Есепсіз алынған қаржы
Есепсіз алынған қаржы
115
оқылды

Өз кәсібін ашамын деп ел бюджетінен қыруар қаржы алып, басқа нәрсеге жұмсау немесе салық төлемеу сынды заңбұ­зушылықтар әлі күнге тыйылмай келеді.

Мысалы, 2019 жылы өз жо­басын қорғап «Даму» қорынан қо­мақты қаржы алған 20 қа­рыз­гер осындай қитұрқылыққа барған. Орталық коммуника­циялар қызметінде өткен бас­па­сөз мәслихатында «Даму» қо­ры басқарма төрағасының орын­басары Фархат Сәрсекеев: «2019 жылы қаражатты мақсат­сыз пай­даланған 20 қарыз алушы анық­талды. Экономика саласы бойын­ша берген өтінімінен тыс бизнес бастамақ болған 15 қарыз алушы белгілі болды. Сол секілді жұмыс орындарын ашып, салық төлеу жағынан міндеттемеле­рін орын­дай алмағандар кез­десті», – деді.

Оның айтуынша, 2019 жылы банктер мен микронесиелік ұйым­­дарға талдау жасалған. Осы­ның нәтижесінде қарыз алу­шы­лардан қаражатты мақсатсыз пай­­далану бойынша 2,2 млрд теңге қайтарылып алынған. «Кей­­де қаражатты мақсатсыз пай­­далану жағдайы кездеседі. Мәселен, бір өтініш иесі мектеп немесе балабақша салуға өтінім беріп, оның нысаны құрылыс ба­рысында мейрамханаға неме­се дәмханаға айналып кетуі мүмкін. Алайда мемлекеттік қол­дау тұр­ғы­сынан мейрамхана немесе дәмхана басымдыққа ие сала емес. Тиісінше, мұндай жағ­дайда өтініш иесіне бас тартуға тура келеді. Себебі мемлекет ба­сым­дыққа ие салаларды бекі­тіп қой­ған», – деді ол. Фархат Сәрсекеев мемлекет басымдық­қа ие сала­лар­ды бекітуінің өз себебі барын айтады. «Мәселен, тауарды шек­сіз импорттай бермей, өз елімізде өндірілуі ке­рек өнімдерге жеңіл­детілген несие беріледі. Алайда кәсіпкер­лердің жобаны жүзеге асыру барысында жоспарлары өзгеріп кететін кездер болады. Мұндай жағдайды, әлбетте біз қара­жат­тың мақсатсыз пайда­ла­нуына жатқызамыз», – деді ол.

Иә, «судың да сұрауы бар» де­гендей, әр берілген қаражат­тың да есебі барын ұмытпауымыз керек-ау!

 

Әділ БЕК