Денсаулық сақтау министрлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы кез келген рецепт тегін дәрі-дәрмекке ие бола алатынын әрі дәрігерлердің электронды рецептке толығымен ауысуын қамтамасыз ететінін айтып отыр.
«Біз дәрі-дәрмек тізімін кеңейтіп жатырмыз. Үнемі ұлғайып отырады. Жыл сайын жаңа дәрі-дәрмектерді енгіземіз. Өткен жылы ісікке қарсы 20 дәріні қостық. Кейбір адамдар ойлайтындай, бұл оңай шаруа емес. Біріншіден, ол емдеу тұрғысынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді ме, жоқ па, оны сарапшы комиссия анықтайды» дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, дәрігерлер пациенттерінің саны қанша екенін әрі оларға нақты қанша дәрі-дәрмек керегін алдын ала біле алмауы мүмкін. Ол үшін цифрлы технология қажет. Соңғы екі жылда аталған ведомство цифрландыру жүйесімен нақты айналысып келеді. Бұл науқастарға қанша ақысыз дәрі-дәрмек керегін және қандай дәрі қажет екенін анықтай алады. Кейде дәрі-дәрмек бітіп қалғанын науқастың өзі де, дәрі беретін орталық та білмей қалуы мүмкін. Осындай жағдайда пациент тарапынан «түсініспеушілік» туындайтыны бар. Ол үшін аймақтар тұрақты жұмыс жүргізуі қажет. Дәрі-дәрмекті уақытылы жеткізушілермен келіссөздер жүргізіліп отырады. Кейде «сәтсіздіктер» де кездесіп қалып жатады. Кейбір тапсырыс орындаушылар тарапынан «өткен жылғы бағамен өткізе алмаймыз, біз жаңа бағамен өткізуіміз тиіс» деген пікірлер де айтылады дейді министрлік өкілдері.
Ал дәрі нарығын реттейтін формулярлық комиссия сарапшылары бар. Жалпы, кез келген дәрі-дәрмек электронды рецепт бойынша берілуі тиіс. Ал қағаз жүзінде мұны қадағалау мүмкін емес. Кейде дәрілер есепсіз беріліп кетсе, бұл да бақылаудың болмағанынан туындап отыр. «Мемлекет сатып алған кей қымбат дәрілер жекелеген секторларға немесе шетелдерге кетіп қалып жатты. Егер жарты бөтелке дәрі жарты миллион тұрса, өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Бірақ ол бір адамның өмірі үшін өте маңызды болуы мүмкін» дейді министр.
2018 жылғы статистикаға сүйенсек, тегін дәрі-дәрмек алатын науқастардың саны азайған. Өйткені «өлі тізімді» анықтағаннан кейін бұл сан қысқарып отыр. Шын мәнінде, кей науқастарға тегін дәрі-дәрмек жете қоймаған. Тіпті ондай дәрілердің бар екенін білмегендер де жетерлік.
«Соңғы бір жыл ішінде тіркелген диабет және гипертониялық аурулардың саны өсті. Бұл жаппай «індет» тарады деген сөз емес. Бұған дейін олардың көбі жекеменшік ауруханалардан ем алып, дәрі-дәрмекті ақылы түрде пайдаланып келген. Қазір біз оларды тіркеп, дерекқорға жүктеп қоямыз. Сол арқылы өздеріне қажетті дәрілерді алуына мүмкіндік туады» дейді Біртанов.
Электронды тіркеудің артықшылығы, қанша науқас бар екені және қандай дәрі-дәрмек қажет екенін біліп отыруға мүмкіндік тудырады. Әрі тегін дәрі-дәрмек бермей, сауда-саттықпен айналысатындардың жолы кесіледі. Барлық медициналық құжаттар электронды түрде жазылып, пациенттің емделген-емделмегенін біліп отыратын болады. Науқастың өзіне қажетті дәрі-дәрмектің қайсысы тегін, қайсысы ақылы екенін білу үшін де бұл жүйенің жасалғаны дұрыс болды. Тек ендігі үміт – жекелеген дәрігерлердің біліктілігінде. Дәрігер қателеспей, дұрыс диагноз қоя білсе, науқас та дер кезінде емделіп, ем алып шығар еді.
Айна ТҰРҒАНБАЙ