Алматы облысындағы жолдардың қыс айларындағы тазалығы мен талапқа сай екеніне жауап беретін жолшылардың жұмысы жыл сайын қатаң сынға ұшырап, «қанағаттанғысыз» деген баға алады. Соған қарамастан, мұндағы жауапсыздық пен салғырттық тұрақты түрде қайталанып, жолдардың дер кезінде тазаланбауы, кейбір бөліктерінің мұзайдыны сияқты көктайғақ болып жатуы үйреншікті көрініске айналған. Әсіресе, қайта төселгеніне көп бола қоймаған Алматы – Талдықорған күрежолының бүгінгі жағдайы тым күрделі.
Жақында жетісулық жолшылар осы мәселеге байланысты «Жетісу – адалдық алаңына» арнайы шақырылып, қазіргі кезде Жетісу жолдарында қалыптасып отырған күрделі жағдай жан-жақты талқыға салынды.
Талқылау басталар алдында жиналғандар назарына жолдардың тазаланбаған бөліктері мен соның кесірінен тіркелген жол-көлік оқиғаларынан іріктелген бейнекөріністер ұсынылды. Онда көрсетілгендерге қарағанда, аталған салаға қыруар қаржы бөлініп, жаңа техникалар сатып алынып, озық технологиялар енгізіліп жатқанына қарамастан, күрежолдың жағдайы бұрынғы «таз қалпында» қалған. Құр сөз емес, бейнекөріністер көзге шұқып тұрып көрсеткендіктен, жолға жауапты тұлғалар не дерін білмей, төмен қарап, күмілжумен болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев оларға қарата: «Осынау келеңсіздіктерді шынымен көрмейсіздер ме? Әлде, әдейі назардан тысқары қалдырасыздар ма? Бөлінген қаражаттың сұрауы жоқ деп ойлайсыздар ма? Миллиондар қайда кетіп жатыр? Жұмыс бабымен менің өзім де Алматы – Талдықорған күрежолымен жиі жүремін. Осыдан бірнеше жыл бұрын халықаралық стандарттағы жаңа жол пайдалануға берілгенде, бөркін аспанға атқан халықтың қуанышы бүгінде су сепкендей басылған. Қыс айларында қауіпі еселеп артып кетеді. Көктайғақ, автокөліктермен қатынауды айтпағанда, жаяу жүрудің өзі өте қиын. Дер кезінде тазаланбайды, еріткіш материалдар уақытында себілмейді...» деп айтып, нақты жауап күтті.
Өкінішке қарай, талқылауға келген «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ қозғалыс қауіпсіздігі және пайдалану бөлімінің басшысы Есен Оспанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Самыров, «Қазавтожол» ЖШС облыстық филилы жетекшісінің орынбасары Мақсат Мұқановтар айқын сұрақтарға анық жауап қайтара алмады. «Біз шамамыз келгенше жұмыс істеудеміз. Техника жеткілікті. Барлығына қардың үздіксіз жаууы кесірін тигізіп тұр. Дер кезінде үлгере алмаймыз» деуден артық ештеңе айта алмады. Осындай аса жауапты жиынға бірінші басшылардың келмей, орынбасарларын жіберуі де жауапкершіліктен қашуды білдіретіндей.
«Адалдық алаңына» келген қоғам белсенділерін мұндай сиырқұйымшаққа салған жаттанды жауаптар қанағаттандырмады. Олар жауапты тұлғалардан құрғақ сөздер емес, шешімді әрекеттер күтетінін айтады.
– Бейбіт уақытта жолдардың жамандығынан адамдар шыбынша қырылуда. Жолға шыққан жолаушылардың өмірі дәл осы сіздердің өз міндеттеріңізді талапқа сай атқаруларыңызға байланысты. Қарап отырсақ, ешкім, ештеңеге жауап бергісі келмейді және «алдағы кезде осындай жұмыстар істейміз» деп уәде беруден тайсақтайды. Өздеріңізге жүктелген жұмыстарды дер кезінде тиянақты орындасаңыздар, талай жолаушының жанын аман алып қалатынды неге ойламайсыздар? Алдағы кезде бөлінген қаражаттың әр тиыны үшін есеп беруді талап ету қажет. Әйтпесе, жағдай осылай жалғаса береді, – деді тұрғындар атынан сөз алған Қайрат Нұрақынов.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасындағы жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Тынысбек Шарапиевтің айтуынша, биылғы қыс басталғалы облыс жолдарында 200 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300 адам зардап шегіп, 29 жолаушы қаза тауыпты. Қыс басталғалы бір жарым ай болғанын ойласақ, аяқталғанша бұл қорқынышты санның еселеп кетпеуіне ешкімнің кепілдік бермейтіні жүрек ауыртады.
Талқылау соңында жолшылардың міндетінің орындалуына тексеру рейдін ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті қызметкерлері мен қоғам белсенділері арнайы комиссия құратын болды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы