1998 жылдың 1 қаңтарын тәуелсіз Қазақстанның зейнетақы жүйесінің туған күні десек болады. Өйткені дәл осы күні «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң күшіне енген еді. Осылайша, кеңес кезінде қалыптасқан жүйе бұзылды. Оның орнына «әркім еңбегіне қарай зейнетақы алады» деген ұстаным санаға сіңді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саясаттың нәтижесінде жасақталған жүйе бүгінде өз жемісін беріп отыр.
Зейнетақы жүйесін неге ауыстырдық?
Күллі кеңес кеңістігінде жинақтауға негізделген жүйеге алғаш көшкен Қазақстан болды. Сондықтан да көпшілігі басында бұл жүйеге күмәнмен қараған. Айлығының 10 пайызын беру арқылы болашақта табысына қарай зейнетақы алу мүмкін екеніне сенбеген болса керек. Жұмыс істейтін, экономикалық белсенді азаматтардың иығына қарттардың зейнетақысы жүк болып артылды. Ал 1990 жылдары ел ішін жұмыссыздық жайлап, қиын кезеңдер басталды. Одан қала берді Қазақстандағы туу көрсеткіші төмендеді. Бұл болса, қарттардың үлесі артқанын білдіретіні белгілі. Сәйкесінше, артылған жүктің салмағы шамадан тыс көбейді. Тағы бір себеп – жұмыс істейтіндердің табысы мен зейнетақы көлеміне байланысты. «1990 жылдың ортасында зейнетақы жүйесінде іркіліс көп болды. Зейнетақы кешіктіріліп берілді. Тек 1995 жылдың өзінде зейнетақы көлемі ақшаның құнсыздануы себебінен үш рет қаралды, нәтижесінде орташа зейнетақы екі есеге өсті. 1997 жылдың қаңтарында елде 2,9 миллион зейнеткер болды. Бұл – барлық халық санының 17 пайызы. Зейнетақының өсуі мен зейнеткерлер санының көбеюі мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірді. 1995 жылы зейнетақыға 46 миллиард теңге бөлінді, сонымен бірге зейнетақы бойынша берешектер көбейе берді» деп жазды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында. Қарапайым мысал ретінде статистиканы сөйлетіп көрелік. 1992 жылы елде 2960,8 пайыздық гиперинфляция болды. Көрсеткіш араға үш жыл салып, 1995 жылы ғана төмендетілді. Сөйтіп, 60,3 пайыз болған. Байқасақ, зейнетақы жүйесіне реформа жасалуына елдегі макроэкономикалық жағдай әсер еткен. Әлі күнге дейін көпшілік қиын-қыстау кезеңді сипаттау үшін «тоқсаныншы жылдар» сөзін синоним ретінде қолданады. Осы себептерді алға тарта отырып, жүйені жаңарту туралы шешім қабылданған.Зейнеткерлік «көші-қон» жөн болды ма?
Елбасы сол кездегі ахуалдың күрделі болғанын айта келе, «Қалыптасқан экономикалық және демографиялық жағдайға байланысты зейнетақы реформасын кейінге қалдыруға болмайтын еді. 1997 жылдың наурызында Үкімет Зейнетақы жүйесін реформалау тұжырымдамасын бекітіп, сол жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылданды» деп жазады. Сонымен бірге Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында бірінші болып зейнетақы реформасын жүргізді және оның нәтижесі де көп күттірмегенін атап өтті. «Мемлекеттің зейнетақы және жәрдемақы төлеу бойынша берешегі 50 миллиард теңге болса, 1999 жылдың соңына қарай бұл толығымен өтелді. Осылайша, зейнетақы саласындағы дағдарыс өз шешімін тапты» деп атап өтті Елбасы. Бүгінде сол реформа жемісін беріп отыр. Экономист Бауыржан Ысқақ бұрынғы жүйеден гөрі қазіргіні қолдайтынын айтып отыр. «Экономикамыз нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін зейнетақы жүйесі де оған бағынуы керек. Мысалы, 1998 жылға дейін зейнеткерлікке шыққандардың жұмыс өтіліне ғана байланыстырған болса, одан кейінгі реформада дамыған елдер үлгісіне – жинақтауға көшкен едік. Одан бері бұл реформада динамика барын байқап отырмыз. Айталық, 2010 жылдары ең төмен зейнетақы 18 325 теңге болса, 2020 жылы 40 441 теңге болды. Базалық зейнетақы мөлшерлемесі де кезінде 17 мың теңге шамасында болса, қазір – 32 мың теңгедей. Қай жағынан алып қарасақ та, бұрынғыдан гөрі қазіргі жүйенің артықшылығы мол. Егер сол күйі кеңестік жүйемен кете бергенде бұл мемлекет бюджетіне ауыртпалық болар еді. Бюджет тапшылығына әкелуі мүмкін. Ал қазіргі жүйе арқылы мемлекет оны экономиканы ынталандырушы факторға айналдыра алды. Бүгінде әр адам ресми түрде жұмыс істеп, жарна аударып тұрса, зейнетке шыққанда сомасының көп болатынын түсінеді. Осы арқылы көлеңкелі экономиканың да алдын алуға септігін тигізеді. Олай дейтініміз, биыл жинақтың бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру арқылы көпшіліктің тұрақты жарна аударып тұруына түрткі болды. Екіншіден, қорға аударған қаражатымыздың үштен бір бөлігі экономикаға жұмыс істейді. Өйткені қаншама екінші деңгейлі банктің депозитінде сақталу арқылы инвестициялық кіріс әкеліп отыр. Осылайша, экономиканың түрлі саласына қаражат құйыла бастады. Бәріміз экономикамыздың дамуына атсалысып отырмыз деген сөз», – дейді сарапшы.Жаңарған, жаңалығы мол жүйе
Сөйтіп, әркім болашағына өзі жауапты болатын нұсқа таңдалды. Жинақтаушы компоненттен түскен жарналар қаржы нарығына инвестицияланып, табыс әкеледі. Осылайша, қаржы нарығы ұзақмерзімді капиталға ие болады да, отандық экономиканың түрлі саласының дамуын қамтамасыз етеді. Бастапқыда жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істегенін де айта кету керек. Яғни, әркім қайсысына жинауды өзі таңдауға ерікті еді. Осының арқасында зейнетақы нарығында едәуір бәсеке басталып, одан жағымды әсер байқалған. Дегенмен уақыт өте келе оның да «шикі тұстары» біліне бастады. Атап айтқанда, қорлар жаңа клиенттер тартудың орнына, бір-бірінен әкетуді көздеді. Ақыры 2013 жылы мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры базасында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы құрылып, бір жерге тоғыстырылды. Бүгінде енді зейнетақы қаражатының сақталуына БЖЗҚ мен Ұлттық банк жауап береді. Былайша айтқанда, бәрі мемлекеттің бақылауында. Бір қарағанда, жап-жақсы жүйе көрінеді. Дегенмен жыл өткен жүйені жетілдіріп отыруға деген қажеттілік байқалады. «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Президенті Жарлығының жобасында 2028 жылдан бастап базалық зейнетақыдан кепілді минимал зейнетақыға ауысу жоспары жайлы айтылған. Соған сәйкес, бірнеше ұсыныс та жасалды. Оның біріншісі – зейнетақы жүйесіне 5 жылдан аз уақыт қатысқан өтілі бар тұлғаларға төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде кепілді зейнетақы белгілеу. Екіншіден, бесжылдық өтілі барларға төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайыз мөлшерінде базалық зейнетақы белгілеу ұсынылған. Ал әр бес жыл қосылған сайын көлемі 2 пайызға ұлғайтылып тұрмақ. Үшіншіден, базалық зейнетақы тағайындауды алып тастау деген жоспар бар. Сондай-ақ биылдан бастап зейнетақы жинағындағы қаражат белгілі мөлшерден асқан жағдайда оны пайдалануға рұқсат берілді. Бір әттеген-айы – жеткілікті шектен екінің бірі аса алмағаны. Әйтсе де, зейнетақы жарнасын тұрақты толықтырып тұруға, бұған аса жауапкершілікпен қарауға стимул болғаны анық. Демек, бұл тұрғыдан алғанда мемлекет халықты ынталандыра алды.Жадыра АҚҚАЙЫР