Екі оқушы қыз өлім аузында жатыр. Балалар мектептен қайтып бара жатқан. Бұл туралы КТК хабарлады.
Ал ішімдік ішіп рөлге отырған жүргізуші кінәсін мойындамай отыр. Ата-аналардың айтуынша, ауруханада істейтін әйелінің көмегімен ішімдік ішкенін жасырмақ болған.
«УАЗ» автокөлігі мектептен қайтып бара жатқан төрт оқушыны таптап өтіпті. Сол сәтте жүргізушінің удай мас болғанын көргендер бар.
Куәгер Зарина Сайдуллаева: «Бәрі қас пен көздің арасында болды. Қыздар жолдың шетімен келе жатты. Жүргізуші жолдың шетіне шығып кетті. Қарасам, қыздар жерде жатыр. Жүргізушіні танимын. Көлікті бұрын да мас күйінде айдап жүретін. Өзім талай көрдім. Оның ішіп жүретінін бүкіл ауыл біледі», – деді.
Куәгерлердің айтуынша, төрт қыз үйіне жолдың шетімен қайтып келе жатыпты. Қыздардың екеуі – 8, екеуі – 9 жаста. Төртеуі де бір сыныпта оқиды. 3-сынып оқушылары мектепке үнемі бірге барып, осы жолмен бірге қайтып жүреді. Ал оларды қаққан 54 жастағы осы ауылдың тұрғыны.
Зардап шеккен қыздың анасы Мика Садирова: «Сау боп жүрген бір күні болмаған. Неге ондай адамдарға көлік жүргізуге рұқсат береді? Қыздарымыздың денсаулығын қайтарып берсін енді. Жүргізуші біз келгенде аяғынан тұра алмай, тәлтіректеп тұрды», – дейді.
Ата-аналардың айтуынша, қыздарын қаққан адам жауапкершіліктен қашпақ болған. Ауруханада бас мейірбике болып істейтін әйелі екеуі сараптама кезінде ішімдік ішкенін жасырмақ болған. Қайта ата-аналар оны дер кезінде байқап, таспаға түсіріп алыпты.
Бұл жайтқа қатысты Шелек ауруханасының бас дәрігері Гүлнәр Құрметова: «Мәлімдеме жазамыз. Өзім қараймын. Сосын сіздерге баяндаймын. Бұны тұңғыш көріп тұрмын», – деп ақталды.
Аурухана бас дәрігері күйеуінің қылмысын жасырмақ болған қызметкеріне шара қолдануға уәде берді.
Ал екі қыз әлі де ес-түссіз, аппарат көмегімен ғана тыныстап жатыр.
Шелек ауруханасының дәрігері Серікбек Нұрланбекұлы: «Бір қызға ота жасалды. Бауыры жыртылған, ол тігілді. Жағдайы әлі ауыр. Аппаратта жатыр. Екінші қызымыздың басы ауыр жарақаттанған. Ол да ауыр жағдайда, аппаратта. Жағдайы өте ауыр және тұрақсыз болғандықтан, ота кейінге қалдырылып тұр», – деді.
Ал бір қыздың аяғы сынған, дәрігерлер ота жасады. Төртінші қыз қашып үлгеріпті. Бірақ, құрбыларының жайын көрген ол есеңгіреп қалған.