2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылды.
Бірнеше жыл бойы браконьерлерге қарсы заңды күшейту туралы айтылып келді. Өйткені түз тағысын атып, өзен-көлдерде балықтарды заңсыз аулайтындар көбейіп кетті. Арнайы рұқсаты жоқ аңшылар далада ойқастап, өздерін қожайын санағандары сондай, адамдарға да қару кезенді. Бір жылда екі қорықшы қанды қолдың оғынан қаза тапты.
2019 жылғы сәуірде Шығыс Қазақстан облысында 10 браконьер табиғат қорғау инспекторларының қайықтарын аударып, екі инспекторға шабуыл жасап, өздерін сабап тастауға ұмтылған. Жалпы алғанда, 2015-2019 жылдар аралығында браконьерлер 10 мәрте инспекторларды соққыға жығып, өмірлеріне қауіп төндірген оқиға тіркелді. Осы оқиғалардың екеуінде ғана ұсталған браконьер бас бостандығынан айырылса, бір адамға шартты мерзім тағайындалды.
Биылдан бастап заң қатаң
Бір ғана қазан айында ел аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» іс-шарасы өткізілгенде 2 мыңнан астам (2442) заңбұзушылық анықталған. Атап айтар болсақ, заңсыз аң аулау, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, заңсыз балық аулау, биологиялық ресурстар объектілерін және олардың өнімдерін заңсыз сатып алу сынды фактілер тіркелген.
Осы анықталған фактілер бойынша 192 адамға қатысты 177 сотқа дейінгі қылмыстық тергеу басталса, 51 адамға қатысты 47 іс сотқа жіберілген екен.
Енді заңды белшесінен басқан браконьерлер қатаң жазаланатын болды. Өйткені 2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылатын болды. Осындай қылмыстар үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен қатар браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары – қару-жарақ, көлік пен мүлікті тәркілеу қарастырылған.
Заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру – құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болады.
Сонымен бірге заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру – құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болады.
Ұсталғандар арасында сот та бар
Дегенмен жыл басталмай жатып бірнеше жабайы аңдарды заңсыз ату мен балық аулау оқиғасы тіркелді. Браконьерлер қатарында қарапайым ауыл тұрғындары ғана емес, сот та бар. Ең сорақысы, сенім артқан қорықшы да құқық қорғаушылар құрығына ілінді. Мысалы, Ақмола облысында 13 қаңтар күні Ерейментау аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы «Браконьер» жедел алдын алу шарасы кезінде Ақсуат ауылы маңында аң шаруашылығының 40 жастағы қорықшысын қолға түсірді. Жедел-тергеу тобы күдіктіден «Иж-54» маркалы қосауыз мылтық, 12 калибрлі мылтық, еліктің еті және орман шаруашылығына тиесілі қарда жүретін көлікті тәркіледі. Бұл оқиғаның алдында ғана 6 қаңтарда Ақтөбе облысында балық аулаймын деп бүтін бір аудан шенеуніктерінің басы бәлеге қалған болатын. Ырғыз аудандық сотының төрағасы мен прокурорынан бастап, аурухананың бас дәрігері мен төтенше жағдай басқармасының бастығына дейін жаңа жылдан кейін саятшылыққа шығады. Ал қорықтың ерекше қорғауда екені шенді-шекпенді дөкейлерді тоқтатпаған болатын. Ақыры инспекторларға ұсталып, тыйым салған аймақта тайраңдағаны үшін айыпты болып жатыр. Өйткені олар сайран салған жер «Ырғыз – Торғай» мемлекеттік резерваты ерекше қорғауға алынған аумақ болатын.
Табиғатты аялау орнына аямаймыз!
Ал Солтүстік Қазақстан облысында 6 қаңтардан бастап облыста аң аулау тәртібін бұзғаны үшін – 26, балық аулау бойынша 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қаруды заңсыз сақтаудың – 3, қаруды сақтау қағидаларын бұзудың 1 дерегі анықталған.
«АҚШ-та «жануардың құтылуына мүмкіндік беру» деп аталатын заң бар. Ол бойынша бөлтірік ерткен қасқырды атуға болмайды. Жайбарақат жайылып жүрген бұғыларды баспалап кеп атуға болмайды. Қандай әділетті? Қазақ та бір кездері осындай емес пе еді? Иә. Біздің жұрт, бұрын аң ұстауда өте әділетті болатын. Түлкіге бүркіт салатын, мылтықпен атып алмайтын. Бүркітінің бабы келмесе немесе шамасы жетпесе, түлкі құтылып кетеді. Ол түлкінің мүмкіндігі. АҚШ заңындағыдай, киікті ысқырып, бір үркітіп барып ататын. Сол кезде құтылса, құтылып кетті, қашып үлгермесе, обал жоқ. Ол замандарда қасқырды қарумен емес, айла-тәсілмен алушы еді.
Айта кетсек, көршіміз Ресей жыл сайын браконьерлердің кесірінен 18 миллиард рублін жоғалтады. Ал осы заңсыз аң аулаушылардың кесірінен ауру тарап жататыны да әлемдік тарихта жазылып қалды. Мысалы, 1990-жылдары Конго мен Габонеде браконьерлер аулаған шимпанзе етін жеу арқылы тараған Эбола вирусы, Қытайда борсық, жыртқыш аңдарды тамақ ретінде пайдаланудан тараған SARS індеті біраз әбігерге салған болатын.
Иә, біз аяушылық деген түйсіктен айырылып барамыз. Табиғатты аялау орнына аямаймыз! Жаңа заң күшіне енді, мүмкін осыдан кейін ойланармыз?
Өйткені заңсыз аң атушы мен балық аулаушы тәртіп бұзушы емес, ол енді қылмыскер!