Ауыл мен қала: білім сапасын қалай теңестіреміз?
Ауыл мен қала: білім сапасын қалай теңестіреміз?
3,048
оқылды

Ауыл мен қала мектептері ара­сындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту – өзекті мәселе. Деңгейді теңестірмей PISA бастаған арнайы тесттерде ілгері нәтиже көрсете алмаймыз. Осы мақсатта НЗМ «Ауыл мектебі» жо­басын дайындады. Бұған дейін де бірнеше жоба болған. «Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының» да діттегені – алшақтықтың алдын алу.

«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек». Біз де жобаның жай-жапсарын білу­ге бекіндік. «Ауыл мектебі» жобасы ауыл мектептерінде білім беру сапа­сы мен материалды-техникалық ба­заны жақсарту үшін кешенді шара қабылдайды. Аталған білім ордала­рының күшті және әлсіз тұсына тал­дау жасап, басты қажеттілікке назар ау­дарады. Жобамен танысу үшін НЗМ-ге барғанында вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастамаға жылы қабақ танытты. Білім және ғылым министрлігіне жобаны Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысында пилоттық режимде іске асыруға тапсырма берді.

Ел Президенті де Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап бара жатқанын айтты. «Негізгі мәселе – ауылды жердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсетті. Шынымен де, білікті кадр – білім бастауы. Бұл да алшақтыққа әсер ететін фактор. Осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жал­ғастыру керегін айтты. Бағдарлама бойынша білім беру саласында ауылға 42 745 маман келді. Десек те, оқушылар қала мектебіндегідей білім көрсеткішіне жетпеді. Бұған не себеп?

Елімізде барлығы 2 мыңнан астам ауылдық округ пен 6,6 мың­ға жуық ауыл, ауылды жерде 5 338 мектеп бар. Ал ауылдағы білікті кадр мен білім сапасының қала­дағы көрсеткіштен айырмашы­лығына бірнеше мысал келтірейік. Біріншіден, ақпараттық-ком­муникациялық технологияның қолжетімсіздігі. Өйткені ауыл мектептері толықтай интерактивті құралмен жабдықталмаған. Элек­тронды оқыту жүйесі де мықтап қолға алынбаған. Жаңа техно­ло­гиямен жұмыс істей алатын оқу­шы ақпаратты жылдам қабыл­дау­ға, жаңаны тануға бейім келеді. Екіншіден, ауыл мектебіндегі ин­тернет сапасы көңіл көншіт­пейді. Аталған мәселені ұстаздар біраздан бері күн тәртібіне енгі­зуді сұрап жүр. Ауылдағы ин­тернеттің жылдамдығы мұғалімді әуреге салады. Салдарынан олар kundelik.kz, BilimLand сияқты элек­тронды платформаны жөнді пай­далана алмайды. Баланың та­ным деңгейін кеңейту үшін алды­мен ұстаз дамуы қажет. Жыл­дам­дығы секундына 1,5-2,9 мбит/с интер­нетпен бұл мүмкін болмай тұр. Үшін­шіден, материалды-техни­ка­лық базаның ауқымы. Ауыл мек­тептерінің біразы ескі. Тіпті, кей өңірде мектеп жетіс­пей­ді. Осыған байланысты Премьер-Министр Асқар Мамин 2025 жылға дейін елімізде 800-ге жуық жаңа мектеп, тірек елді мекендерде 114 интернат салынатынын мә­лімдеді. Сондай-ақ үшауысымда оқыту және апат­ты жағдайдағы мектептер толы­ғымен жойыла­ты­нын айтты. Ал апатты жағдайдағы мектептің де­ні – ауылда. Мек­теп­тің жағ­дайын түземей білім көшін оңалта алмайтынымыз белгілі. Оған лингафонды және мультиме­диялық кабинеттің, интерактивті тақтаның жайын қосыңыз. Мо­дификацияланған кабинеттердің ахуалы бөлек әңгіме. Ауылда мұн­дай жүйедегі пәндік кабинетті ілуде бір кезіктіресіз.

Жоғарыдағы мәселені шешу үшін елімізде бірнеше жоба бас­талды. Бастапқысы – «Цифрлы Қа­зақстан». Келешегі бар ауылды елді мекендерді сапалы интер­нетпен қамтамасыз етуге арналған бағдарламаның жоспары тәуір еді. Олар 2020 жылы 1,2 мыңнан астам ауылды кеңжолақты интернетпен қамтуды мақсат етті. Ал бағдар­ла­ма сәтімен іске асса, 2025 жылға қа­рай 4 мыңнан астам ауылдың кең­жолақты интернетке қолы же­теді. Бұдан бөлек, Дү­ние­жүзілік банк пен Білім және ғы­лым ми­нистрлігінің бірлескен жо­басы бар. «Орта білімді модер­низа­циялау» бойынша ауыл мек­тептері мультимедиа құрал-жаб­дықта­ры­мен қамтамасыз етіледі. Жобаның жалпы құны – 75 миллион доллар. Қаражаттың 8 миллионын мемле­кет, 67 миллион долларды Дүние­жүзілік банк береді. Бірлес­кен жоба нәтижесінде қала мен ауыл мектебі арасындағы айыр­машы­лықты жою – басты мақсат­тың бірі. Сонымен бірге бөлінген қа­ражат есебінен мұғалімдердің бі­ліктілігін арттырып, оқушыларды жан-жақты дайындауға көңіл бө­лінеді. Егер бастама жемісін бер­се, ауыл мен қаланың ақпа­раттық, техни­калық мүмкіндігі теңеліп, ұс­таз бен оқушыға көмек болады. Сон­дай-ақ «Ауыл – ел бе­сігі» жо­ба­сының байланысын ұмытпау ке­рек. Ауыл­ды, елді ме­кендерді топ­тас­тырып, санын қысқарту шарасы – білім жүйесін көтерудің тұтқасы болуы мүмкін. Сонда кең­жолақты интер­нетпен қамтамасыз ету, мек­теп пен бала саны мәселесін ше­шу­ге кішкене болса да септігі тиеді.


Білім – ұлттың келешегін құнттайтын құрал. Сондықтан әр жобаның жан-жақты жоспар­ла­нып, лайықты іске асқаны қажет. Әр істің басын бір шалмай, бар жобаны өзара байланыстырып, нәтиже шығарған абзал. Қазір ұр­пақтың «көзі – ашық, көкірегі – ояу» болуы – қабылданған бағдар­ламаға байланысты болып тұр.


Нурмухамед 2.JPG

Нұрмұхамед ДОСЫБАЕВ,
Astana Garden School жеке 
мекте­бінің негізін қалаушы, 
Кембридж университетінің түлегі:

Біріншіден, сапалы білім қай­дан шығады? Сапалы білім тө­мендегі бес компоненттен құра­лады. Олар: оқу бағдарламасы, оқу құралдары, мотивациясы бар бі­лік­ті ұстаз, білім беру ортасы мен бірге оқитын сыныптастардың ын­тасы. Бірінші мәселеге келсек, оқу бағдарламасы ауыл мен қалада бірдей. Өйткені ол мемлекеттік стандартпен бекітіледі. Осыған қатысты екеуара айырмашылық жоқ. Екіншіден, оқу құралдары, оқу ресурстары мен ақпарат. Әрине, бұл тұста қолжетім­ділікке қатысты ауыл мен қала баласының арасында айырмашылық бар. Қа­ла баласында интернет жыл­дам­дығы жоғары. Олар қазір 99 пайыз ақпаратты интернеттен табады. Қалада кітапханалар желісі, музей мен танымдық деңгейді көтеретін орталық көп. Бұл ой-өрісті дамы­тады. Ал ауыл баласында аталған мүмкіндік шектеулі. Ауылда кітапхана қоры да кедей. Балалар кітап оқу арқылы жетіледі. Үшінші мәселеде ескерері – мотивация мен энер­гия­ны қатар алып, білім мен білігі келіскен мұғалім қай ортада болмасын беделді. Мұндай мұғалімдерді ауылдан жиі кезіктіресіз бе, әлде қаладан ба? Әрине, қаладан. Өйткені ауылдан шыққан баланың өзі де қалаға ұмтылады. Қалада мүмкіндік көп. Қарапайым ғана мысал, ауылда университет жоқ. Ұстаз болу үшін де қалаға бару керек. Оқуын оқып, практи­касын да қала мектебінің бірінен өтеді. Артынша сонда жұмыс істеп қалады. Мүмкіндікті көрген соң ауылға қайтқысы кел­мейді. Ал ауылда мүмкіндік шектеулі. Қала мен ауыл ұстазының жа­ла­қысын теңестіре алғанымызбен, мәселе мүмкіндікке келіп тіре­леді. Мәселені шешу үшін қаржылай көмек пен идеологияны қол­ға алу керек. Төртіншіден, білім беру ортасына не жатады? Мек­теп, сынып және ондағы атмосфера. Пәндік кабинет пен ішіндегі жиһаздар да рөл ойнайды. Бәрі талапқа сай болса, оқушының ынтасы артады.

Бесіншіден, орта адам баласына ерекше әсер етеді. Мысалы, Кембридж бен Гарвардқа әлемнің түкпір-түкпірінен білімді студенттер жиналады. Олардың арасында жүрген ақымағының өзі ортамен араласу арқылы көп нәрсе үйренеді. Бұл да оның сапалы білім алуына жағдай жасайды. Қаланың мектебінде мүмкіндік жоғары болғандықтан, олар бір-бірін дамытуға ықпал етеді. Ауылдың мектебінде олай емес. Ауылдан шықпай, ауылдағы көргенімен шектелсе, дамуын шектейді. Бірақ білікті ұстаз қай жерде болмасын орта қалыптастыра алады. Сон­дық­тан үшінші компонентке баса назар аударған жөн.


Айзат.JPG  Айзат АЙДАРҚЫЗЫ