Ауру малды алмайын десеңіз
Ауру малды алмайын десеңіз
131
оқылды

Өткен жылдың соңғы тоқсанында «Қарапайым заттар эконо­микасын дамыту» бағдарламасы аясында «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынған болатын. Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба жүзеге аспас бұрын өңір басшысы Асқар Мырзахметов әр ауданды жеке-жеке аралап, ауылдағы әрбір ауланы көзімен көріп шыққан еді. Енді, міне пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген ауыл азаматтарының алды көздеген қаржысына қол жеткізе бастады.

Жобаға өтінім білдіргендердің ба­сым бөлігі атакәсіпті дамытуға бел буған­дар. Енді өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстауды назардан тыс қалдырмаған жөн. Осыған орай Шу ауданы әкімдігінің ветеринария бөлімі облыс әкімдігі ветеринария бас­қармасының мамандарын ауданға ар­найы шақырып, пилоттық жобаға ен­ген ауыл тұрғындарымен кездесу өт­кіз­ді. Онда аудандық ветеринария бө­лі­мі­нің басшысы Болат Ниязбеков мал­ды түрлі жұқпалы аурулардан сақ­тап, ауру ошағын тудырмас үшін ең ал­дымен нені ескеру керек екенін атап өтті.

– Қазір пилоттық жоба аясында 21 адам жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Ендігі мәселе – ауылдық­тар­дың ауру малды сатып алмауын қатаң қадағалау. Ол үшін тұрғындар мал сатып аларда ең әуелі малдың анық­тамасы мен құжатының болуын талап етуі қажет. Сонымен бірге мал алмас бұрын Жаңақоғам ауылдық округінің ветеринар мамандарын ауызша ескер­туі керек. Одан кейін сатып алынған мал бір апта карантинде тұруы қажет. Ал шет мемлекеттен әкелген төрт түлік 21 күнге дейін карантинде тұрады. Біздің мамандар ол малдан қан алып, қауіпті аурудың бар-жоғын анықтап, тыңғылықты тексерістен өткізеді. Бүгінгі таңда ауданымыздың ветери­нария саласында жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстардың нәти­жесінде өңірімізде аса қауіпті аурулар тір­келмей, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыр. Ауру ошақтары анық­талған жоқ. Естуімше, несиеге қол жет­кізген бірқатар ауыл тұрғындары көршілес Мойынқұм және Меркі аудан­дарынан да мал сатып алуда. Сон­дықтан сатып алушылар алған малы­ның ауру-сырқаудан аман болғанын қаласа, жоғарыда аталған талаптарды қатаң сақтауы керек, – деді ол.

Облысымыздағы эпизоотиялық тұ­рақ­тылықты сақтау жергілікті атқа­рушы биліктің ветеринариялық қыз­метіне тиесілі екені айтпаса да белгілі. Ал тұрақты эпизоотиялық жағдай елі­міздің ауыл шаруашылығы саласын­дағы экспорттық әлеуетін дамытудың негізі саналады. Сондықтан да малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қам­та­масыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың рөлі ерекше екенін айта кету керек. Облыс әкімдігі ветеринария басқарма­сының бөлім басшысы Қанат Қарта­баев төрт түлік ауруларына тосқауыл қою үшін барын салып жүрген вете­ринар маман­дардың ауыр жұмысына ауылдықтар да атсалысу керегін айтады. «Ауыл азаматтарының ішінде малды сатушы мен сатып алушының арасындағы келісімшартты ветери­нарлар жасайды деген қате пікір қа­лыптасқан. Жер­гі­лікті жердегі сала ма­м­андары тұрғын­дарға жәрдемші ғана екенін ұмыт­пауымыз қажет. Ол сатып алған мал­ды ауыл шаруа­шы­лығы жануар­ларын бірдейлендіру де­рекқорына тіркеп, ауру-сырқаудан аман екенін анықтап, осы бағыттағы құжаттарын рә­сімдеп береді. Оның өзі мал иесінің жаз­баша өтініші бойынша жүзеге аса­ды. Мәселен, мал сатып алар­да вете­ри­нариялық анықтаманы мін­детті түр­­де алуы керек. Дәл осы анық­тамада сыр­­ғаның нөмірі жазы­ла­ды. Ауыл ша­руашылығы жануарларын бірдейлен­діру дерекқорына тіркелген малға қа­шан және қандай дәрі егілгені, қай уа­қытта қан алғанына дейін ақпарат бо­лады. Сондықтан дерекқорға енгізу де маңызды болып есептеледі. Соны­мен қатар карантин дегеніміз – қо­ра­ңызға келген малдың аурудан таза еке­нін, ұрлық мал емес екенін анықтау үшін атқарылатын іс-шара. Карантин кезінде малдың ауру екені анықтала­тын болса, оны бұрынғы иесіне қай­тарып беру құқығына ие боласыз. Сол үшін де вете­ринар мамандардың ке­ңесіне құлақ асқан жөн», дейді бөлім басшысы.

Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ісі емес. Төрт түлік ауруларының алдын алу мен жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, олар­дан алатын өнімдер мен ши­кізаттарды өңдеу және сатумен айна­лысатын барлық тұрғын дер кезінде дәрі егу шараларын жүргізуге, ауыл ша­руашылығы жануарларын бірдей­лендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен бірге қора-жайларын таза ұстап, барлық талапты сақтауы тиіс. Бұдан бөлек, жаңадан мал сатып ал­ғанда, сойғанда немесе сатуға өткіз­ген­де, сондай-ақ сояр алдында ветери­на­риялық-санитариялық сараптама жасамай сатпауы қажет. Әрбір жеке тұрғын қорасына ветеринариялық тексеру жүргізгенде мамандардың жұ­мысына кедергі келтірмеуге, төл ал­ғанда, мал ауырған жағдайда ветери­на­рия саласындағы мамандарға хабар­лау­ға міндетті саналады. Қалай дегенмен де ветеринария мамандарының ал­дында тұрған басты міндет – облыстағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыру және аса қауіпті экзоотиялық ауруларды болдырмау. Экзоотиялық ауру дегеніміз – шет мемлекеттерден келетін ауру ошағы. Ал Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны Талап Махамадиевтің сөзіне сенсек, пилот­тық жобаның аясында округ тұрғын­дары 4000 бастан аса ірі қара мен уақ мал сатып алмақ. Олардың арасында Қырғызстан мен Ауғанстан елдерінен де мал әкелетіндер бар көрінеді. Міне, сол себепті де төрт түлікті сатушылар мен сатып алушылардың салғырттыққа жол бермеуін қатаң қадағалау аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Ауыл тұрғындары күнделікті көже-қатығына пайдаланып отырған ет және сүт өнімдерінің таза болуын қаласа, жоғарыда аталған талаптарға бой ұсынуы қажет.

 

ЕрманҚАНЖАНҰЛЫ,
Жамбыл облысы