Биыл оралмандар квотасы екі есеге азайды
Биыл оралмандар квотасы екі есеге азайды
374
оқылды

Ел үкіметінің қаулысы бойынша, 2020 жылы оралмандарды қабылдауға арналған аймақтық квота 2018-2019 жылмен салыстырғанда екі есеге азайды.

Атап айтқанда, 2020 жылы квота 1378 адамға, ал қоныс аударушыларға арналған аймақтық квота 4750 адамға бөлінген. Ал,  2019 жылы сәйкесінше 2103 адамға берілсе, қоныс аударушыларға арналған аймақтық квота 7771 адамға бөлінген. 2018 жылға оралмандарды қабылдаудың облыстық квотасы 2 231 адамға беріліп, қоныстанушылар үшін 7,119 адамнан тұратын аймақтық квота қарастырылған.

Қазіргі таңда шеттен қоныс аударғысы келетін отандастардың қарқыны жоғары. Дегенмен оларға бөлінетін квота саны да жыл санап азаюда. Ата қонысына ат басын тіреген отандастарымызға 2015 жылдың  24 қарашасындағы Заңға сәйкес, ҚР Үкіметімен анықталған  аймақтарға  келген оралмандар мен қоныс аударушыларды  қабылдауға квота бөлінеді. Субсидия жұмыс күшінің  ұтқырлығын арттыру мақсатында адамдардың ерікті түрде қоныс аудару  қағидаларына сәйкес беріледі. Оралмандар квотасына  қолында оралман деген куәлігі бар адамдар ғана ие бола алады. Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер үкімет қаулысымен айқындалады.  Қандастарымыз 7 облысқа қоныстана алады. Шет елден қоныс аударғандар Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын мекендеуге тиіс. Сонымен қатар қоныс аударушылар үшін Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары таңдалып алынған. Елімізге  қоныс аударушылар Өзбекстаннан, Қытайдан, Моңғолиядан, Түркіменстаннан, Ресейден, т.б өзге шетелдерден көшіп келеді. 

Қытайдың Тарбағатай аймағы Дөрбіжін ауданынан Оңтүстікке қоныс аударған қандасымыз Рахат Тұрсын квотаның оралмандарға тиімсіз тұстары туралы айтты. Ол бүгінде жоғары оқу орнын бітіріп  қазіргі  таңда әртүрлі қызметтер атқаруда.  Рахаттың айтуынша оралмандар квотасы  мемлекет белгілеген өңірлерге барғанда ғана беріледі.  Бірақ қандастарымыздың бір сыпырасы оңтүстік өңірлерге орналасуды тиімді санайды. Себебі жайлы жер жайылымға жақсы демекші белгіленген өңірге шоғырланғанды көпшілігі мақұлдамай жатады. Сондықтан да оралмандардың біразы мемлекет квотасын алмайдыы.

Ата-бабамыз мал, егін шаруашылығын ата кәсібі санағандықтан да сол дәстүр бізде бүгінгі дейін қадірін жоғалтқан жоқ. Ал мемлект ұсынып отырған өңірлер кәсіпке қолайсыздау аймақтар қатарына жатады. Сонымен қатар жалғыз басты тұлғаға оралман квотасы берілмейтін болғандықтан қазіргі таңда мемлекеттен берілетін көмектердің бірін де алмайтынын айтады.

– Қытайда қалған отбасын екі жыл өтсе де елге әкелу мүмкін болмай отыр. Арадағы саяси қиындықтардан отбасым Қытайда қалуға мәжбүр, – дейді Рахат. Осылайша жыл басында онсыз да аз бөлінетін квота оралмандардың толықтай қажеттіліктерін өтемейді. Топырағында аунап-қунауды армандайтын қандастарымыз қиындықтарға қарамастан атамекеніне табан тіреп, ел үшін қызмет қылуды аңсайды.

Венера Ойылханова.