Боран «естен» тандырды
Боран «естен» тандырды
261
оқылды

Атырауда жауған қалың қар мен сы­қыр­лаған сары аяз тұрғындар мен ком­муналдық сала қызметіне жауапты адам­дарды әуреге салды.

Ақпанның ақтүтек боранында адам да, ірі қара мал да ықтасын іздеп адасты. Тұрғын үйлер салқындап, жылу мардымсыз болып, ауызсу құбырлары жарылып, көк­тайғақта аяқ-қолын сын­дыр­ғандар көбейді. «Орал – Атырау» тасжолында жол-көлік оқиғаларынан бірнеше адам қайтыс болды. Жиырма жылдан бері боранды күндер алыстап, аптап ыстық ауа райына үйреніп қалған атыраулық­тар үшін ақпан айындағы ақтүтек боранды күндер жылға бергісіз болды. Көгілдір отынмен қам­тамасыз етілген жеке үйлер де, жылумен қамтамасыз етілген тұр­ғын үйлер де суып кетті. Тұрғындар жергілікті атқарушы биліктен мұның себебін түсіндіруін талап етті. Облысты газбен қамтушы мекеме өкілдері ауа райының қатты суытуына байланысты бүкіл қала бойынша тұрғын үйлер мен өн­дірістік ұйымдарда газ толық қуатпен берілді, сон­дықтан желілердегі қысым төмендегенін айтады. Боран мен аяз қысқан күндері Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін «Союз» магистральды газ құбырында апат бол­ған. Осыған байланысты ресейлік газ тасымалы тоқтатылды. «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторы жеткізілмеген көлемнің орнын толтырып, Атырау облысындағы тұтынушыларды тұрақты газбен қамтамасыз ету үшін «Құлсары», «Мақат», «Жанғала» компрессорлық станса­ларында жедел ауыстыру жұмыстарын жүргізді. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлерінің жедел шаралары арқасында Атырау облысында 21 газ тарату стансасы, 1 жылу электр стансасының және 1 газ турбиналық электр стансасының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, тұтынушылардың барлық санаты үшін тауарлық газдың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Дей тұрғанмен, «Жұмыскер» елді мекенінде газбен қамтуда проблемалар туындап, апат орнында арнаулы бригада жұмыс істеп, ақауды жөндеп, тұрғындарға газ берілді. «Алмагүл» ықшамауданында жылу құбыры жарылып, оны да апаттық бригада санаулы уақытта жөндеп іске қосты. Ақпанда қаһарына мінген боранды әрі көктайғақ күндері «Қазавтожол» ҰК АҚ мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, барлық бағыт бойынша республикалық, облыстық маңызы бар автожолдарды жабу туралы шешім қабылдады. боран Бірақ ескертулерге қарамастан, техника мен адамдар қар құрсауында қалып қойды. Атырау облыстық ішкі істер департаменті өкілі берген мәліметке сүйенсек, қарлы боран кезінде республикалық маңызы бар Ақтөбе–Атырау–Астрахань, Атырау–Орал, Доссор–Құлсары–Бейнеу тасжолдарында жол-көлік оқиғасы болған жоқ. Дей тұрғанмен, Батыс Қазақстан аумағына қарасты «Атырау–Орал» трассасының жол учаскесінде жантүршігерлік екі жол апаты болып, бірінде 4 адам, екінші жол апатынан 6 адам қайтыс болғаны жұртшылықты есеңгіретіп тастады. Атыраудағы ақтүтек боран мен көктайғақта тұрғындардың травматология бөлімшесіне жүгінуі көбейді. Денсаулық сақтау басқарма­сы баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 мен 25 ақпан аралығында өңірдің 329 тұрғыны облыстық аурухананың травматология бөлім­шесіне түрлі жарақатпен келген. Оның ішінде 17 адам облыстық аурухананың травматология бөлімшесінің стационарында емделуде. Жеңіл үсік шалған 7 адам амбулаториялық ем алуға үйіне жіберілген. Адам өлімі дерегі тіркелмеген, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен19 адам үйде амбулаториялық ем алып жатыр. Ақпанда әуреге салған боран ірі қара малға да жайсыз тиді. Әлеуметтік желіде «Атырау–Орал» трассасының Индер ауданы Есбол, Елтай, Аққала ауылдарының маңында үйір-үйір жылқының ығып, суықтан үсіп жатқаны жөнінде бейнежазба тарады. Аяз күшейіп кеткеніне қарамастан, Индер ауданы әкімдігі аудан аумағында топталған жылқылардың иелері табылып, айдап кеткенін хабарлады. Ауыл шаруашылығына жауапты басшы­лардың айтуынша, шамамен 300-дей жылқы трассаның ауыл жақ бетіне ығып өтіп кеткен. Ірі қара мал көлікке соғылып қалмас үшін түнде жолдың келесі бетіне шығарылған. Ал әлсіреп құлап жатқан жылқыларды иелері алып кеткен. Суықтан үсіп өлген мал шығыны болмады. 1980 жылдардағыдай боранды, қалың қар жауған ауа райын көрмегелі жиырма жыл болып, жылы климатқа бойұсына бастаған батыс халқын бір аптаға жетпеген ақ боран әуреге салып кетті. Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы