Қазақстанға Түрікменстаннан 153 қандасымыз көшіп келді
Қазақстанға Түрікменстаннан 153 қандасымыз көшіп келді
212
оқылды

Бүгін Түрікменстан Республикасынан 153 қандасымыз туған жеріне көшіп келді. Mangystaumedia.kz-тің хабарлауынша, 2020 жылы әлемде орын алған пандемияға байланысты елімізде көшіп-қонушылар ағыны кейінге қалдырылған.  Содан бері шетелдік қандастарымыз ел аумағына кіргізілген жоқ.

Үкіметтің қолдауымен бүгін барлық санитарлық талап сақтала отырып, Қазақстанға көшіп келуге өтініш тастаған қандастарымыз отанына қоныс аударды. Қазақстан – Түрікменстан шекарасындағы «Болашақ» станциясында Қарақия ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен Қарақия орталық аудандық ауруханасының медбикелері Марал Ермағанбетова және Ляззат Унгарбаева ағайындарға көмегін көрсетті. Қоныс аударушылардың ПТР тест сынамасының нәтижесі мен тиісті құжаттары тексеріліп, «Қазақстан Темір Жолы» Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның демеушілігімен арнайы дайындалған пойызбен елге келген.

Олар мінген пойыз Жаңаөзен станциясына, одан кейін Маңғыстау станциясына келді. Оларды Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданы әкімдігінің қызметкерлері күтіп алды. Бірқатары туыстарының үйіне жайғасса, ал бір бөлігі өзге облыстарға қоныстанады.

Атап айтсақ: Ақтау қаласына 42 адам, Мұнайлы ауданына 58 адам, Түпқараған ауданына 11 адам, Жаңаөзен қаласына 18 адам, Жамбыл облысына 9 адам, Алматы қаласына 11 адам, Ақтобе облысына 1 адам, Шымкент қаласына 2 адам барады.