Жамбылдағы барыстар
Жамбылдағы барыстар
163
оқылды

Жамбыл облысында үш барыс фототұзақ объективіне түсіп қалды. Облысқа қарасты Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) 11 сурет жолдаған.

Барыстар Жамбыл облысында ал­ғаш рет видеоға 2019 жылдың со­ңында түсіп қалған еді. Содан бері жа­байы аңдар шамамен 20 рет фото­тұзақ объективінен көрінді. Маман­дардың айтуынша, жыртқыштың тауда жүруі ондағы экожүйенің жақсы екенін, азығының барын және Меркі орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі жүзеге асыратын экологиялық шаралардың тиімді екенін көрсетеді. Бұл жағдай Меркі ауданында ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру үшін негіз бола алады. «Ерекше қорғалатын аумақ құру – барыс пен Қызыл кітапқа енген жануарлардың басқа да түрін қор­ғауға көмектеседі. Сондай-ақ эко­туризмнің дамуына және жергілікті халық арасында жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді» деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақ­стандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш. Барыс – әлемнің 12 елінде мекендейтін сирек кездесетін және аз зерттелген мысықтұқымдас жануардың бірі. Мамандардың есебі бойынша, Қазақстанда 130-дан 150-ге дейін барыс бар. Олар азаюына және жойылу қаупіне байланысты Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

А.ЕРСҰЛТАН