2017 жылы елімізде Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы жанданғанын жұрт жақсы біледі. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, жұмыссыздардың санын азайту. Сол үшін осынау жобаға миллиондаған қаржы бөлінген еді. Жамбыл облысы да жобадан тыс қалмады. Алайда бөлінген қаржының орынды жұмсалғанына қатысты көңілге күдік ұялайтын тұстар бар.
Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар қатысуға мүмкіндік алса, бір әлеуметтік жобаны кемі 3 адам бірігіп, дайындау талап етілді. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өткендер 1 миллион теңгеге ие болып, алты ай ішінде өз жобаларын жүзеге асыру міндеттелді. Сондай-ақ оларға 40-60 мың теңге аралығында шәкіртақы төленді. Есесіне, жоба жеңімпаздары халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетуі қажет болды. Жастар кәсіпкерлігін жандандыруға бағытталған осындай бастаманың шарапатын жастардың дені көрді. Алайда аталған грант иегерлерінің барлығы бірдей жобаларын жүзеге асыра алды ма? Олар қазір қайда және қандай кәсіппен айналысуда? Биыл бұл бағытқа қаржы қарала ма?Қанша жобаға қаржы қаралды?
Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы өңір жастары 555 жоба ұсынып, оның 222-і қолдау тапқан екен. – Zhas Project өз кәсібін ашамын деген талай жасқа жол ашты. Қолдау тапқан жобалардың 56-ы ауыл шаруашылығы саласына бағытталса, 47-і білім, 37-і халыққа қызмет көрсету, 8-і ғылым және техника, 17-і саламатты өмір салтын қалыптастыру, 14-і мәдениет, 5-і туризм және 22-сі түрлі бағытқа бағытталды. Нәтижесінде, өңірге 435 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы, жоба аясында өңірдің 762 жас азаматы жұмыспен қамтылса, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.Жас кәсіпкерді аудан әкімі неге қолдамайды?
222 жоба қолдау тауып, жастар 435 миллион теңгеге қол жеткізуі, әрине үлкен олжа. Осы ретте бойына жан біткен жоба иелері қазір қандай бизнеспен айналысып жатқанын өздерінен білген едік. – 2018 жылы Zhas Project жобасына қыш құмыралар шығаратын жобамды ұсынып, грант иегері атандым. Құмыра жасайтын бір құрылғыны сол кезде 485 мың теңгеге сатып алдым. 3 қыз бірігіп, 6 ай мектеп оқушыларына құмыра жасау бойынша тегін дәріс бердік. Осы мерзім ішінде 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленді. Алайда алты айдан кейін тауарымызға сұраныс аз болғандықтан, кәсібімізді жабуға тура келді. Бір құрылғыны қолөнер шеберіне сатсам, екіншісі үйде тұр. Қасымдағы қыздардың бірі бала күтімімен демалысқа кетсе, екіншісі қоғамдық жұмысқа бет бұрды. Содан жалғыз қалып, қазір қыш құмыра жасайтын шебермен келісімшартқа отырып, дайын бұйымдарды дүкендерге жеткізіп берудемін. Меркі ауданында қыш бұйымдарға сұраныс жоғары болмағандықтан, 2019 жылы «Бизнес Бастау» жобасымен қосымша 505 мың теңге грант алдым. Сол сәттен бастап былғары әмияндарға тапсырыс беріп, сыртына Меркі ауданының логотипін жапсырып сатудамын. Бұл тауарыма да сұраныс жоғары дей алмаймын. Егер жергілікті билік қолдау білдіріп, тауарымды жарнамалауға көмектессе, тығырыққа тірелмес едік. Алайда бизнес бастағаныма екі жылдан асса, да аудан әкімі бір шақырып жағдайымызды білген емес. Осы жағы қынжылта- ды, – дейді жоба жеңімпазы Ажар Жүнісова. Міне, грант иегері кәсіпті ашқанымен, оны жүргізу қиынға соғып жатқанын айтып отыр. Сондай-ақ жас Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтен қолдау күтуде. Алайда жергілікті билік екі жылдың ішінде жас кәсіпкердің жағдайын сұрап, кәсібін көзбен көрмегені ойға қалдырады.Грант иегерлерінің арасында алаяқтар да болған
Негізі, жоба жеңімпаздарына жергілікті билік тарапынан тиісті деңгейде қолдау болмай жатқанын аңғару қиын емес. Оған дәлел бүгінге дейін 12 грант иегері жобаларын жалғастырудан бас тартқан. Оның 6-ы Тараз қаласынан болса, Шу ауданынан – 3 және Жамбыл, Жуалы, Сарысу аудандарынан бір-бір грант иегері жобасын тоқтатқан. Мұның себебін білмек мақсатта Zhas Project жобасының өңірлік үйлестірушілеріне хабарластық. – 12 жоба жүзеге аспай қалғаны рас. Оның дені топтағы адамдардың тарап кетуі немесе қаржылық сауаттарының болмауынан. Тіпті, 8 жобаның жеңімпазы алаяқ болып шықты. Ондай азаматтар Тараз қаласы мен Байзақ ауданынан тіркелді. Сол себепті біз қаржының екінші бөлігін аударуды тоқтаттық. Алайда аталған азаматтар алып қойған қаржының бір бөлігі мен 3 ай төленген шәкіртақыларын осы күнге дейін қайтармай келеді. Десе де, 2 жобаның жеңімпаздары гранттан бірден бас тартып, олармен мәселе түйткілсіз шешілді. Бір жобаны жеңімпаз емес, оның ағасы жүргізгендіктен, онымен де келісімшартты бұздық. Бір сөзбен айтқанда, грант иегерлерінің басым бөлігі NЕЕТ жастардың қатарынан болғандықтан, қарапайым компьютерді білмейтіндер көп. Сондықтан көптеген жоба тоқтап қалды. Жергілікті билік өкілдерінен қолдау мен қадағалау болмағандықтан, грант ақшасын өзінің бас пайдасына пайдаланған жастар да кезікті. Тағы бір мәселе – жоба талабы бойынша үш адамнан құралған топта міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі азамат болуы керек еді. Алайда 222 жоба тек 33 мүгедек азаматты жұмыспен қамтыды. Міне, осындай келеңсіздіктен кейін пилоттық жоба Жамбыл жерінде жалғасын таппады, – дейді Zhas Project жастар корпусын дамыту орталығының гранттық менеджері Еркін Қайырбекұлы.435 миллион теңгенің қайтарымы қайда?
Жауапты маман осылай бүкпесіз бар шындықты жайып салды. Демек, қаржылай қолдау тапқан 222 жоба жеңімпаздарын шындап тағы бір тексерсе, талай былықтың беті ашылатын секілді. Оған дәлел меркілік Ажар Жүнісованың өзі қыш құмыраларын жасайтын құрылғысын сатып жіберіп отыр. Орталық менеджері Еркін Қайырбекұлының айтуынша, 6 айдан кейін жастар алған қондырғыларын сатуға құқылы екен. Тек 5 жыл бойы тауарды сатып алған чектерін сақтаса болғаны. Осы сәтте Zhas Project жобасы жастар кәсіпкерлігін дамытуды емес, балға бармақ батыруды көздеген бастама деген ой келеді. Олай дейтініміз, грант жеңімпаздары 6 айдан кейін кәсібін жауып, ал қондырғыларын қайта сатып жіберуге құқылы болса, сонда өңірге бөлінген 435 миллион теңгенің қайтарымы қайда? Жастарға арналған жобаның көздеген мақсаты осы ма еді? Қалай алып қарасақ та, Zhas Project жобасы жастардың уақытын текке өткізіп, көзбояушылық үшін жанданған бастама емес. Сондықтан әрбір жобаға жанашырлықпен қараған жөн. Тағы бір қызықты жайт, жоба жеңімпаздарының арасында ұсынған кәсібінен мүлде хабарсыз азаматтар да бар болып шыққан. Мәселен, шаштараз бизнесін ашуға ниет білдірген топ мүшелерінің бірде-біреуі шаш ала алмайтыны анықталған. Сондықтан олар шаш алуға қосымша адам жалдаған. Осылайша, грант иегерлері 6 айлық шәкіртақысын шаш алатын шеберге төлеп, тұрғындарға тегін қызмет көрсеткендей болған. Ал кейбір жоба жеңімпаздары бизнесіне алынған қондырғыларды сатып, топ мүшелері ақшасын өзара бөліп алған. Бұған енді не деуге болады? P.S.Осылайша, басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, ал кейбір жоба жеңімпаздары қуға айналып отыр. Сондықтан Zhas Project жобасының жеңімпаздарын тағы бір мәрте сүзгіден өткізу қажет-ау. Өйткені «біз жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жатырмыз» деп сүйіншілеп жатқанда, ертең барлық былықтың беті ашылып, бармақ тістеуіміз бек мүмкін. Ал ең сорақысы – біз жастарды қолдаймыз деп оларды қаржы жымқыруға үйретіп жатқанымызды аңғармай отырған секілдіміз...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы