Қазақстанда тұрғын үй неге қымбаттап жатыр?
Қазақстанда тұрғын үй неге қымбаттап жатыр?
500
оқылды

Қазақстанда жаңа пәтер бағасы қалай өзгерді?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтарда Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі 319,2 мың теңге болды. Бұл желтоқсандағы бағамен салыстырғанда 3%-ке көп, ал 2020 жылы қаңтардағы көрсеткішпен салыстырғанда 7,3%-ке көп. Өңірлер арасында Өскеменде бір айда жаңа пәтер бағасы қатты қымбаттаған. Пәтердің шаршы метрінің бағасы қаңтарда 300 мың теңгеге жуық болса, желтоқсандағы бағамен салыстырғанда 32,4%-ке өскен, ал 2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 42,2%-ке өскен. Ал биыл Қазақстандағы ең қымбат пәтер Нұр-Сұлтанда. Қаңтарда жаңа пәтердің орташа құны 400 мың теңгеден астам болды. Өткен айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 3,4%-ке, 2020 жылдың қаңтарындағы бағамен салыстырғанда 9,9%-ке өскен. Биыл қаңтарда Алматыда жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 370 мың  теңгеге жуық сатылған. Өткен аймен салыстырғанда 2,6%-ке, өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ке өскен. Жаңа жылда жаңа пәтер бағасы арзандаған өңірлер де бар. 2020 жылы желтоқсандағы бағамен салыстырғанда жаңа үй құны Атырауда 8,5%, Ақтауда 3,8%, Шымкентте 4,8% арзандаған.  width=

Қайталама нарықтағы баға қалай өзгерді?

Қазақстанда қайталама нарықтағы тұрғын үй құны айтарлықтай өсті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл қаңтарда елде қайталама нарықтағы үйдің бір шаршы метрі 244,7 мың теңге болған. Бұл желтоқсандағы бағамен салыстырғанда 5%-ке артық, былтыр қаңтардағыға қарағанда 17,9%-ке артық. Ең үлкен өсім Оралда тіркелді. Бұл қалада пәтерлердің құны бір айда 32,1%-ке, ал бір жылда 65,8%-ке қымбаттады. Ал Түркістанда бір ай ішінде тұрғын үй 20,1% қымбаттады. Бұл нарықтағы ең қымбат үй Нұр-Сұлтанда екен. Онда қайталама нарықтағы үйдің шаршы метрінің орташа  бағасы 400 мыңнан асады. Астанадағы тұрғын үй құны бір айда 10,4%, ал бір жыл ішінде 23,2% қымбаттаған.  width=

Бағаның өсуіне не әсер етті?

Shefer Group жылжымайтын мүлік компаниясының маманы Гүлзат Сауытованың айтуынша, кейінгі кезде тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне бірнеше фактор әсер еткен. Олар:
  • тұрғын үйге сұраныс;
  • доллар бағамы;
  • ипотека бағдарламаларының көбеюі;
  • зейнетақы жинағын пайдалану;
Маман Қазақстанда кейінгі айда тұрғын үйге сұраныс қатты өскенін айтады. Ал сұраныстың артуына бірден-бір әсер еткен – үй алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар. Маманның пікірінше, мемлекет халыққа үй алуға арналған бағдарламаны көбейткен сайын, сұраныс та өседі, тұрғын үй салатын компаниялар да көбейе береді. Мұндай жағдай бағаның өсуіне қатты әсер етеді екен. "Біз құрылыс компаниялармен тікелей жұмыс істейміз. Жыл сайын құрылыс компаниялары да, жаңа үйлер де көбейіп, сұраныс та артып жатыр. Азаматтар үй сатып алуға қызыққан сайын құрылыс компаниялар да қарап қалмай, бағаны аз-аздан өсіре береді",– дейді Гүлзат Сауытова. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтің айтуынша, Қазақстанда тұрғын үйдің бағасы апта сайын 3% өсуіне, халықтың жаппай дүрлігуі себеп екен. Ол бағаның мұнша қатты өзгеруіне зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі әсер еткенін растады. "Бізде құрылыс компанияларының шамамен 70%-і тұрғын үй ғимаратын өз қаражатына салады. Сондықтан қазақстандықтар баспананы нарықтағы бағада сатып алуға мәжбүр",– деді сарапшы Lsm порталына берген сұхбатында. Сарапшы өзге аймақ тұрғындарының республикалық маңызы бар қалаларға жаппай көшуі де бағаның өсуіне әсер ететінін айтады. Гүлзат Сауытованың мәліметінше, өзге өңірлердің тұрғындарынан Нұр-Сұлтаннан баспана алуға өтініш көп түседі. Олар әсіресе, "Шаңырақ" бағдарламасы арқылы және қолма-қол ақшаға үй сатып алғысы келетіндер қарасы көп екен.

Қазіргі баға арзандауы мүмкін бе?

Сарапшының айтуынша, тұрғын үй бағасы қазіргіден айтарлықтай түспейді. Бәрібір қазіргі меже сақталады. "Жаңа үйлердің бағасы арзандайды деп күтудің қажеті жоқ. Себебі оның құны құрылыс сатысына тікелей байланысты. Қазір салынып жатқан үйлер бастапқы сомадан, үй салып біткенше өсе береді. Ол ешқашан арзандамайды. Мысалы, бастапқыда пәтердің шаршы метрі 260 мыңнан сатыла бастаса, ол бірте-бірте сұранысқа байланысты өсіп, 350 мыңға дейін барады. Сондықтан бағаның түскенін күтіп жүрген адам тек ұтылады. Қаншалықты ерте алсаңыз, соншалықты арзанға аласыз", – дейді ол.

Тұрғын үйді қай кезде сатып алған тиімді?

"Бүгінге дейін тұрғын үйге сұраныс артпаса, азайған емес. Жаңа жылда да, тіпті карантинде де үйлердің сатылымы жақсы болды. Мейлі қандай мақсатта алсаңыз да, ертерек алу керек. Кей клиенттер болады 1-2 жыл бойы қай үйді алсам екен деп, таңдап жүріп қалады. Жақсы үй қалмайды, тез өтеді. Неғұрлым ерте алсаңыз, соғұрлым тиімді", – дейді маман.

Бағаны мемлекет қалай реттейді?

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қазақстанда мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй бағасын белгілеуді ұсынды. "Үкімет пен бәсекелестікті қорғау агенттігінен тұрғын үй бағасының өсуін шектеу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды, тұрғын үй бағасының өсу себептеріне талдау жүргізуді және тұрғын үй нарығындағы бәсекелестікке қарсы фактілерін анықтау жөніндегі жұмысты жүргізуді сұраймын. Сонымен бірге барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үйдің шаршы метріне шекті бағаларды белгілеу және мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде құрылыс компанияларының отандық өндірісті дамыту және құрылыс материалдарының импортын алмастыру бойынша міндеттемелерін көздеу қажет", – деді ол. Депутаттың мәліметінше, былтыр "5-10-20" бағдарламасына 390 млрд теңге, "7-20-25" бойынша 309 млрд теңгеге, "Баспана-Хит" бойынша 431 млрд теңгеге қарыз мақұлданды. Оның айтуынша, мұндай мүмкіндіктердің пайдасы азаматтарға емес, құрылыс компанияларына көп пайда әкеліп жатыр. "Қазір азаматтарға зейнетақы жинақтарын пайдалану құқығы берілді. БЖЗҚ-дан алынған ақша көлемі 2,4 трлн теңгеден асуы мүмкін. Басқаша айтқанда, триллион теңге тұрғын үй нарығына өтеді. Соған байланысты құрылыс компаниялары тұрғын үй сапасын жақсартудың орнына, бағаны негізсіз өсірді. 2020 жылы жаңа тұрғын үй бағасы 5%-ке, қайталама тұрғын үй бағасы 13,2%-ке өсті. Бұл ресми статистика, – деді ол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында баспана бағасын арзандатуды тапсырды. "Мен Үкіметтің қаңтар айындағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет айтарлықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы, бұл ұсыныстарды қолдаймын. Дегенмен, нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді, мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді. Баспана мәселесі "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50%-ке дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы. Жұмысты дұрыс жолға қоя алсақ, осы бастама ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек", – деді Мемлекет басшысы.