Жедел жәрдеммен бірге жеткен сырқат әйелдің ұлы анасына ота жасауға дайындалып тұрған хирургті ұрып есінен таңдырып, дереу ізін суытқан. Бұл туралы КТК хабарлады.
Соққы алған дәрігер ауруханада жатыр. Оқиға таңғы сағат төртте болған. Соқыр ішегі іріңдеп, тесілуге шақ тұрған науқасты жедел жәрдем көлігі дереу аудандық ауруханаға жеткізіпті. 58 жастағы әйелге кезекші дәрігер ота жасауға дайындалып тұрған екен. Алайда емді екі сағатқа кейін шегеруге тура келді. Себебі, науқаспен бірге еріп келген ұлы хирургті ұрып құлатқан.
Травматолог дәрігер Элбек Мирташов: «Келсек, кетіп қалған екен. Бәрі біткен екен. Бірақ, дәрігерімізді қарадық. Миы шайқалған. Сол жағынан ұрған. Көгерген жері көрініп тұр. Беті ісіп кеткен. Басына зақым келіп, миы шайқалған. Ауыр соққыдан есінен танып құлаған», – дейді.
Отаны жасауға басқа дәрігер шақыртуға тура келген. Соққыдан есінен танған хирург сол күйі аяғынан тұра алмаған. Ал соқталдай жігіт дәрігерді ұрып құлатқан соң, ізін суытқан. Дәрігерлер науқастың ұлы кіргеннен-ақ балағаттап, айқай шығарғанын айтады. Ал хирург тек сабырға шақырмақ болыпты. Жалпы, бұл дәрігерлердің бірінші рет таяқ жеуі емес екен.
Талғар ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков: «Ауруханаға пандемия кезінде науқастың туыстары кіргізілмейді. Кейде баса-көктеп кіріп кетеді. Дәрігерлермен ұрсады. Бұл жерде де баласы анасының жанына кіріп кеткен ғой. Кіреберісте күзет болған», – деді.
Дәрігерді ұрып құлатқан 35 жастағы Талғар тұрғыны ұсталды.
Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы: «Талғар ауданының полиция бөлімі оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Дәрігердің жарақатын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», – дейді.
Басынан жарақат алған хирургтің енді ұзақ уақыт емделуіне тура келеді. 31 жастағы маман жақында ғана басқа ауруханадан Талғарға ауысып келген.