Тұрғындар сұрағына жауап берді
Тұрғындар сұрағына жауап берді
264
оқылды

Ордабасы ауданы Темір­лан ауылында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыс­тық филиалының көшпелі қоғам­дық қабылдауы өтті.

Аталған іс-шараның мақса­ты – облыстық басқарма басшыларын, жауапты өкілдерін, аудан әкімдігіндегі бөлім басшыларын тұрғындармен кездестіріп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау, нақты көмек беру. Өйткені кей жағдайда тұрғындар басшылардың қабылдауына кіре алмай, арыздары ес­керусіз қалып жатады. Көшпелі қо­ғамдық қабылдау осы кедергіні жоюға бағытталған игі қадам болды. Онлайн форматта өткен қабылдауға облыстық басқарма бас­шылары, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев пен бөлім басшылары қатысты. Қабылдауда оффлайн форматта – 13, тікелей эфир арқылы бірнеше тұрғынның арыз-шағымы тыңдалды. Тұрғындар газ, ауызсу, сапалы электр қуатымен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, жол, мектеп, аурухана салу мәселесін көтерді. Қоғамдық қабылдауда Шұбарсу ауылында халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мәселесі көтерілді. Аудан әкімінің орынбасары ауылда кәсіпкерлермен ке­ліссөз жүргізіліп жатқанын, жақында ғимарат салынып, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары сол нысанда жұмысқа кірісетінін айтты.Кейін шұбарсулықтар құжаттарын реттеу үшін Темірланға сабылмайтын болады. Шұбарсулық тағы бір тұрғын Ұ.Баранова немересінің денсаулығын тексерту, мүгедектікке шығару жөнінде шағымын жеткізді. Бұл мәселе де партиялық бақылауға алынды. Аудандағы денсаулық сақтау саласына жа­уапты басшылар жеткіншекті тексеруден өткізетін болды. Бөгендік А.Досанов ауылдағы ескі медициналық нысанды кәдеге жарату туралы ұсынысын айтты. Бұл сұраққа Түркістан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жауап берді. Оның айтуынша, аталған ғимараттан оңалту орталығы ашылып, қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі. Қабылдауда Бадам ауылы «Орда» шағы­науданында инфрақұрылым­ды жақсарту жөніндегі Б.Айдаровтың өтінімі де ескерусіз қалмады. Су, электр мәселелері биыл шешілетін болды. Сонымен бірге Ұялыжар ауылындағы Ш.Уәлиханов көшесін асфальттау мәселесі де жуырда шешімін таппақ. Жол мәселесін көтерген Ж.Елтаевқа осындай нақты жауап берілді. Қоғамдық қабылдауда осы және өзге де сұрақтарға тиісті жа­уап­­тар берілді. Әрбір өтініш на­зарға алынып, жұмыс жүргізіледі. – Қазір елде күрмеулі мәселе көп. Өкінішке қарай, кейбір азаматтардың өтініштеріне жергілікті органдардан дер кезінде жауап берілмейді немесе кей тұрғындар қайда шағымданарын білмейді. Басшылардың қабылдауына кіруге сәті түспей жүрген азаматтар да бар. Бұл ретте біз «Nur Otan» партиясының көш­пелі қоғамдық қабылдауын өткізу арқылы осы олқылықты жоюға үлес қосып ке­леміз. Яғни, көш­пелі қоғамдық қабылдау арқылы ел басшыларды емес, басшылар елді іздеп, арыз-шағымдарын тың­дайды. Бүгінде Түркістан өңірінде облыстық және аудан, қалалардағы мәслихаттардағы нұротандық 263 депутат кестеге сай үзіліссіз қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Өңірдегі өзекті мә­селелер, тұрғындардың ұсыныс-тілектері партиялық бақылауға алынады, – деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Әбілмансұр ЖАСАН