Кредиттен кімдер қағыс қалды?
Кредиттен кімдер қағыс қалды?
199
оқылды

Былтыр біздің билік елімізде бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады – әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың төлей алмай жүрген несие қарызының бір бөлігін мемлекет бюджет есебінен өтеп берді. Ал кепілсіз тұтыну қарызы бар азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен «сызылды». Бұл Президенттің 2019 жылғы 26 мау­сымдағы №34 Жарлығы шеңберінде жүзеге асты. Аталған Жарлықтың өзге тармағындағы тапсырмалар биыл күшіне енді. Соның ең маңыздысы – кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін жеке тұлғаларға несие берілмейді. Ал биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 182 теңге.

Егер несиеге өтініш берген адамның кәмелеттік жасқа толмаған балалары болса, әрқайсысына шақ­қанда табысы ең төменгі күнкөріс шегінің жартысына жетпесе де не­сие берілмейді. Сонымен бірге несие алу үшін өтініш берген адам­ның ай сайын төлейтін несие көлемі табысының тең жартысынан асып кетсе де несие берілмейді. Бұл не­сие алушының ертеңгі күні банк алдын­да қарыз болып қалмауының алдын алу үшін қабылданған норма.

Банк қарыз алушының төлем қабілетін мына формулаға салып есептейді:

Мұндағы ҚК – қарыз алушының кірісі; ЕТКДШ – «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің ша­масы;

Сктом– кәмелетке толмаған отбасы мүшелерінің саны.

Осы формуладағы нәтиже не­сие алушының кірісінен аз болса немесе тең түссе ғана несие беріледі. Мы­салы, үш баласы бар несие алу­шының айына кем дегенде, 78 мың теңге табысы болуы керек (31 183 + 0,5 х 31 183 х 3 = 77 957,5). Одан тө­­мен бол­са, ол адамға несие беруге тыйым салынады.

Биылдан бастап несие беру ке­зінде қарыз алушының табысы ғана емес, сондай-ақ оның комму­нал­дық қызметтерге қанша төлем төлейтіні, шетелге саяхат жасайтын-жасамайтыны, дебеттік картамен дүкен-супермаркеттерде қанша со­маға тауар сатып алатыны да ес­керіледі. Оларға кредиттік желі ашуға, қолданыстағы банк қарызы келісімшарты шеңберінде қосымша қарыз беруге тыйым салынып отыр.

 

Несиеге қандай құжат керек?

Қарыз алушының табысын анықтау үшін қаржылық ұйымның кредит бөлімі оның 3 айдан бастап 12 айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісін тексереді. Бұл жерде ресми кіріс дегеніміз – міндетті зейнетақы жарналары туралы есеп немесе ресми кірістер туралы есеп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме немесе жұмыс ор­нынан кірістері туралы анықтама немесе еңбекақы түсетін шоттан банк берген үзінді-көшірме, сондай-ақ оқу орнынан алатын стипендия мөлшері туралы анықтама негізінде есептелген орташа айлық кіріс. Әлгінде айтып өткеніміздей, дебеттік картадағы ақша айналымы да на­зарға алынады. Мысалы, дебеттік картадағы шығыстардың орташа айлық сомасы, дебеттік картаны толтырудың орташа айлық сомасы, несиеге өтініш берген күні өтініш иесінің депозиті мен ағымдағы шотындағы қаржысының көлемі, депозиттерді, ағымдағы шоттарды толықтырудағы орташа айлық сома, депозиттерден, ағымдағы шоттардан алынған қаражаттың орташа айлық сомасы ескеріледі. Сонымен қатар бұрын жабылған қарыздар бойынша ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы да есептеледі. Коммуналдық қызметтер бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы да кредит берерде маңызды рөл ойнайды. Соңғы 12 айда шетелге билет сатып алу фактісін растайтын құжат та не­сие алуға ықпал етеді. Тіпті ин­тернет-дүкен арқылы жасаған сау­даңыз да ескеріледі. Меншігінде ор­таша нарықтық құны кредит құны­нан асатын автокөлігінің немесе жылжымайтын мүлкінің болуы да шешуші рөл атқарады. Банк бұл құжаттардың бірқатарын кре­диттік бюродан алғызады. Қалға­нын несие алушы өзі жинауы керек.


Несие берушілер есепке алынады

Ұлттық банк басқармасының 2012 жылдың 24 желтоқсандағы №377 қаулысына сәйкес банктік қа­рыздар, микрокредиттер, екін­ші деңгейлі банктер, банк операция­ла­рының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқар­жыландыру және микрокредиттік ұйымдар мен несиелік серік­тес­тіктер беретін несиелер бойын­ша жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­лемесі 56 пайызды құрайды. Ал Азаматтық кодексте қарыз тек теңгемен берілетіні, жылдық тиім­ді сыйақы мөлшерлемесі 100 пайыз­дан аспайтыны айтылған. Алайда соңғы кезде онлайн-несиелеу нарығын­да жыл­дық тиімді сыйақы мөлшер­ле­месі 200 пайыздан асып кеткен оқи­ға­лар болған. Ұлттық банк он­лайн-несиелеу нарығы біршама уа­қыт­тан бері реттелмегенін, сал­да­ры­нан қарыз алушылар құқы жиі бұзыл­ғанын мойындап отыр. Бұл мәселенің де күрмеуін тарқату Президенттің жаздағы Жарлығынан кейін мүмкін болды. Енді халыққа шағын несие беруге талаптанған заңды тұлғалардың барлығы осы жылдың 1 шілдесіне дейін есептік тір­кеуге тұруға міндетті. Сонымен қатар олар Ұлттық банктің алдында өз қызметі туралы есеп беруге, сон­дай-ақ несие бюросына несие шарты бойынша ақпарат ұсынуға міндетті болды. Яғни, енді әрбір қарыз алушының несие тарихы тура­лы мәлімет толыққанды бола­ды, өйткені онда шағын қаржы ұйым­дарынан да мәліметтер жи­нақ­тал­мақ. Ал шағын қаржылық ұйым­дар қыз­метін жуырда құрылған Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі реттейді.

Мемлекет басшысының №34 Жарлығында несие беруге, оған қа­тысты қызмет көрсетуге және жеке тұл­ғалардың мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан барлық кепілсіз қа­рыз­дарына байланысты тұ­рақсыз­дық айыбы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салы­натыны айтылған болатын. Бұл тыйым 2019 жылдың 27 жел­тоқсанда қол қойылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес биыл 10 қаң­тарда күшіне енді.

Жыл басында күшіне енген заңна­маларға сүйеніп, несие алу­шы­ларды қорғау шаралары күшей­тілді деуге негіз бар және ол шара­ларды бірнеше санатқа бө­луге болады. Мәселен, қарыз алу­шы­ларға келісімшартқа қол қой­­ғанға дейін несие беруші заңды тұлға несие шар­тының талаптары, орын­далуы мен мазмұны бойынша талаптар, оның ішінде ЖТСМ шегі болуын түсін­діреді. Төлем тәсілі мен төлем кестесін ұсынуға және төлем қабілеті жоқ қарыз алушыларға не­сиенің жеке­леген түрлерін беруге тыйым салуы тиіс.

Ал несиеге қызмет көрсету про­цесінде қарыз беруші, мейлі ол банк болсын, мейлі шағын қар­жы­лық ұйым болсын, қарыз алу­шыға қарызды қайтарудың ке­ші­гіп жатқаны туралы ескертіп, қарыз­ды қайта құрылымдауға мүмкін­дік беруі тиіс. Ал сыйақыны капитал­дан­ды­руға, индексациялауға, қарыз алушы үшін тиімділігін қос­пағанда, несие шартының талаптарын біржақты өзгертуге тыйым салуы қажет. Несие алушы өз кезегінде несие беруші заң­ды тұлғаға сенім артып жүре бермей, өзінің құқының бұзылуына күдік туын­даса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласа алады.


Xaiima.JPG  Халима БҰҚАРҚЫЗЫ