Жапсырма құрылыстың жыры бітпей тұр

Жапсырма құрылыстың жыры бітпей тұр

Қазір Алматыда жеке тұрғын үй мен басқа да түрлі ғимараттарға жапсырып немесе тұрғын үйлердің ортасындағы балалар алаңына құрылыс жүргізу деректері көп. Бұл, әрине қала көркіне, экологиясына жанашыр жандарға ұнамайтыны анық. Тап осы мәселе Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағын­таев­тың «Aлматы диалогы 2.0» тұрғын­дар алдындағы есептік кездесуі кезінде де айтылды. Қала тұрғыны Толқын Орайханова Назарбаев даңғылындағы №176 және 220/3 үйлердің тұрғын­дары атынан нүктелі құрылыс салу мәселе­сіне қатысты сұрақ қойып, іле-шала мә­селені егжей-тегжейлі анықтау мақ­сатында бұл құрылыс тоқтатылды.

Қалалық әкімдік тарихи орталықта, сон­дай-ақ тұрғын үйлердің аулаларында нүктелі құрылыс жүргізуге тыйым салы­наты­нын айт­қан. Сондай-ақ үйлердің арасына «кіріс­тірулер» салуға тыйым салынады. Ал тозығы жеткен тұрғын үйлер бұзылған кезде, қазіргі биіктігін сақтай отырып, үйлер салуға рұқсат етіледі. Бұдан былай тарихи орталықта орналасқан учаскелердің иелері тұрғындардың қалауына сәйкес абаттандыру жұмыстарын жүргізе алады. Олар сондай-ақ ойын алаңдары мен қоғамдық орындарды қолданыстағы архитектуралық имиджді бұзбай жабдықтауы тиіс. Әзірленген ережелерде ғимараттың тығыздығын, арнайы қала құрылысын реттеу аймақтарындағы ғимараттардың биіктігін ескеру жоспарланып жатыр. Мұнда көгалдан­дыруға, аэрацияға, қалалық қоршаған ортаны сақтау мен жақсартуға, қасбеттердің ди­зайнына қойылатын талаптар жазылады. Ережелер қаңтарда әзірленіп, ақпан айында көпшілік назарына ұсынылып, наурызда құжат қабылдануы мүмкін екені айтылған.

Қоғам белсенділері күткен құжат

Бұл негізі көптен күткен ереже еді. Олай дейтініміз нүктелі құрылыс жайы кейінгі жылдары жиі айтылатын мәселеге айналған. Қала белсенділері нүктелі құрылыстың көбейіп бара жатқанына алаңдап өткен жылы ақпан айында митинг те ұйымдастырған. «Алматыны қорғаймыз» қоғамдық қозғалысы­ның үйлестірушісі Салтанат Тәшімова «Қолымызда қалада осындай нүктелі құры­лыс­пен айналысып жатқан 30 нысанның дерегі бар. Санитарлық, құрылыс, басқа да талаптар бұзылып жатыр. Оларға рұқсат бер­ген кім?» дейді. Қазір «Алматыны қорғаймыз» қоғамдық қозғалысы қатарындағылар мың­нан асады. Оларды қаланың қазіргі ахуалы алаңдатады. Белсенділер орынды-орынсыз салынып жатқан құрылыс таудан келетін самалды бөгеп, шаһар тынысының тарылуына әсер етіп жатқанын айтып күйінеді. Сондай-ақ сейсмикалық жағынан қауіпті аймаққа жататын Алматыда әрбір құрылыстың салы­нуы мен бұзылуы қатаң бақылауда болуын назарда ұстау керек екенін айтады.

Бұрын сатылған 36 жер телімі бар 

Қала әкімдігі мониторинг жасап анық­таған­дай, шаһардың тарихи орталығының өзінде құрылыс үшін ертеректе сатып алынған 36 жер учаскесі бар. Олардың бірі құрылысты аяқтап үлгерсе, кейбіреуі таяу мерзімде іске кіріспек. Іске енді кіріскелі жатқан жер иелеріне қала құрылысы туралы концепция өзгергені ескертіліп, бұл жерде ескі ғимарат­тың сыртқы келбеті мен биіктігі сақталу керегі айтылуда. Ал ішкі әрлеу жұмыстары өз еріктерінде. Әрине, қаланың орталығындағы қымбат жерді кәсіпкерлер биік ғимарат тұрғызып, бизнес жүргізу үшін сатып алған. Бұл өз кезегінде олардың наразылығын тудырып отыр. Бірақ тәртіп бәріне де ортақ. Қала билігінің шешімімен тарихи орталықтағы үйлер ауласына құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Тарихи орталықтағы мәселе осылай шешілді делік, аулада, бұрынғы ғимараттар мен үйлерге жапсырып қосымша құрылыс жүргізу қаланың басқа аудандарында да көптеп кездеседі. Қосымша салынған ғима­раттарда олардың бірі дүкен, бірі оқу орта­лығы, тағы басқа да бизнес нысандарын ашып алған. Мысалы, Медеу ауданының №2, №2А, №12, №91 үйлерінің 200-ден астам тұрғыны Самал-2 ықшамауданында (әл-Фараби даңғылына жақын жерде орналасқан) ескі үйлердің орнына биік ғимараттың бой көтеретін­іне қарсылық танытып, әкімдікке хат жолдаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе 10 жылдан бері талай рет көтерілген, бірақ нәтижесіз. Олар сейсмикалық жағынан қауіпті аймақта 28 қабатты ғимараттың бой көтеретініне түбегейлі қарсы. Алматы қала­лық жоспарлау және урбанистика басқарма­сындағылар құрылысшылар әкімдікке құры­лыс­ты бастауға рұқсат алу үшін хабарлас­пағанын айтады. Әйтсе де, ескі үйлердің орнына құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін дайындық жасап жатқан құрылысшылардың әрекеті тұрғындарды алаңдатып отыр. Осындай шағыммен әкімдікке жүгініп отырған басқа да тұрғындар баршылық. Нұр­мақов көшесі тұрғындарының айтуынша, олардың ауласында бірден үш тұрғын үй бой көтерген. «Құрылысшылар қонақ үй тұрғызуға рұқсат алғанмен, мұнда кәдімгі көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Қазіргі таңда алтыншы қабатқа жетті. Біздің үйдің жанынан тағы бір подъезд тұрғызылмақ. Бұл нормаға сай емес. «Еврокод 8» стандарты бойынша сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын Алма­тыда біздің үйге жақын келесі үй 32 метр қашық­тықта салынуға тиіс, ал жоба бойынша 15 метр ғана», – дейді тұрғындар. Өткен айда Медеу ауданына қарасты Самал-3 ықшамауданында (Меңдіқұлов пен Қажымұқан көшелері қиылысы) жер қо­жайынының кеңсе мен тұрғын үй салуына да тұрғындардың қарсы шыққаны есте. «Көршілердің бәрі құрылысты тоқтату керек деп қарсы шықты. Тіпті, бір әжей осы жерде құрылыс басталса бензин шашып, өзін-өзі өртейтінін айтты. Осылайша, биліктің назарын өзіне аударып, скверді балалары мен немерелері үшін қалдыруын талап етті. Бірақ содан кейін де құрылысшылар қайта келіп, белгілер жасап, іске кірісуге дайын­далып жатты», – дейді қала тұрғыны Наталья Черно­ножкина. Алматы қалалық жоспарлау және урбанис­тика басқармасы басшысы Алмасхан Ахмет­жанов тұрғындардың дауынан кейін құ­рылысшылардан жұмыс жүргізуге берілген рұқсат қайтарып алынғанын айтады. «Бұл жер учаскесі жекеменшікке тиесілі. Ол бұл жерді екінші деңгейлі банк арқылы сатып алған. Бұрын мұнда құрылыс болған, бірақ кейіннен сүрілген. Тұрғындардың наразылығынан кейін құрылыс тоқтатылып, алдымен сот талқылауы мен жерді пайдалану құқын анықтап алу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді ол. Негізі, мұндай мысалдарды көптеп кел­тіруге болады. Қалада құрылысты бірізге салу, оның экологияға кері әсері тимеуін қадағалау, сейсмикалық жағынан қауіпсіз болуына мән беру керек-ақ. Бір қуанарлығы, қаланың бұрынғы сән-салтанатын сақтап, қауіпсіз болуын қадағалауда тұрғындар да енжарлық танытып отырған жоқ.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ