Нұр-Сұлтан мен Астананың бір қала екенін білмеген алаяқ өзін-өзі ұстап берді
Нұр-Сұлтан мен Астананың бір қала екенін білмеген алаяқ өзін-өзі ұстап берді
138
оқылды

Әлеуметтік желіде елордалық әйелдің алаяқпен сөйлескен аудиожазбасы тарады. Елорда тұрғыны қаланың бұрынғы және қазіргі атауын шатыстырған азаматтың алаяқ екенін біліп қойған. 

Келіншек пен алаяқтың әңгімесі Instagram желісінде v_astane_official парақшасында пайда болды. Өзін Алматыдағы  банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқ әйелдің банк картасының мәліметтерін сұрап жатқанда қателік жіберген.
"Қазір жүйе сіздің мобильді қосымша арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан кіргеніңізді растады. Сіз жүйеге өзіңіз кіріп жатырсыз ба? Сіз тіркеу орны бойынша Астана қаласында емессіз бе?", - дейді ер адам.
Сол кезде әйел алаяққа Астана мен Нұр-Сұлтанның бір қала екенін түсіндіреді.

"Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма? Білмеппін", - дейді ол.

Артынша елордалық келіншек "банк қызметкерінен" аты-жөнін қайталауды сұрайды. Ал алаяқ телефонды тастай салады. Желі қолданушылары арам пиғылын жүзеге асыра алмаған алаяқтың Қазақстаннан хабарласпағанын, сондықтан елорданың атауы өзгергенін білмейтінін айтып жатыр.