Қызылордалық мұғалімдерге вакцина салынып жатыр
Қызылордалық мұғалімдерге вакцина салынып жатыр
133
оқылды
Бүгін өз еркімен өтініш білдірген қызылордалық ұстаздарға «Спутник V» вакцинасы егілді. Ереже бойынша алдымен әрқайсысының денсаулығы тексеріліп, кейін екпе салынған соң жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болды.
– Екпе алғаныма 15-20 минуттай болды. Ешқандай әсерін сезініп отырған жоқпын, кәдімгідей қалыпты жағдай. Бұдан қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Біздер білім ошағында жұмыс істейміз. Алдыңғы кезекте екпе салдырғанымыз дұрыс. Әрбір саналы азамат өзінің болашағы үшін, айналасындағылардың амандығы үшін вакцина алуы керек деп ойлаймын, – деді Ә.Мүслімов атындағы №101 мектеп-лицей директорының орынбасары Айжан Әлімова.
Айта кету керек,  «Covid-19» инфекциясына  қарсы егу жұмыстары Қызылордада 1 ақпанда басталған болатын. 1-17 ақпан аралығында 939 медицина қызметкері, 61 ерікті  тұрғын екпемен қамтылған.
–   22 ақпан күні вакцинаның тағы 1000 дозасы келді. Бұл екпелер алғашқы салдырған адамдарға денсаулық жағдайларына шағымдарының болмауына байланыс­ты  екінші компонент ретінде егілуде. Қызылорда қаласы бойынша вакцинаның екінші компонентін 22 ақпан мен 2 наурыз аралығында барлығы 555 адам салдырды. Вакцина тасымалдаған кезде арнайы ұстанымдарды қажет етеді. Сол мақсатта вакцинация жұмыстары І кезеңде қаладағы №1, 3, 6 емханаларында жүргізілді. ІІ кезеңнен бастап аудандарда да қолға алынбақ. Ол үшін екпе  халық санына байланысты бүгін-ертең бөлініп, жеткізілетін болады, – деді Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.
Егу науқанын сапалы жүргізу мақсатында аудандағы медицина қызметкерлері дайындық курсынан өтіп, оқытылған. Вакцинациялау жұмыстарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде 14 егу кабинеті дайындалған. Осы апта басында Қызылордаға «Спутник V» ресейлік вакцинаның 6200 дозасы жеткізілді. Оның 3600 дозасы –  бірінші компонентті, 2600-і – екінші компонентті. Осы кезеңде вакцина алмаған медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге және жұқтыру қаупі жоғары жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынады.  

Н.ҚАЗБЕКОВ,

Қызылорда облысы