаптары дайын болған соң жазбаша түрде жауап беруге әзір. Бір айта кетерлік жайт, бұлай сатып алынған жоқ, – деп қысқа қайырды орталықтың баспасөз қызметі. Мемлекеттік сатып алу порталында орталық комбинезондарды сатып алғаны толық көрсетілген. Дегенмен баспасөз қызметі «бұлай сатып алынған жоқ» деп неге айтқаны белгісіз. Мүмкін алдағы уақытта басшылық бәрін мұқият түсіндіріп берер. Бұл жайттардың бәрін қазбалап отырар заңды себебіміз бар. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 4-бабы, 1-тармағында мекемелердің мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланатын бюджет қаржысын оңтайлы және тиімді жұмсауға тиіс екені көрсетілген. Ал жоғарыдағы ауруханалардың іс-әрекеті бұған кері жұмыс істеп тұрғанын аңғардық. Мемлекет қаржысын шығындау мемлекет алдындағы қылмыс емес пе?Мадияр ТӨЛЕУ