Жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы жалақы айырмашылығы – Қазақстандағы күйіп тұрған мәселенің бірі. Сарапшылардың пайымынша, өндіріс орындарында ара-тұра бұрқ ете түсетін жанжалдар да әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен туындайды. Үкімет бұл мәселені қалай шешуге тырысып жатыр?
Жақында шетелдік жұмысшыларға бөлінетін квота 40 пайызға қысқарды. Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, былтыр еңбек мигранттарына 49 мың квота берілсе, биыл 20 мыңға дейін азайған. Үкімет болашақта қара жұмысшыларды сырттан әкелуді біржола доғарып, оның орнын қазақстандық мамандармен толтыруды жоспарлап отыр.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмысшылардың 1,5-2 есе көп жалақы алатынын мәлімдеген еді. Бұл жағдай Бас прокуратура мен еңбек инспекциясы кәсіпорындарды тексерген кезде анықталған.
Былтыр қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі қытайлық CNPC компаниясының басшысы Ван Илинді жергілікті жұмысшылардың жалақысын шетелдіктердің жалақысымен теңестіруге шақырды. Содан кейін сең қозғала бастады. Инвестициялық кәсіпорындар көпе-көрнеу алалауды қойып, 361 жұмысшының табысын көтерді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мұндай фактілерге көз жұма қарамауды қадап тапсырған.
«Өңірлерге жасаған сапарларымда біздің азаматтарды жұмыс беруші тараптың кемсітуіне жол бермеу керегін айтып жүрмін. Сіздер де бұл мәселені көтергенсіздер. Менің тапсырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілді. Осы уақытта 95 компания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде шетелдік қызметкерлердің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. Осы талдаулар мен құзыретті органдардың тексеруі негізінде және Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар өзгерістерді әзірледі», – деді Мемлекет басшысы.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 19 мың шетелдік жұмысшы еңбек етеді екен. Олардың шынайы біліктілігін анықтау жағы ақсап тұрғаны жасырын емес. Өз елінде ұлтан болғандардың біздің елде сұлтан болып жүрмесіне ешкім кепілдік бермейді, яғни нострификациялау механизмінде кемшілік бар. Әрине, кейбірін қазбалап тексергенде шын мәнінде жалған диплом жасап әкелгені айпарадай ашылып та жатады.
Бұл жерде таяқтың бір ұшы шетелдік компанияларға қажет кәсіби маман даярлай алмай отырған отандық білім беру саласына тиетінін де ұмытпауымыз керек. Атырауға барған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жұмысшылардың біліктілігі жетіспейтінін мойындап, оларды оқытуды ескерткен еді.
Осы арада тағы бір жараның аузын ашуға тура келеді. Бізде шетелдік жұмыс күші құрылысқа, тау-кен өндірісіне, әртүрлі қызмет көрсету саласына, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен байланысты операцияларға, тұтынушыларға қызмет көрсету және өңдеу саласына да тартылған. Мейлі, тау-кен саласы өз алдына делік, ал басқа салалардың майын ішкен мамандар өзімізде де өріп жүр ғой. Сондықтан тау-кен, инновация, қайта өңдеу саласына ғана квоталар бөліп, қалған салаларға шектеу енгізу қажет сияқты. Құрылыс саласында, жылжымайтын мүлік нарығында, тұтынушыларға қызмет көрсету салаларында шетелдік мамандардың отыруы тіптен қисынға қайшы. Өз ішімізде сол саланы дөңгелетіп әкететін мамандар бола тұра шетелдіктердің жұмыс күшіне тәуелді болғанымыз ақылға сыйымсыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндік аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек», – дегенін білеміз. Ұлттық мүддені ойласақ, ұлттық қауіпсіздікті ойласақ, Мемлекет басшысының осы сөзіне құлақ асқанымыз жөн.
Тағы бір мәселе, қазақтар мен шетелдік жұмысшылардың бір-біріне жұдырық ала жүгіруі үйреншікті үрдіске айналған. Біреулер мұны «ұлтаралық кикілжің» деп бағаласа, ресми билік «тұрмыстық жанжал» деп жылы жауып қоюға бейіл. Қалай десек те, Еңбек кодексіндегі олқылықтарды реттейтін мезгіл жетті. Мемлекет шетелден жұмыс күшін тартуға рұқсат етті ме, ендеше оның салдарымен күресуге дайын болуға тиіс. Сонда ғана түйткіл шешіледі. Әйтпесе, қазақтың айдаладағы үнді мен арабта не атасының құны бар дейсіз? Қазақ ксенофоб болса, әлі күнге дейін осыншама ұлысты бауырына басып отырар ма еді?
P.S.
Бет қатталып жатқанда Жаңаөзен қаласының 200-ге жуық тұрғыны қала әкімдігіне барып, мұнай кәсіпорындарына тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етіпті деген хабар келді. Белсенділердің сөзінше, жаңаөзендіктер бұған дейін де жергілікті билікке бірнеше рет жүгінген, бірақ әңгіме нәтижесіз аяқталған. Осының өзі түйткілдің түйіні әлі тарқамағанын көрсетеді.
Ерсайын БАҒДАТ