Тұрғындар ұсынысы әрқашан ескеріледі
Тұрғындар ұсынысы әрқашан ескеріледі
167
оқылды

Қазақстаның дамуы мен өркендеуі жолында басты рөл атқарып, жүйелі істердің ар­қасында халықтың зор сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясына 22 жыл толды. Осы­ған орай, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында салтанатты жиын өтті.

Жиынға қатысқан Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов нұротандықтарды мерекемен құт­тықтап, жаңа бастамаларды жүзеге асыру жолында сәттілік тіледі. – Қазір «Nur Otan» партиясы бірреттік іс-шаралар ұйымдастыруды емес, елімізде болып жатқан  нақты саяси, әлеуметтік-экономикалық және өзге де реформалардың басы-қасында жүруді мақсат етеді. Нағыз атына заты сай екенін сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеді. Партия өзінің дамуында жаңа кезеңге аяқ басты. Өткен жылы алғаш рет праймериз өткізіп, бірегей, мол тәжірибе жинадық. 2025 жылға дейінгі «Өзгеріс­тер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы  қабылданды. Қала тұрғындарының сапалы өмір сүруі үшін бағдарланған алдағы 5 жылдық  жұмыс жоспарымыз праймериз кезеңінде тұрғындардан түскен ұсыныстар негізінде дайындалды. Нақтырақ айтқанда, қала тұрғындарынан келген 685 ұсыныстың 98 пайызы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізі бағыттарының біріне айналды, – деді ол. Салтанатты жиында партияға жаңадан қабылданған 10 азаматқа партиялық билет табысталды. Партиялық билет алған азаматтардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, студент, зейнеткер және мұғалімдер,  дәрігерлер бар.

Әбілмансұр ЖАСАН