Наманганда Қожа Ахмет Ясауидің мөрі табылды

Наманганда Қожа Ахмет Ясауидің мөрі табылды

Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-экспедициясы аясында Өзбекстанның Наманган қаласынан Түркі әлемінде ислам дінінің кең таралуына ерекше леп берген әйгілі Қожа Ахмет Ясауи шежіресі­нің бір нұсқасы мен ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есі­мі жазылған мөр табылды.

Бұл туралы Наманган деле­гация­сының құрамында болған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік та­рихи-мәдени қорық-музейінің бас­пасөз қызметкері Мәдина Са­быр айтып өтті. Ахмет Ясауидің тарихына қа­тыс­ты құнды мұралар Ясауидің ұрпағы, ғұлама ғалым Ибрахим­жан Шарифхужаев қа­жының қолында сақталған. 98 жас­­тағы Ибрахимжан ақсақал – Түр­кістан қаласының тумасы. Ах­мет Ясауи кесенесінің жанында өмір сүріпті. Діни сенімдерге қар­сы атеистік көзқарас дендеген ке­зеңде Түр­кіс­тан қаласынан да көп­теген тақ­уа жан қудалауға түсіп, кітап­тары өртеліп, қиын кезеңдерді бастан өткерген екен. Бұл зобалаң Ахмет Ясауи ұрпақ­тарына қатты соққы болған. Сол себепті әке­сі­нен ерте айырылған Ибрахимжан қа­рия 10 жасында анасы екеуі бас сау­ғалап, Наман­ганға тығылыпты. Ата-баба­ларынан ұрпақтан-ұр­паққа жет­кен Насабнама мен мөрді сақтап қалу үшін Наманган же­рінде де көп қиындық көрдік деп еске алады қария. «Әкем Түр­кіс­танда жерленді. Анам болса Наман­ганда жатыр. Бізге бұл жақта да оңай болған жоқ. Атадан балаға мұра болып келе жатқан аманатты сақтап қалу анам екеуміздің басты парызымыз болды. Қараңғы сәт­терде жасы­рынып жүріп, насаб­нама­ны арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көм­дік. Жер астында көп жатқандықтан, Насабнама­ның кейбір жерінің бояуы өзгеріп, шіри бастады. Кө­зім­нің тірісінде бұл аманатты бабам жатқан жерге табыстауды армандап жүрген едім»,– деді Ибрахимжан қажы. Наманганнан табылған На­саб­­нама нұсқасы шағатай тілінде жа­зыл­ған. Ұзындығы – 2,5 метр. Мұра­ның қай ғасырға тиесілі екені әзірге белгісіз. Алдағы уа­қыт­та «Әзі­рет Сұлтан» мемлекет­тік тари­хи-мәдени қорық-музейі тарапы­нан Насабнамада жазыл­ған дерек­терге қатысты толық­қанды ғылы­ми-зерттеу жұмыс­тары жүргізіл­мек. Наманганның ғана емес, бүкіл республика жұртының құрметіне бөлен­ген ғұлама ғалым Ибрахим­жан ақ­сақал­дың сегіз ұл, үш қызы­нан тараған ұрпақ үлкен әулетке ай­налған екен. «Ұл-қыздарым Қожа Ахмет Ясауи ұрпақтарынан бол­ғанын қуанышпен айтады. Үлкен ұлым діни ілімді меңгеріп, зерттеу жұмыстары бойынша ме­нің жо­лым­­ды жалғастырды», – дей­ді қария. Қажы өз үйінің бір бөлмесінен Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістанға арнап шағын мұражай ашыпты. Мұражайға Ясауидің шежіресіне қатысты Насабнаманың көшір­месі мен мөрін және Түркістанға қатыс­ты суреттер мен кітаптар қойған. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар:рухани жаңғыру», «Ұлы дала­ның жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге қатысты деректер мен мұраларды жан-жақты зерттеу, іздеу, ұрпаққа аманаттау мақ­сатында қолға алынған «Ясауи ізі­мен» ғылыми-экспедициялық жо­басы Ташкент қаласында жал­ғасады», – дейді Мәдина Сабыр.

Назгүл НАЗАРБЕК